banner

Құсмұрынның көмірі жатжұртты жылытпақшы

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2376

Тек №2 разрездің өзінен жыл сайын 7,7 млн тонна көмір өндіру жоспарланып отыр.

Құсмұрынның көмірі жатжұртты жылытпақшы

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Астанаға сапары барысында инвесторларға Әулиеата ауданындағы Құсмұрын қоңыр көмір кен орнының ("Қазкөмір" КӨК) №2 разрезін игеру жобасын таныстырды.

Аbctv.kz-ке мәлім болғандай, Құсмұрын қоңыр көмір кен орнының №2 разрезін 100 жыл пайдалану жоспарланған. Жобаның бірінші жылында 1350 мың текше м. тереңдікте аршу жұмыстары жүргізілетін болады.

Ал көмір өндіруді бастау разрездегі жұмыстың алтыншы жылына жоспарланған. Алтыншы жылы – 210 мың тонна, жетінші жылы – 1900 мың тонна, сегізінші жылы 5450 мың тонна көмір өндіру көзделген. Ал тоғызыншы жылы 7700 мың тонна жобалық қуатқа жету мақсаты қойылған. Разрезді игеру мерзімі 45 жылды құрайды, мерзімді одан әрі ұзартуға болады. Жобалық жұмыстар жүргізілетін аумақ (тау-кен телімі) – 30,8 км2. Болжалып отырған күл мөлшері – 18,2%. Тау-кен жұмыстарының тереңдігі – 500 м.

Жалпы көмір қоры 1 млрд 37 млн тоннаны құрайды. Талап етілетін инвестиция көлемі – 72 млн доллар (бір долларға 315 теңге  бағамы бойынша). Егер көмірді үлкен тереңдікте игеру кешені орнатылса 2180 млн доллар қосымша инвестиция қажет болады.

Келісімшарттың іске асырылу мерзіміндегі (45 жыл) таза табыс 1026,2 млн долларды құрайды. Тиімділіктің ішкі нормасы – 20%. Шығынның орнын өтеу (инвестицияны қайтару) мерзімі – 9 жыл.  Өңірдің әлеуметтік дамуына жыл сайын 50 мың доллар қаражат бөлінеді.

Кадрлар даярлауға жыл сайын шығын мөлшерінен 1% қаражат бөлінбек. ҒЗТКЖ-ға жыл сайын шығын мөлшерінен 0,1%-дан кем емес қаражат бөлу көзделген. Жоба аясында 500-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарда бар.

Өндірілген өнімнің 70%-ын Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан нарықтарына экспорттау жоспарланып отыр, ал қалған 30% ішкі нарыққа кетеді.

Жоба шеңберінде Құсмұрын қоңыр көмір кен орны №2 разрезінің қоңыр көмірін терең өңдеу негізінде синтетикалық отын мен электр қуатын (400 МВт) өндіретін кешен салу көзделген.

Технологиялық зерттеулер керн бойынша жүргізілді және көмірді газдандыру, байыту, жартылай кокстау, брикеттеу, тәжірибе үшін жандыру жұмыстары жүргізілді.

Көмірді газдандыру тәжірибесі газ генераторында 50,1-50,6 градус температурасында жүргізілді, газдандыру процесінде күйік, қож шыққан жоқ. Алынған газ сапасы, шайыр құрамы бойынша Құсмұрынның көмірі челябілік көмірге ұқсас.

Жобаны іске асыру үшін техника сатып алу талап етіледі. Жұмысты ұйымдастырудың кезеңдік технологиясы қолданылатын болады. Көлемі 6,2 біршөмішті экскаватормен 40 және 25 тонна жүк көтеретін көлікпен жеткізіледі. Ал аршу жұмыстарына көлемі 6,2 м3 шөміші бар кері күректі экскаваторды пайдалану жоспарлануда, өндірістік қуат артып, техника түрлері жаңартылса көлемі 12,5 текше м. шөміші бар экскаватор мен  90 тоннаға дейін жүк көтеретін көлікті пайдалану көзделген.

Кен орнының өзге разрездерінде де осыған ұқсас жұмыстар жүргізілмекші. Дәлірек айтсақ, шетел инвесторлары Құсмұрын қоңыр көмір кен орны №3 разрезінің жанынан қуаттылығы 1320 МВт ЖЭС салатын ойы барын мәлім еткен. Ол жерден жылына 7,5 млн тонна көмір өндірілуге тиіс, салынатын инвестиция көлемі шамамен 2,7 млрд долларды құрайды.

Айта кетсек, кен орнының №1 разрезінен жыл сайын 5 млн тонна көмір шығару жоспарланған болатын, бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі – 206 млрд тенге.

Еске сала кетсек, жалпы Қазақстанда 2017 жылы 100 млн тонна көмір өндіру жоспарланып отыр (2016 жылы өндірілген көмір – 98 млн тонна, оның 71,8 млн тоннасы ішкі нарыққа жекізілсе, 26,2 млн тоннасы экспортқа шығарылды).

Жанболат Мамышев, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу