Мерзімі кешіккен ипотекалық қарыздардың үлесі азайды

5228

Қазақстандағы проблемалық тұрғын үй қарызының көрсеткіші бір жылда 3,2%-ға қысқарды.  

Мерзімі кешіккен ипотекалық қарыздардың үлесі азайды

2017 жылы тұрғын үй қарызының нарығы 57,8%-ға өскен. Ол өсу қарқыны  бойынша көлемі 95%-ға толыққан несие карталары нарығынан кейін тұр. Бұл туралы abctv.kz-ке бірінші несие бюросының бизнесті дамыту жөніндегі директоры Әсем Нұрғалиева айтып берді.  

"2017 жылы ипотекалық несие сегменті өзінің өсуін жалғастырды. Қазақстандықтарға баспана алу үшін екінші деңгейлі банктердің берген қарызы  бір жылда  400 млрд теңге болған. 2016 жылмен салыстыратын болсақ, қарыз беру көлемі 150 млрд теңгеге артқан", – деп Әсем Нұрғалиева.

2018 жылы ипотекалық несие беру нарығы одан әрі өседі деген болжам бар  деп атап кетті ол. Бұған себеп болатын басты факторлар бұрынғыша мемлекеттің "Нұрлы жер" бағдараламасы арқылы тұрғын үй қарызын қолжетімді етуді күшейтуі болып қала бермек. Сарапшының айтуынша, жартылай жекеменшікке беруіне қарамастан, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ нарыққа өзінің септігін тигізетін болады.

Бірінші несие бюросының мәліметі бойынша, 2017 жылы Қазақстандағы ипотекалық несие қоржыны 1,3 трлн теңгеге,  ал 2016 жылғы көрсеткіш 1,2 трлн теңгеге тең болған.

"Нарық ипотекалық несиені белсенді беріп, оны дер кезінде жауып жатыр. Осының нәтижесінде ипотекалық несие қоржыны бір жылда аса өзгере қоймаған. Ипотека нарығындағы мерзімі кешіктірілген қарыздардың үлесі 19,4%-дан 16,2%-ға қысқарған", – деді БНБ-ның бизнесті дамыту жөніндегі директоры.

Проблемалық несиелердің жалпы  құрылымындағы ипотекалық қарыздың алар орны  24,8%. Мерзімі кешіктірілген несиелердің негізгі үлесі кепілсіз тұтынушы несиесіне тиесілі, олардың көлемі 49,7%. Ал кепіл қою арқылы алынған проблемалық тұтыну қарызының көлемі 18,3%, автонесие 6,2%.

Еске салар болсақ, 2017 жылы маусымда елімізде тұрғын үй қарызын "Нұрлы жер" бойынша субсидиялау бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында мемлекет баспанаға берілетін несиені субсидиялау тетігі арқылы арзандатады. Оның шарты бойынша тұтынушы үшін соңғы мөлшерлеме 10%-дан аспау керек.

Мұның алдында abctv.kz хабарлағандай, Қазақстандық ипотекалық компания 2017 жылы жеңілдетілген несие көлемін арттыру  мақсатында екінші деңгейлі банктердің несие қоржыны пулын сатып алуды қайта іске қосты. ЕДБ-ға салынған қаражатты ҚИК қазақстандық қор биржасынан алған. Желтоқсанда KASE-де 8,5 млрд теңгеге компанияның облигациялары сатып алынған.

Басты инвестор "Қазкоммерцбанк" АҚ болды, банк 4,35 млрд теңге салған. Сондай-ақ құнды қағаздарды "НОМАД LIFE", "Қазкоммерц-Life", "Азия Life" сақтандыру компаниялары және "Қазкоммерц Секьюритиз" инвестициялық компаниясы сатып алған. Қазақстандық ипотекалық компания қаржы алаңында бас-аяғы 30 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр.

"Алғашқы қаражатты Qazaq Вank, Tengri Вank, AsiaCredit Вank, "Экспресс Финанс" қаржы ұйымы алады деп жоспарлап отырмыз. Қазір олардың бізге сататын қоржындарын бағалап жатырмыз. Біздің талабымыз бойынша, егер тиісті қарыз болатын болса, онда олардан сатып аламыз. Қазіргі уақытта олар жеңілдетілген несие бағдарламасына қатыспайды, себебі оларда ұзақмерзімді қаражат жоқ. Біз олардың қоржынын сатып алғаннан кейін бұл банктерді "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша қаражат салуға бағыттаймыз", – деді abctv.kz-ке "Қазақстандық ипотекалық компания" АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Руслан Кәкім.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Қуатова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу