Мәжілістің өзін-өзі таратуынан Қашағанға дейін

1860

2016 жыл несімен есте қалды.

Мәжілістің өзін-өзі таратуынан Қашағанға дейін

2016 жыл мәжіліс депутаттарының президент Нұрсұлтан Назарбаевқа палатаны тарату туралы ұсынысынан басталды. Сөзге тиек етсек, бесінші шақырылымының уәкілеттілігі 2016 жылдың күзінде аяқталуы тиіс еді. Мәжілісті мерзімінен бұрын тарату және жаңадан сайлау өткізу туралы бастаманы парламенттің барлық үш фракциясы – "Нұр Отан", "Ақ жол" және Қазақстан коммунистік халық партиясының (ҚКХП) өкілдері ұсынды. 20 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаев бұйрық шығарып, мәжілістің бесінші шақырылымын таратты. Партия тізімі бойынша сайланатын мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 20 наурызға белгіленді. Қазақстан халық ассамблеясы сайлайтын мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылдың 21 наурызына белгіленді. Сайлауалды науқанға "Нұр Отан" партиясы, "Ақ жол" демократиялық партиясы, ҚКХП, Жалпұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП), "Ауыл" халықтық демократиялық патриоттық партиясы және "Бірлік" партиясы қатысты. Нәтижесінде "Нұр Отан" партиясы мәжілістен 84 орын алды, "Ақжол" және ҚКХП 7 орыннан алды. 21 наурызда өткен Қазақстан халқы ассамблеясының кезектен тыс 23 сессиясында 9 депутат сайланды.

Бюджет түзетілді

2 наурызда елбасы 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер енгізуге қатысты құжатқа қол қойды. Дәлірек айтсақ, 2016 жылға арналған республикалық бюджет 24,8 %-ға – 902,7 млрд теңгеге ұлғайды. Бюджеттің кірісі 8%-ға – 3 трлн 365,3 млрд теңгеге қысқартылды. Шығын 7,8 %-ға – 8 трлн 2666,8 млрд теңгеге өсті. Одан бөлек, Қазақстанның 2016-2020 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму болжамының нақтылануына байланысты 2016 жылға арналған ұлттық қордан түсетін кепілдендірілген трансферттің көлемі 2,88 трлн теңге деп нақтыланды. Сондай-ақ үкімет АҚШ долларының 300-ден 360 теңгеге дейін өзгеруін, әлемдік тауар нарығындағы қазіргі жағдайды ескеріп, 2016 жылдың макроэкономикалық көрсеткішін түзетті. Осы жайларды ескеріп, үкімет 2016 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 0,5 %-ға өседі деп болжады. 2016 жылы мұнай өндірісі 74 млн тоннаға жетеді деп жоспарланған болатын (бұл нақтыланған көрсеткіштен 3 млн тоннаға немесе 3,9 %-ға төмен). Ұлттық банктің болжамы бойынша 2016 жылы инфляция 6-8% болады, бұл осыдан бұрын бекітілген шекке сәйкес келеді.

Жер мәселесі

2015 жылдың соңында елімізде жер кодексіне түзету енгізілді, оған сәйкес ауыл шаруашылығына арналған жерді жеке меншікке сату көзделді, алайда шетел азаматтары мен оралмандарға жер тек 25 жылға жалға берілмек еді. Алайда бұл ақпарат қарапайым халыққа заңнама бойынша түсіндіру жұмыстары басталмас бұрын жетті. 30 наурызда ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев брифингте сөйлеген сөзінде 1 шілдеден бастап 1,7 млн га ауыл шаруашылығының жері аукцион арқылы сауда-саттыққа шығарылатынын мәлімдеді. Сол уақытта сауда-саттыққа 645,4 мың га (1271 учаске) жер дайындалып, 454 жер пайдаланушы (108,2 мың га) жалға алынған жерді жеке меншікке алуға өтінім берген болатын. Алайда сәуір айында еліміздің түрлі қаласында халықтың наразылық митингілері өтті, мұнда азаматтық белсенділер қазақ жерін жекеменшікке сатуға қарсылығын білдірді. Нәтижесінде 5 мамырда елбасы Жер кодексінің халық наразылығын тудырған нормаларына мораторий жариялады. "Бүгін мен халықтың наразылығын тудырған өткен жылы қабылданған бірқатар заңнамалық нормаларға мораторий жариялау туралы шешім қабылдадым", – деді Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен отырыста.

Осы кезде ол кодекске түзетулерді енгізуге мораторий келесі жылға дейін қойылғанын атап өтті және бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, парламент келіскен және халыққа түсіндірілгеннен кейін алып тасталуы мүмкін екенін айтты. Президенттің ойынша үкімет халыққа ешқандай жер сатылмайтынын түсіндіруі керек еді. "Біз халыққа осы шындықты жеткізе алмадық. Егер біздің халық, қазақ елінің азаматтары, қабылданған шешімді жақтырмаса, демек бұл дұрыс емес. Біз барлығын халық үшін жасаймыз ғой. Қоғамда бұл мәселе бойынша бірқатар заңнамалық нормаларға қатысты күдік пайда болды", – дейді ол. Нәтижесінде бұл нормаларды халыққа жеткізе алмаған ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев пен ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков қызметтен кетті. Олардың орнына Қуандық Бишімбаев бен Асқар Мырзахметов тағайындалды.

Халық ішінде шиеленіскен жағдайды шешіп, диалог орнату үшін мамырда жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды, ол түрлі облыста отырыс өткізді. Комиссияны премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастады. Комиссия құрамына 75 адам кірді, олар парламент депутаттары, үкімет мүшелері, саяси партия, агробизнес өкілдері, ғалымдар мен азаматтық қоғам белсенділері. Тізімде "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, Әділет министрінің орынбасары Зауреш Баймолдина, бас прокурордың орынбасары Андрей Кравченко, коммунистік халық партиясының орталық комитетінің хатшысы Владислав Косарев, саясаттанушы Айдос Сарым, жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Жармахан Тұяқбай және өзгелері болды. Нәтижесінде 21 желтоқсанда елбасымыз мораторийді 2021 жылға дейін ұзарту туралы заңнама түзетулеріне қол қойды.

Ланкестік актілер

Жазды алаңсыз өткізу мүмкін болмады – 5 маусымда діни радикалдардың тобы Ақтөбедегі екі қару-жарақ дүкеніне және әскери бөлімге шабуыл жасады. Қарулы шабуыл нәтижесінде үш әскери қызметкер мен бес азамат қаза тапты. Қылмыскерлер 23 қаруды қолды етті. 12 маусымда аяқталған ланкестікке қарсы операция барысында 18 қылмыскердің көзі жойылып, 12-сі ұсталды. Лаңкестік актіден кейін Қазақстанда бірден террористік қауіптің "сары" деңгейі жарияланды, бұл деңгей әлі күнге дейін сақталып тұр. Келесі күні, 6 маусымда ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Руслан Қарасаев белгілі кәсіпкер, "Шымкентсыра" ЖШС-нің директоры Тоқтар Төлешов мемлекетте төңкеріс әзірлегенін мәлімдеді. "Бұған дейін Тоқтар Төлешов мырза дайындық жұмыстарын жүргізді, ал өткен жылдан бастап билікті иемдену мақсатында нақты қадам жасай бастағаны туралы толық ақпарат бар... Оның жоспары бойынша елімізде наразылық науқандары мен халықтың жаппай бассыздығын ұйымдастыру арқылы "баламалы үкімет" құрып, қазіргі биліктің құрылымын өзгертуді жоспарлады", – дейді Руслан Қарасаев.

7 маусымда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің мүлкін тәркілеп, мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық ұйымдардарда өмір бойы басшылық қызметін иемдену құқынан айырып, 14 жылға бас бостандығынан айырды. Сот Талғат Ермегияевтан ұлттық компанияның есебіне 5,9 млрд теңге, мемлекет кірісіне 177,1 млн теңге өндіріп алуды қаулы етті. Жалпы осы іс бойынша 23 адам жауапкершілікке тартылды, ұрланған қаражаттың жалпы сомасы 10 млрд 200 млн теңге. Талғат Ермегияев 2015 жылдың 12 маусымында тұтқындалған болатын.

Алматылық мерген

Еліміз Ақтөбедегі ланкестік әрекеттен есін жия алмай жатып жаңа террористік актімен бетпе-бет келді. 18 шілдеде Алматы қаласында лаңкес жалғыз өзі Алматы АІІБ бөлімшесіне, содан соң ҰҚК департаментінің ғимаратына шабуыл жасайды. Бір күннен кейін ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қауіпсіздік кеңесінің отырысында оқиға хронологиясына тоқталып кетті – қарулы шабуылға дейін бір күн бұрын 26 жастағы Қызылорда облысының тумасы Руслан Күлікбаев Өзбекстан азаматын өлтірген. Келесі күні таңертең "Алматылық мерген" атанған қылмыскер Алматы АІІБ ғимаратына таяған. Кезекші одан құжаттарын талап еткенде, ол тапаншасын алып шығып, екі оқ атып, кезекшіні жаралаған, полицейдің қаруын иемденіп, кезекшілік бөлім мен АІІБ ауласында тұрған адамдар жаққа оқ жаудырады. Төрт полицей жараланады, ІІМ зейнеткер алған жарақатынан көз жұмады. Осыдан соң қылмыскер далаға жүгіріп шығып, автокөлік тоқтатып, жүргізушіні Байзақов көшесіне дейін жеткізуге мәжбүрлейді. Жолда Руслан Күлікбаев шақыруға келе жатқан патруль қызметкеріне тағы бірнеше оқ атады. Ұлттық қауіпсіздік ғимаратына келген соң тағы бір автокөлікке оқ атады, екі қызметкерді жаралайды. Осыны пайдаланып, оның жүргізушісі бас сауғалап қашады.

Осыдан соң қылмыскер тағы бір автокөлікті тоқтатады, онда шекара қызметінің аға лейтенанты отырады. Онымен Абай көшесіне дейін жетіп, сәлден соң полиция қызметкерлерімен атысады: олардың біреуі жарақаттан көз жұмады, екіншісі қылмыскерді жаралап, қолына кісен салады. ҰҚК ұсталған қылмыскер бұдан бұрын колонияда мерзімін өтегенін және сол жерде салафиттермен байланысы болғанын хабарлады. Бұл ланкестік акті құрбандарының жалпы саны 10 адамға жетті – құқық қорғау органдарының сегіз қызметкері және екі бейбіт тұрғын.

Құжаттама: "Алматылық мерген" Руслан Күлікбаев бұрын қару пайдаланып, бірқатар ұрлық пен қарақшылық шабуылға қатысы болған: Алматы ІІД баспасөз қызметінің мәліметі бойынша 2010 жылдың шілде айында Руслан Күлікбаев Шымкентте алтын сататын базардың сатушысын үйіне дейін аңдып барып, үйдің кіреберісінде оны ұрып-соғып, 115 мың теңге ақша мен ұялы телефоны бар сөмкесін тартып алған. Руслан Күлікбаев ұсталып, сот оған үш жыл бас бостандығынан айыру үкімін шығарады. Кейін, 2012 жылы Қызылорда облысы қылмыстық полиция қызметкері Руслан Күлікбаевтан заңсыз сақталған оғы бар алтыатар тәркілейді. Осы қылмысы үшін сот Руслан Күлікбаевты 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру үкімін шығарады.

Премьерден қауіпсіздік органының қызметіне дейін

8 қыркүйекте бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімов ҰҚК төрағасы болып тағайындалады. Министрліктер кабинеті республика үкіметінің жаңа құрамы бекітілгенше өз қызметін атқаруға тапсырма берілді, Кәрім Мәсімовтің орнын оның бірінші орынбасары болған Бақытжан Сағынтаев басты. Жаңа премьер-министрдің орынбасарлары болып "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ бұрынғы басшысы Асқар Мамин (бірінші орынбасар), бұрынғы қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов болды. Вице-премьер — ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырахметов үкіметтегі өз орнында қалды. Сонымен қатар үкіметте кейбір құрылымдық қайта құрулар орын алды: мемлекеттік қызмет жөніндегі министрлік мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болып қайта құрылды, сондай-ақ дін және азаматтық қоғам істері жөніндегі министрлік құрылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікті Қайрат Қожамжаров басқарса, дін істері министрлігінің басында Нұрлан Ермекбаев болды. Қазақстанның жаңа әділет министрі қызметіне Марат Бекетаев тағайындалды. Қорғаныс министрлігін бұрын қорғаныс министрінің орынбасары және ҚР Қарулы күштері бас штабының басшысы болған Сәкен Жасұзақов басқарды. Үкіметтің жаңа құрамында мына министрлер өз орынын сақтап қалды: сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, білім және ғылым министрі Еран Сағадиев, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова, инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, сондай-ақ энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Қашағанның іске қосылуы

Қазан айының басында 2013 жылдың қыркүйегінде теңіз бен құрлықты жалғастырып отырған құбырға газдың жайылуына байланысты тоқтатылған Қашаған кен орнында қайтадан мұнай өндірісі іске қосылғаны жарияланды. Қазан айының ортасында энергетика министрлігінің баспасөз қызметі Қашаған кен орнынан экспортқа шығарылатын мұнайдың бірінші партиясы Каспий құбыр желісінің консорциумына жеткенін хабарлады. Қазан айының соңында энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан биылғы жылдың қорытындысы бойынша Қашаған кен орнынан 500 мыңнан 1 млн тоннаға дейін мұнай алуға дәмелі екенін хабарлады. Энергетика министрлігінің болжамынша, 2017 жылы бұл кен орнынан өндірілетін мұнай 4 млн-нан 7 млн тоннаға жетуі мүмкін. Алайда қараша айында 2016 жылдың болжамы түзетілді: 19 қарашада Қашағанда өндірілген мұнай көлемі 450 мың тоннаға жеткен соң жыл соңына берілген болжам 1,1 млн тоннаға көбейтілді. Бұл кен орнының келесі жылға аналған болжамы да өзгерді: енді министрлік 2017 жылы Қашағанда өндірілетін мұнай көлемі 4 млн-нан 8 млн тоннаға дейін жететінін болжайды.

Құжаттама: Қашаған кен орнының жобасына Қазмұнайгаз, Eni, ExxonMobil, Royal Dutch Shell, Total, Inpex және CNPC қатысады. Кен орнының геологиялық қоры 4,8 млрд тонна мұнай деп бағаланып отыр, жалпы мұнай қоры 38 млрд баррельді құрап отыр. Қашағаннан мұнай өндіру газ жайылуына байланысты екі аптадан соң 2013 жылдың қыркүйегінде тоқтатылған болатын. Қайта жөндеуден кейін 2013 жылдың қазанында газдың басқа жерден таралғаны анықталды. Себебі құбыр желісі көп жерінен жарылды. 2014 жылдың сәуір айында кен орнындағы газ құбыры мен мұнай құбырын толығымен ауыстыру қажеттілігі расталды, оның жалпы ұзындығы шамамен 200 км.

Дәйексөз: "Бүгін мен қазақ елінің азаматтарын және біздің инвесторларды дәуірдің тағы бір ірі жобасы – Қашаған мұнай және газ кен орнының іске қосылуымен құттықтағым келеді. Бұл жалпы әлемдік экономика саласындағы соңғы жылдағы ең басты оқиға болып отыр. Бұл – тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен орайлас келген жаңа жеңіс", – дейді президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Алматылық мергенге шығарылған үкім

Қарашаның басында Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 10 адамды, оның ішінде құқық қорғау органдарының 8 қызметкерін өлтіргені және өзге қылмысы үшін Руслан Күлікбаевқа өлім жазасын тағайындауға үкім шығарды. Ол құқық қорғау органының 8 қызметкері мен 2 бейбіт тұрғынды өлтіргені үшін айыпталды. Одан бөлек айыпталушы заңсыз қару алғаны, сақтағаны, оқ-дәрі, жарылғыш заттар әзірлегені, заңсыз автокөлік иеленгені үшін айыпталды. Сондай-ақ сот Руслан Күлікбаевты қаза болғандардың туған-туысына миллиондаған сома төлеуге міндеттеді. Онымен бірге сотталушылардың орнында оқ ататын қаруды заңсыз ұстаған, сақтаған және Күлікбаевпен бірге қарақшылық шабуыл жасады деп айыпталған тағы 5 адам отырды. Алайда олардың полиция қызметкерлеріне шабуыл жасауға қатысы болмады. Сот оларға 3 жылдан 10,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сотта Күлікбаев өз жазасын мойнына алды, алайда жасаған ісіне өкінбейтінін мәлімдеді. Еске сала кетейік, 2003 жылы елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Жарлық өлім жазасына кесілген барлық үкімнің орындалуын тоқтатты, алайда бұл сотқа осындай үкім шығаруға тыйым салмайды. Оған балама ретінде 2004 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылып жүрді, егер мораторий тоқтатылатын болса, ол тоқтатылғаннан кейін бір жыл өткен соң ғана өлім жазасы орыдалады. Бүгінгі күні Руслан Күлікбаев мораторий енгізілгеннен кейін өлім жазасына кесілген жалғыз қылмыскер, 2006 жылы белгілі оппозиция саясаткері Алтынбек Сарсенбаевты, оның жүргізушісі мен қорғаушысын өлтірген Рустам Ибрагимов өлім жазасына кесілген болатын. Алайда кейінірек ол өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына алмастырылды.

"Сыра патшасының" автокөліктері мен түйелерін тәркілеу

"Сыра патшасының" – Шымкент сыра зауытының иесі Тоқтар Төлешовтің ісіне қатысты сот үкімі де қараша айында жарияланды. Ол Қазақстанда мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенгені үшін айыпталды. Тоқтар Төлешовтің заңсыз жолмен алған мүлкі тәркіленіп, қатаң тәртіптегі колонияда 21 жыл бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Одан бөлек Тоқтар Төлешов өмір бойы коммерциялық және қоғамдық ұйымдарда басшылық қызметін иемдену құқығынан айрылды. Іс материалдарында мемлекеттік құпияға жататын мәліметтердің болуына байланысты іс жабық тәртіпте қарастырылды. Сондай-ақ сот Төлешовтен полковник әскери атағын алуға қаулы шығарды, сондай-ақ елбасыға Төлешовтен "Құрмет" мемлекеттік орденін алу ұсынысын енгізді. Сотталушылар орнында бизнесменнен басқа 24 адам болды. Оның ішінде – кәсіпкердің ұлы Төлеген Төлешов, Қазақстан бас прокурорының бұрынғы бірінші орынбасары, Конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Ілияс Бақтыбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД бұрынғы бастығы Хибратулла Досқалиев, полиция полковнигі Сәкен Атбеков және полковник Бекзат Жумин. Тоқтар Төлешов бірнеше қылмыс жасады деп айыпталды, оның ішінде: адам ұрлау, өлтіру, заңсыз бостандығынан айыру, билікті иемдену үшін халық арасында насихат жұмыстарын жүргізу, экстремистік топқа басшылық ету немесе оның жұмысына қатысу ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оны басқару. Одан бөлек Тоқтар Төлешов есірткі ісімен айналысқаны үшін айыпталды. Алты бизнесменге Қылмыстық кодекстің 16-бабы бойынша айып тағылды. Кәсіпкерден 1 түйе, 2 ұрғашы түйе, 30 бас жылқы, 11 асыл тұқымды жылқы тәркіленді. Сондай-ақ бірнеше жер телімі мен бір автокөлік паркі – Mitsubishi, Toyota Land Cruiser, Bentley, Chevrolet, BMW, Mercedes, Porsche Cayenne, Toyota Camry, Volkswagen Passat, Infiniti, Rolls-Royce және Lexus тәркіленді. Сот Төлешовтің төрт әйелінің шотындағы ақшаны мемлекет кірісіне өндіріп алды. 180-нен астам алтын бұйымы мемлекет есебіне қайтарылды. Сондай-ақ Шымкенттегі 10 жеке үйі мен екі тұрғын үйі тәркіленеді.

Үш жылдық әлеуметтік бюджет

Осы жылдың қараша айында парламент 2017-2019 жылдарға арналған үш жылдық мемлекеттік бюджет жобасын қабылдады. Шығынның жалпы көлемінде ең көп үлес әлеуметтік салаға берілді – 2017 жылы 41,7%-дан 2019 жылы 49%-ға дейін. Ақшалай есептегенде әлеуметтік салаға 11 трлн 667 млрд теңге бөлінді. Жоспарланған мерзімде әлеуметтік қамсыздандру мен азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге 7,2 трлн теңге бөлу ұсынылады, оның ішінде 2017 жылы – 2 трлн теңге. Айта кету керек, бұл бюджет бекітілгеннен кейін-ақ, желтоқсанда елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зейнетақы мен баланың тууына байланысты төленетін жәрдемақы мөлшерін 20 % көбейту туралы үкіметке тапсырма берді.

2017-2019 жылдары білім саласын қаржыландыру 972 млрд теңгеге жетеді, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 3,1 трлн теңге көзделген.

2017 жылы ЖІӨ 1,9%-ға жетеді деп болжанып отыр, ал 2018 жылы 2,1%, 2019 жылы 2,7%, 2020 жылы 2,9% және 2021 жылы 3,1% деңгейінде болады. Болжам бойынша номиналды ЖІӨ 2017 жылы 48,4 трлн теңгеден 2021 жылы 63,6 тлрн теңгеге дейін өседі. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 2017 жылы 7,5 мың доллардан 2021 жылы 10 мың долларға жетеді деп болжанды. Жылдық инфляция деңгейі 2017 жылы 6-8% шегінде болса, кейін 2021 жылға қарай 3-4%-ға төмендейді. Республикалық бюджет кірісі 2017 жылы 4,3 трлн теңге болса, 2018 жылы – 4,5 трлн теңге, 2019 жылы 4,8 трлн теңгеге жетеді деп болжанды. 2017 жылғы республикалық бюджеттің кірісіндегі негізгі үлесті салық түсімдері алады (97,3%). Республикалық бюджеттің шығыны 2017 жылы 8,5 трлн теңге болса, 2018 жылы – 8,3 трлн және 2019 жылы 8,7 трлн теңге болмақ.

CEFC KMGI-ға кіреді

Желтоқсан айының ортасында "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Румыниядағы еншілес KMG International (бұрынғы Rompetrol) компаниясы акциясының 51% China Energy Company Limited (CEFC) компаниясына сату туралы мәміле жасасқанын хабарлады. Бұл мәміле – 2016 жылы Қазақстанда мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасы аясында жасалған ең ірі жоба болды. 15 желтоқсанда Бухарест қаласында ҚМГ бен CEFC KMGI жанынан бірлескен кәсіпорын ашу жөніндегі ниетін растайтын бірқатар келісімге қол қойды. Шарт бойынша "ҚазМұнайГаз" 51 пайыз акциясына сатқаны үшін 680 млн доллар қаражат алады. Одан бөлек қытай акционері KMGI-ды Еуропа мен Жібек жолы елдерінде дамыту үшін 3 млрд доллар инвестиция салады. Акцияның 49% Қазақстан компаниясының иелігінде қалады. Бұл отандық компанияға румын активін басқаруға және қытай серіктесімен бірге шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мәміле ҚМГ алдына қойған негізгі мақсаттарға сәйкес келеді – бұл KMGI жұмысының операциялық және қаржылық көрсеткіштерін жақсарту және Қытай энергетикалық компаниясының инвестициясы есебінен компанияны одан әрі еуропа нарығында кеңейту.

"KMG International" жаңа акционермен бірлесіп кең ауқымды жобаларды іске асыруды көздеп отыр, акционерлер Petromidia мұнай өндіру зауытының қуатын жылына 10 млн тоннаға дейін жеткізуге ниетті, сондай-ақ жаңадан 200 жанар-жағармай бекетін салмақ.

Қазақстан компаниясының стратегиясы қытай инвесторларының Еуропадағы энергетикалық нарықтағы орнын кеңейту жоспарларына толық сәйкес келеді. Мәміле Румынияның уәкілетті органдары мен Еурокомиссияның тарапынан қолдау алған соң 2017 жылы толық жабылады деген болжам бар.

Индустрияландыру күніне орай жалпыұлттық телекөпір

6 желтоқсанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық телекөпір аясында 20-дан астам жаңа өндірістік кәсіпорынға жұмысын бастауға старт берді, әр кәсіпорынның жұмысы туралы білетінін көрсетті: "Баян сұлу" фабрикасында жасалатын вафлидің дәмін бағалады, Ақмола облысында іске қосылған глифосфатты калий тұзы мен глифосфат құрамды гербицид кәсіпорнын ауылда көптен күткен іс деп атады. Президенттің ерекше ықыласына "Қазлегпром-Алматы" ЖШС бөленді.

Италия технологиясымен жұмыс істейтін аяқ киім өндірісіне бастау берерде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі күні толық отандық киім киетінін атап өтті. 23 жобаға бастау салғаннан соң президент республиканың қайта өңдеу өнеркәсібі экономиканың көш басында тұрғанын және тікелей шетел инвесторларын көптеп тартқанын айтты. Осы кезде елбасы сауда және инвестиция тарту мемлекеттік органдарын бір министрлікке – сыртқы істер министрлігіне біріктіру туралы ұсыныс айтты.

Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев қазақстан азаматтарын Қостанайда жұмысы өрге басып келе жатқан отандық өндірістің электромобильдеріне отырғызу ниетін білдірді. Индустрияландыру күнінде іске қосылған барлық кәсіпорындар мен компанияларға алғысын білдіріп, президент бұл тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойындағы ең қымбат сый екенін жасырмады.

Соңғы қайта құру мен тергеу

30 желтоқсанда мемлекет басшысы сыртқы істер министрлігінің басшыларымен өткізілген кездесу барысында бұрынғы сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі етіп тағайындалғанын айтты деп хабарлайды Қазақстан президентінің баспасөз қызметі.

Қазақстанның сыртқы істер министрі болып БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі лауазымынан босатылған Қайрат Әбдірахман тағайындалды. Одан бөлек осы кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың қызметтен кетуіне қатысты сөз сөйледі. Оның айтуынша, 28 желтоқсанда лауазымынан босатылған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. "Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев "Бәйтерек" холдингіндегі жұмысы бойынша сұрақ туындауына байланысты лауазымынан босатылды. Қазіргі уақытта оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің жаңа басшысы болып Тимур Сүлейменов тағайындалды. Ол өзіне қойылған міндеттерді жақсы орындай алады деген сенімдемін", – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жанболат Мамышев, Игорь Воротной

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу