Құрылыста қарқын бар

Бек Темір Бек Темір
2768

Павлодар облысы ауыл шаруашылығы мен ауыр өнеркәсіп саласында республика бойынша көштің алдыңғы легінде болса, жеңіл өнеркәсіпте "кенжелеп" келеді.

Құрылыста қарқын бар

Облыстық әкімдікте аймақтың экономикалық-әлеуметтік даму қорытындыларын пысықтаған аппараттық кеңес өтті. Басқармалардың басын қосқан келелі жиында белгілі болғандай, жыл басынан бері өнеркәсіптік өндіріс көлемі 431,1 млрд теңгені құраған. Мұның барлығы аймақтағы аяғына тұрған ауыр өнеркәсіп орындарын "сауықтырып", тығырықтан шыққандарын сара жолға салудың нәтижесінде мүмкін болып отыр. Павлодар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың сөзіне қарағанда, облыс экономикасының өсуіне ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласындағы жоғары көрсеткіштер оң ықпал етуде.

Құрылыс саласындағы жұмыстарды ақшаға шақсақ, жыл басынан бері атқарылған іс 12 млрд. теңгеден асып жығылады. Ал физикалық көлем индексі 1,7 есеге артқан. Бұған жергілікті құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындардың қажетті өніммен қамтамасыз етуі жағымды әсер етіп отыр. Себебі алыстан арбалап құрылыс материалдарын тасымалдағанша, жақыннан дорбалағанның пайдасы түгел. Басқарма басшысының баяндаған деректеріне сүйенетін болсақ, тұрғын үй құрылысы қарқыны бойынша өңір республикада үшінші орында. Барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен жалпы 28 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл былтырғы жыл көрсеткішінен 1,6 есеге көп. Яғни қоныстойын тойлағандардың саны артқан және жыл соңына дейін әлі талай жерлестер өз шаңырағында жамбастайтын болады. Облыстағы ауыл шаруашылығы саласының да аты бәйгеден бұрын келгендей. Жалпы ішкі өнімнің өсуімен қатар, мал басы да артқан. Барлық облыстар арасында Павлодардың қарасы алыстан көрінеді, үкілейтін үздіктер қатарында. Қазіргі күні аймақта тұқым себу науқаны басталып кетті, бақша дақылдарын егетін қожалықтардың алқаптарға шыққанына да біраз уақыт болды. Оның үстіне арзандатылған жанар-жағармай үлестіріліп, көпшілігі маусымдық шаруаға кірісіп те кетті.

Облыста Индустриаландыру картасы бойынша индустриалық-инновациялық даму және кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында көлемді 35 жоба жүзеге асырылуда. Оларға жұмсалған жалпы инвестиция көлемі 1,1 трлн. теңгені құрап отыр. Әр жылдарға белгіленген аталмыш жобалар жүзеге асырылған уақытта сегіз мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Мұның барлығы аймақтың ажарын ашады деген сенім зор.

Әттеген-айларды да айтпай кетуге болмайды. Барлық салада даму байқалса, жеңіл өнеркәсіп саласында кемшіліктер орын алған. Әсіресе, жасанды талшықтардан маталар

шығару, метал бұйымдарын жасау секілді салаларға қарқынды күшейту керек. Дегенмен, жауапты мамандар бұл салалар бойынша көрсеткіштерді көңілден шығатындай деңгейге жеткіземіз деп сендіруде. Тек семіз сөйлеп семіз шықса болғаны.

Бек Темір, Павлодар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу