Құс өсірушілер қағажу көргісі келмейді

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2818

Қазақстанның құс өсірушілері ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі басшылығына көңілдері толмайтынын айтты.

Құс өсірушілер қағажу көргісі келмейді

Қазақстанның құс өсірушілер одағы ауыл шаруашылығы министрлігінің қазіргі басшылық етуі қисынсыз екенін жеткізді. Одақ төрағасы Руслан Шәріповтың айтуынша, аграрлық мекеме сала өкілдерінің ұсынысына құлақ асуды қойған.

"Мынадай көрініс белең алды: бірлескен кездесулер барысында ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері құс өсірушілердің барлық ескертулерімен, ұсыныстарымен келісіп, оны ескереміз деп уәде етті, бірақ іс жүзінде барлық әрекет жабық түрде, өз білгенімен жасалады. Қорытынды: ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің көзқарасы ескерілмейді және оған қолдау көрсетілмейді", – деп мәлімдеді ол одақ мүшелерінің жылдық кездесуіндегі сөзінде.

Шенеуніктердің фермерлермен диалог орнатуға құлықсыз екенін дәлелдеу үшін Руслан Шәріпов біршама  мысал келтірді. Дәлірек айтсақ, субсидиялаудың жаңа ережелерін әзірлеуде құс өсірушілер бірсыпыра ұсыныс тапсырған.  Қаңтар айында ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановпен кездесу өткенін еске салды одақ басшысы.

"Аталған кездесуді ұйымдастыруды бір екі апта бойы сұрадық, хат жолдап, телефон шалдық, көмекшісі арқылы шықтық, тек осыдан соң ғана бізді естіп, кездесу белгіледі. Кездесу барысында көптеген ұсыныс келісілді, бірақ ереже шыққан соң біз ұсыныстарымыздың ескерілмегенін көрдік, яғни жұмыртқа ұнтағын өндіруге сатылған және тапсырылған жұмыртқаға субсидия беру енгізілмеді. Сондай-ақ біз асыл тұқымды балапанның етіне бөлінетін субсидияны 800 теңгеге дейін, ал жұмыртқаға бөлінетін субсидияны 600 теңгеге дейін арттыруды ұсындық, – деді ол.

Биылғы жылдың 8 наурызында күшіне енген инвестициялық субсидия беру қағидаларына да құс өсірушілердің ұсыныстары енбеген.

"СМР енгізілмеді, асыл тұқымды репродуктор тапшы, алайда республикада асыл тұқымды құрдың жоқ екенін барлығы да біледі, жұмыртқа шығаратын құс фабрикаларын кеңейту жөніндегі ұсыныс ескерілмеді. Бірақ құс фабрикалары үшін асыл тұқымды құс өсіру жөніндегі қағидаларға сұрыптау машинасы енгізілді. Егер олар инвестициялық қағидаларда енгізілмесе оны қалай аламыз?" – деді Руслан Шәріпов.

Құс шаруашылығы саласы үшін  жем-шөп қорын құру мәселесі де өз шешімін таппады. Бұл ұсыныс бірнеше рет айтылған болатын. Одақтың есептеуі бойынша қор құс фабрикаларының жарты жылдық қажеттілігі – 300 мың тоннаны құрау керек. Дәл қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында азық-түлік корпорациясының базасында жем зауыттарын толықтыру үшін 300 мың тонна арпа және астықтың резервтік қорын жаңарту үшін 250 мың тонна бидайдан тұратын  жем-шөп қорын құру қарастырылып отыр.

"Бірақ құс фабрикалары оны ала алмайды, өйткені құс фабрикалары құрама жем зауыттар және кооперативтер санатына кірмейді", – деді құс шаруашылығы одағының басшысы. 

Руслан Шәріпов сала өкілдері құс фабрикаларының құрамына кіретін құрама жем зауыттары  құрама жем құнын арзандатуға қатысты субсидиялау бағдарламасына қатысуды ұсынғанын  да тілге тиек етті.

"Салалық министрлікке мұңымызды жеткізе алар емеспіз. Бұған дейін болған министрге  бір қоңырау шалғаннан-ақ қабылдауға жазылып, өз ойымызды айта алдық. Бізге түсіністікпен қарап, пікірімізді тыңдайтын,  ӘКК басқарма мүшелерімен жиі кездесіп тұратынбыз. Министрліктің қазіргі басшыларына қол жетпейтін болды", – деп түйді ол өз сөзін.

Салада жүйелік мәселелер шешімін таппаған. Мысалы вакцинациялау мәселесі. Құс өсірушілердің аса қауіпті аурулар салаға зиянын тигізетінін айтады. Бүгінгі таңда  құс фабрикалары  вакцинация талаптарын мүлтіксіз орындап отыр.  Десек те  олар вакцинамен қамтылмаған, тіпті өнеркәсіптік жағдайда жұмыс істеп жатқан ірі шаруашылықтардың өзінде тегін диагностикалық зерттеу  жүргізілмейтін көрінеді.  Егер бұл ірі шаруашылықтарда жүргізілмейтін болса, онда ауыл шаруашылық кооперативтерінде мәселенің қалай шешілетінін одақтағылар түсіне алар емес.

"Тек соңғы екі айда  құс тұмауына қарсы вакцинациялаудың эпизоотикалық шаралары жоспарына енгізу және барлық ауру түрлері бойынша диагностика жүргізуге қатысты АШМ-ға 10 шақты хат жөнелтілгенімен оған жауап болған жоқ",  – деген Руслан Шәріпов құсты мемлекет есебінен толықтай вакцинациялау "Ветеринария туралы" заңда қарастырылғанын еске салып өтті.

Ішкі нарықты қорғау да маңызды мәселелердің бірі.  Құс өсірушілер сырттан  құс етін тасымалдаушылармен емес, тек адал бәсекелестермен ғана нарықты бөлісуге даяр екендігін жеткізді.  Олардың айтуынша,  жосықсыз бәсекелестермен қатар олар көп жағдайда еліміздің мемлекеттік мекемелері тарапынан жүргізілетін басы артық тексерулерден зардап шегетін көрінеді.

"Біз монополияға қарсы агенттіктің тексерісі бойынша мәселе көтердік. Олар  құс өнімдері бағасының күрт өсуіне байланысты өнім өндірушілерді ай сайын тексеріп тұратын болған. Әйтсе де  өнімнің бағасын асыра көтеретіндер делдалдар болып отыр.  Делдал тек тауарды сатумен айналысады, оның мойнында жеткізу мен сақтаудан басқа  ешқандай қосымша қаржылай шығын жоқ. Осыған байланысты  елімізде дефицит қалыптастыру мақсатында өніміміздің экспорттық жеткізілім көлемін арттыру жөнінде ұсынысты қарастыруды ұсынамыз. Тек сонда ғана  бәлкім тексеруші органдар құс шаруашылығының ізіне түсуді доғарар", – деп түйді сөзін Руслан Шәріпов.

Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу