Қымбат көлік орнына ұлттық компанияны сатып алыңыз

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
12994

Мемлекет өз дүние-мүлкін жаппай сатудан 7 миллиард доллар түсіруді жоспарлауда.  

Қымбат көлік орнына ұлттық компанияны сатып алыңыз

Қазақстанда тұтас өндіріс орындары, зауыт-фабрикалар, кәсіпорындар, тіпті ұлттық компаниялар мен коммуналдық қызметтер орташа есеппен 278 миллион теңгеге немесе 870 мың долларға сатылуда.

Бұл әрине, бағасы жоғары бір жеңіл көліктің құнына бара-бар. мәселен, 1001 ат күші бар, 16 цилиндр, 4 турбиналы "Bugatti Veyron 16.4 Grand Sport" "темір тұлпары" 2 миллион доллар тұрады. Одан арзандауына тоқталсақ, төбесі артқа серпіле ашылатын "Maybach Landaulet" 1,4 миллион долларға бағаланады.

Сарапшылар қазіргідей дағдарыс уақытында жаппай жекешелендіру өткізуге кеңес бермейтіні мәлім. Көрші Ресей де қанша санкциядан қысым көрсе де, осы себепті ірі мемактивтерді сатудан аяғын тартып отыр.

Бірақ жекешелендіруді өткізгенде Қазақстан басқа мақсат-міндетті көздеуде: дамыған елдерде мемлекет экономикаға көп араласпайды, барлығын бизнес өзі реттейді. Сәйкесінше, мемлекеттік мүліктің жалпы үлесі 15 пайыздан көп аса бермейді. Қазақстанда бұл көрсеткіш қазір әртүрлі эксперттік бағалаулар бойынша 40-50 пайыз аралығын қамтиды екен.  

Сонымен, мемлекет бүгін елімізде жеделдетілген түрде жүріп жатқан жекешелендірудің үшінші толқынының аралық қорытындысын шығарды.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, әзірге жалпы сомасы 63 миллиард теңгеге 226 мемлекеттік актив сатылыпты. 

Бас қаржыгер Бақыт Сұлтанов үкімет бекіткен жекешелендірудің кешенді жоспарының орындалу барысы туралы және оны тездету бойынша қабылданған шаралар мен алда тұрған міндеттер туралы айтып берді.

Оның мәліметінше, жақында аталған кешенді жоспар өзектендіріліп, түгендеу нәтижесі бойынша қайта толықтырылды. Сөйтіп, бүгінде жекенің қолына тапсыруға арналған мемлекеттік актив саны 879 нысанға дейін жеткізілді.

"Жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша 2016 жылдан бері 226 нысан сатылды. Сату бағасы 63 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 18 республикалық меншік нысаны 7 млрд теңгеге, коммуналдық меншіктегі 113 нысан 17 млрд теңгеге, квазимемлекеттік сектордың 95 нысаны 39 млрд теңгеге сатылды. Бұдан басқа 190 мемлекеттік нысан қазіргі кезде қайта құрылып, не таратылып жатыр. Осылайша, Жекешелендірудің кешенді жоспарының ағымдағы күнге орындалуы 47 пайызды құрайды", – дейді министр.

Түсіндіре кетсек, бизнес қызығушылық білдірмеген және үш аукцион бойында өтпеген нысандар не қайта құрылады, не жойылады.

Бақыт Сұлтанов мемлекет басшысының жекешелендіруді 2018 жылдың соңына дейін аяқтау жөніндегі тапсырмасын орындау үшін жергілікті атқарушы органдармен, ұлттық холдингтер және компаниялармен бірлескен жұмыс жүргізілгенін жеткізді.  

Оның қорытындысында қалған әр нысан бойынша жол карталары мен жаңа сату кестелері бекітілді. Сондай-ақ 131 нысан 2019-2020 жылдардағы сату кестесінен 2017-2018 жылдарға ауыстырылыпты.

Министр мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысандарына жүргізілген ревизия нәтижесі бойынша қосымша тағы 103 нысанды жекешелендіру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Нәтижесінде мемлекет 2017 жылы – 488 нысанды, ал 2018 жылы 101 нысанды сатуды жоспарлап отыр.

Сонымен бірге, тек "Самұрық-Қазынаның" 17 ірі компаниясы ғана "спецификалық ерекшілігіне байланысты" деген айқындауышпен 2019-2020 жылдарға қалдырылып отыр. Яғни, олардың барлығы биылғы саудадан алынып тасталған.

Бұл жалпы қорытынды. Соның ішінде дәл 2017 жылға жоспарланған нысандар қаншалықты өтімді болып отыр деген мәселеге келсек, биыл 156 нысан сауда-саттыққа шығарылып, оның 45-і сатылыпты. Сату бағасы 5,9 млрд теңгені құрады. 98 нысан қайта құру және таратылу сатысында тұр.

85 нысан бойынша бағалау жүргізілуде. Бұл нысандар жол карталарына сәйкес сауда-саттыққа ағымдағы жылдың шілде айының соңына дейін шығарылатын болады.

Сондай-ақ, жол карталарына сәйкес ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында 105 нысанге бағалау жүргізілетін болады, оның ішінде коммуналдық меншік бойынша – 65, республикалық меншік бойынша – 7, ұлттық холдингтер – 15, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар – 17.

Осылайша, 488 нысаннан ағымдағы жылдың қазан айына дейін 463 нысан немесе 95 проценті сауда-саттыққа шығарылатын болады.

Тағы бір назар аударарлық нәрсе, мемлекет әрқайсысының құны 5 миллиард теңгеден асатын ірі нысандар мен кәсіпорындарды жеке топқа бөліп алған болатын.

"Топ нысандары туралы айтатын болсақ, 2017 жылға 31 нысанды сату жоспарланды, оның ішінде холдингтердің 25 нысаны мен республикалық меншіктегі 6 нысан бар. Қазіргі уақытта олардың 3-еуі сатылып, 9 нысан сауда-саттыққа шығарылды. Сауда-саттыққа шығарылған нысандардің 5-еуі "Самұрық-Қазына" нысандары, ал 4-еуі "Бәйтерек" АҚ-ның еншілес компаниялары", – деді Бақыт Сұлтанов.

Республикалық меншіктегі 6 топ нысаны бойынша келесідей жұмыс жүргізіліп жатыр екен.

Біріншіден, 2 нысан – "Астана қонақ үйі" және "Ұлттық ғылыми медициналық орталығы" акционерлік қоғамдары бойынша – жекешелендіру түрі (екі кезеңдік рәсімдер жолымен өтетін конкурста сату) бойынша үкімет қаулылары қабылданып, қазіргі уақытта бағалауды жүргізу үшін тәуелсіз консультантты тарту жұмысы жүргізілуде;

Екіншіден, "Қазмедтех" акционерлік қоғамы бойынша – нысанды бағалау үшін тәуелсіз консультантты іріктеу жұмысы жүргізілуде.

Үшіншіден, тағы 2 нысан – "Астана халықаралық әуежайы" және "Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары" акционерлік қоғамдары бойынша қайта құру (қосылу, сегменттеу) туралы үкіметтің қаулысы қабылданып, қазіргі уақытта тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Төртіншіден, "Қазақавтожол" республикалық мемлекеттік кәсіпорыны бойынша қайта құру (сегменттеу) туралы ел үкіметінің қаулысы қабылданды.

Қаржы министрі алдағы жылдағы жоспарға да тоқталды.

2018 жылы бизнес қолына тапсыруға жоспарланған 101 нысандың ішінде 13 республикалық меншік нысаны (оның ішінде 8 топ нысаны), 42 коммуналдық меншік нысаны (оның ішінде 1 топ нысан), 38 ұлттық холдингтердің нысаны (оның ішінде 19 топ нысаны) және 8 әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың нысаны.

Ал, 2019-2020 жылдарға тек "Самұрық-Қазынаның" 17 ірі компаниясы (оның ішінде топтың 13 нысаны бар), оның ішінде топтың 8 нысанын IPO/SPO шеңберінде, қалдырылып отыр.

Осылайша, қабылданған шаралар жекешелендіру процесін тездетуге мүмкіндік берді және жекешелендірудің кешенді жоспарындағы нысандардың негізгі бөлігі (80 пайыздан көбі) ағымдағы жылы сатылатын болады.

"Барлық сатушылар алдына нақты міндеттер қойылды. Бұл міндеттер жекешелендіру нысандарының сату кестелерімен және жол карталарымен нақты анықталды. Жекешелендіру нысандары бойынша қолданыстағы бірыңғай ақпараттық деректер базасы мен онлайн режиміндегі мониторингтің электрондық жүйесі күн сайын жаңартылып, өзектендіріліп отырады. Бұл жекешелендіру процесінің әр кезеңінде тиісті бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді және жол карталарындағы іс-шаралардың орындалу мерзімдері ауытқыған жағдайда тиісті шаралар қабылданып отырады", – дейді Бақыт Сұлтанов.

Одан басқа, жекешелендіру процесіне қатысушылардың бастамасымен интерактивті режимде веб-порталда "Сату алдындағы дайындық" қосымша функционалы енгізілді.

Аталған функционал сату алдындағы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды көрсетеді және сатып алушыларға сауда-саттықтарға қатысуға алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді екен.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, мемлекет өз дүние-мүлкін жаппай сатудан 4-тен 7 миллиард долларға дейін табыс түсіруді жоспарлап отырған көрінеді. Әрине, бұл соманың ауылы әзірге алыс секілді. Өйткені қаржы министрі айтқан 63 миллиард теңге қазіргі айырбас бағамы бойынша небары 197 миллион долларды ғана құрайды. 

Министр Тимур Сүлейменов жаппай жекешелендіру аяқталған соң, мемлекеттің қолында қанша меншік қалатынын да айтып берді.

"Мемлекет басшысы өзінің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" жолдауында мемлекеттің ұлттық экономикаға қатысу үлесін ЭЫДҰ-ның көптеген елдерінің деңгейіне сәйкес келетін ІЖӨ-дегі 15%-ға дейін азайтуды тапсырды", – деді Тимур Сүлейменов.

Ол аталған көрсеткішке қол жеткізу Yellow Pages принциптерін сақтау, 2020 жылға дейін жекешелендірудің кешенді жоспарын жүзеге асыру, бұл ұстанымдарға сәйкес келмейтін компанияларды қайта құру және жою арқылы мүмкін болатындығын атап көрсетті.

"Қазіргі уақытта сатуға 589 ұйым қалды, оның ішінде 2017 жылы 488 ұйымды, ал 2018 жылы 101 ұйымды сату жоспарланған. Ірі компанияларды сату мәселесі мемлекеттік комиссияның отырыстарында тұрақты негізде қарастырылады. Бүгінде ТОП-68-ден 32 активті, оның ішінде республикалық меншіктегі 8 компания мен "Самұрық-Қазына" қорының 24 компаниясын, сондай-ақ осы қордың 140 активі мен оның бәсекелестік ортаға беруге жататын тобынан 168-ін сату әдісі бойынша шешім қабылданып отыр", – деді бас экономист.

Бір ғажабы, ұлттық экономика министрінің мәліметі қаржы министрінің мәліметінен өзгеше екен және ол айырмашылық миллиардтарды құрайды. Бұл ретте Тимур Сүлейменовтың командасы әлдеқайда кең уақыт кеңістігін қамтып отырғаны байқалады: оның келтірген ресми мәліметтері бойынша, "2014 жылғы маусымнан 2017 жылғы 23 маусымға дейін" жалпы сомасы 125,5 млрд теңгеге 451 мемлекеттік нысан сатылған. АҚШ-тың әлем таныған валютасына шақсақ, бұл 392 миллион долларға тең.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2018 жылы жекешелендірудің кешенді жоспары бойынша нысандарды сату аяқталатын болады, ал сату мәселесі тыңғылықты және егжей-тегжейлі дайындықты қажет ететін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының ірі 17 компаниясы 2019-2020 жылдарға жоспарланып отыр", – деді министр.

Ол мемлекеттік менщікті жекешелендіруден және ұлттық басқарушы холдингтерінің құрамына кіретін активтерді сатудан түсетін табыс 4-тен 7 миллиардқа дейінгі долларды құрайтынын атап өтті, "түсімдердің көлемі сауда нәтижелеріне байланысты болмақ".

"Инвесторлар негізінен "Самұрық-Қазына" қорының 47 ірі активіне қызығушылық танытып отыр, оның 7-еуі IPO/SPO арқылы сатылатын болады. Қордың ірі компанияларының IPO стратегиясы бойынша қабылданған шешімдеріне орай, тек IPO-дан түсетін түсімдерінің болжалды көлемі 3,5 млрд АҚШ долларынан 5,5 млрд АҚШ долларына дейінгі қаражатты құрауы мүмкін", – деді Тимур Сүлейменов.

Бүгінде мемлекеттік органдар мен холдингтердің басшыларына нысандарды сату кестесін сақтау және оларды белгіленген мерзімдерде өткізуді қамтамасыз ету жүктеліп отыр.

Бұдан өзге, мемлекет басшысының мемлекеттік меншікте қалатын нысандар тізімін дайындау туралы тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты барынша қысқа мерзімде аяқтау туралы міндет қойылыпты. Ұлттық экономика, қаржы және әділет министрліктері аталған тізімді бекіту мәселесін пысықтауға міндетелді.

Аталған тапсырмаларды орындалуын бақылауға ел басшылығы алдында премьердің бірінші орынбасары Асқар Мамин жеке басымен жауап береді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу