banner

Легионерлердің қарасы аз

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3483

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына канадалық легионерлерімізсіз дайындалып жатыр.

Легионерлердің қарасы аз Фото: hcbarys.kz

Қазақстан құрамасы биыл әлем чемпионатының 1-дивизионындағы "А" тобында бақ сынайды. Бұл топтағы бүкіләлемдік біріншілік 22-28 сәуір күндері Будапеште өтеді. Қарсыластары – Словения, Италия, Польша, Венгрия және Ұлыбритания хоккейшілері. Мақсат – қайтадан Жоғарғы дивизионға көтерілу.

Осыған орай, Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты дайындығын бастап, Астанада оқу-жаттығу жиынын жүргізе бастады. Ұлттық құраманың бас бапкері Ғалым Мәмбетәлиев кеңейтілген құрама сапына тек өз хоккейшілеріміз шақыртыпты. Қазақстан азаматығын алған легионерлеріміздің, яғни канадалық және америкалық хоккейшілеріміздің бірде-біреуі жоқ. Тек тамырында швед қаны соққан қақпашымыз Хенрик Карлссон ғана бар.

Кевин Даллмэн 1 сәуірге дейін жарақатын емдетеді екен. Содан кейін келуі әбден мүмкін. "Келемін" деп сөз беріп, кеткен көрінеді. Қалғандары жоқ. Найджел Доусты жаңа келісімшарты қанағаттандырмайтын көрінеді. Жалақысының өскенін қалайды, әрине. "Барыс" күрмеуі күрделі осы мәселені әлі шеше алмай отырғанға ұқсайды. Қосымша қаржы көзін іздестіріп жатқандары жақында мәлім болды. Мұзайдында да қара басын күйттеп кететін шабуылшы екенін біле тұра, одан айырылғылары келмейтіндей де.

Брэндон Боченски былтыр конькиін шегеге іліп, таяқшасын тастаған. Бір сөзбен айтқанда, хоккей ойнағанды қойды. Негізі, намысқой және өз ісіне адал жан еді. Кевин Даллмэн де адамгершілігі бар жігіт сияқты еді. Кім біледі, бәлкім сәуірде тәуір болып, келіп те қалар. Ал Дастин Бойд және Мартен Сен-Пьер секілді шабуылшыларымыз мүлде көрінбейді. Әрине, легионерлерді ойнату үшін... оларды ынталандыру керек. Ел намысын тегін қорғауға дайын өз ұлдарымыздай бола қоймайды.

Сонымен, дәл қазір Сарыарқа төсінде әлем чемпионатына дайындалып жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының кеңейтілген құрамында мына хоккейшілер жүр: 

қақпашылар – Хенрик Карлссон, Сергей Кудрявцев, Дмитрий Мальгин, Демид Еремеев;

қорғаушылар – Мадияр Ибрайбеков, Самат Данияр, Роман Савченко, Максим Семёнов, Артемий Лакиза, Леонид Метальников, Александр Липин, Егор Шалапов, Кирилл Полохов, Валерий Орехов;

шабуылшылар – Талғат Жайлауов, Әлихан Әсетов, Нұрсұлтан Белгібаев, Евгений Рымарев, Роман Старченко, Никита Михайлис, Дмитрий Гренц, Антон Сагадеев, Артем Лихотников, Иван Кучин, Ярослав Евдокимов, Владимир Маркелов, Дмитрий Гурков, Егор Петухов, Аркадий Шестаков, Александр Шин.

Сәл кейінірек бұларға Антон Казанцев, Иван Степаненко және Павел Акользин қосылады екен. Олар қазір ел чемпионатының плей-офф сатысында өнер көрсетіп жүр.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу