Министрлер биыл көп қызыққа қарық қылуға уәде етті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2945

Жоба көп. Алайда кез келген керемет жоба, керемет қаржымен жасанғанды жақсы көретінін ұмытпау керек.

Министрлер биыл көп қызыққа қарық қылуға уәде етті

Осы аптаның сейсенбісінде, 7 ақпан күні "үкімет үйіндегі" отырысқа жиылған министрлер кабинетінің мүшелері биылғы жарты жылда халықты қандай қызыққа қарық қылатындарын айтып, жарысты. Кейбірінің қызбалыққа түсіп кеткені сонша, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа оларды ортаға кері қайырып отыруға, қазіргі күйзеліс шақта қаржының қат екендігін еске салуына тура келді.

Сарапшылар Сағынтаев үкіметінің мүшелері осылайша, ел басшылығына "белсенді жұмысқа бейім тұратын жігерлі, әрі жаңа бастамалар мен жобаларды бір-бірлеп емес, тонналап ұсынатын жасампаз-креативті министр" ретінде көріну үшін жан сала бастағанын айтады. Мемлекет басшысы жариялаған конституциялық реформа нәтижесінде құзыр қоржыны мен өкілеттік өрісі кеңейетін болашақ үкіметтен де олардың әрқайсысы өз орнын алғысы келетіні жасырын емес.

"Қаржы керек. Бюджетті қайта қараймыз!"

Алдымен сөз алған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов үкіметтің 2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс жоспары әзірленгенін мәлімдеді. Оған әр министр жазғы демалысқа дейін қандай елеулі іс тындыратынын тізімдеп ұсыныпты. "Үкіметтік пулға" кіретін және ұзақ жылдан бері үкіметтің қызметін жариялап келе жатқан тісқаққан журналистер мен блогерлер бұрынғы үкіметтердің дәл осындай қысқамерзімді "қауырт құжат" даярлағанын естімегенін айтады.

"Қысқа жіп күрмеуге келмейді" дейді халық даналығы. "Шанс" берелік, бәлкім, министрлердің бірі жұлдыздай жарқ етіп, жарты жылда зор нәтижеге жетіп қалар. Уақыт та қазір қорғасын атомындай сығымдалып жатыр ғой.

Ал құжатта не бар екен?

Жартыжылдық жоспарға ұсыныс жинақтап, жобасын түзуге жауапты болған "мемлекеттің бас экономисі" Тимур Сүлейменовтің хабарлауынша, оған 9 маңызды бағыт (министрлік) бойынша 148-ден астам шара еніп отыр. Тақырып-тақырыпқа бөлсек, олар ЖІӨ-нің жоспарланған өсу қарқынына қол жеткізу, жеке секторды дамытуға қолайлы жағдай жасау, жеке инвестиция тарту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және халық кірісін арттыру, адам капиталының сапасын арттырудағы реформаларды нығайту және сол сияқты болып бөлінеді.

Керемет жоба әрине, керемет қаржымен жасанғанды жақсы көреді. Министрлердің жобалары да бюджеттен қосымша шығын шығаруды қажет етеді екен. Сондықтан ұлттық экономика министрі осы "жартыжыл жоспары" орындалуы үшін биыл ақпан айында-ақ 2017 жылдың республикалық бюджеті және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамы жедел қайта қаралатынын жариялады.

Тимур Сүлейменовтің командасы болса, осы жоспар аясында елімізде қымбатшылыққа жол бермеуге уәде етіп отыр: "Бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында біздің министрлік әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларына үнемі, үздіксіз баға мониторингін жүргізетін болды. Бұдан өзге, сауданың үстеме бағасының шекті тетіктерін енгіземіз. Бұл ретте әлеуметтік маңызға ие тауар сататын саудагер субъектінің сол тауарлар бағасына қосатын сауда сыйақысының мөлшерлемесін шектейтін заң жобасы әзірленеді", – дейді Тимур Сүлейменов.

Министрлік өңдеуші өнеркәсіпті тиімді дамыту мен қазақстандық өнім экспортын ілгерілету үшін институционалдық негіз құру мақсатында Қазақстанның ұлттық экспорттық стратегия тұжырымдамасын әзірлеуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ наурызда мемлекеттік органдардың барлық бақылау-қадағалау қызметін кең ауқымды тексеру жұмысын аяқтап, оны қысқарту мен тексеруші органдардың санын қысқарту жөнінде үкіметке ұсыныс енгізеді.

"Сонымен бірге ұлттық экономика министрлігі биыл наурызда "Бастау Бизнес" жобасы бойынша жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасынан болашақ кәсіпкерлерді тауып, оқыту бағдарламасын іске қоспақ. Бұл істің операторы – "Атамекен" палатасы болады", – дейді министр.

"Бастау Бизнес" жобасы бастапқыда, яғни биыл 15 мың жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтушыны қамтиды. Келесі жылы бұл сан екі есе арттырылып, 30 мыңға дейін жеткізілмек.

"Олар бизнес жүргізу негіздеріне үйретіледі. Оқыту аяқталғаннан кейін комиссия алдында өз бизнес-жоспарларын қорғап шығуы керек. Егер қорғаса, "Бастау Бизнесті" аяқтағаны туралы сертификат беріледі. Ал қорғай алмаса, "осында оқыған" деген қатысушы сертификатын ғана иеленеді. Бұл жайт олардың арасында жақсы бәсекелестік пен жарыспалылық ауанын туғызуға тиіс. Бизнесменге керегі де осы қасиет қой", – дейді Тимур Сүлейменов.

Бұл жерде өз бизнес-жоспарын қорғап шыққандардың жобаларына "Атамекен" КҰП тура бір жыл бойы консультациялық қолдау көрсетеді.

"Бастау Бизнестің" екі жылдан әрі қарай жалғасатын-жалғаспайтынын министр білмейді: "Осы екі жылда нәтиже шығарып алайық, одан арғысын уақыт көрсетер", – деп қысқа қайырды Тимур Сүлейменов журналистер сұрағына жауабында.

"Бейнекамераға іліккендер темір камераға түседі"

Үкімет отырысында бұйрыққа бейім зор даусымен жұртшылықты өзіне қаратқан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов егер әкімдер көп қаржы бөлсе, қалалардың көшелерін бейнекамераларға толтырып шығуға дайындығын білдірді. Бұл әлдекімнің көшедегі азаматтарды жасырын бақылауға құмарлығын білдірмесе керек. Әлемде "үнсіз куәгер" деп аталатын бейнекамера көптеген қылмыстың ашылуына жәрдемдеседі.

Мәселен жақында өз жұмысын қорытқан Алматы ІІД жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, еліміздегі осы жалғыз мегаполисімізде былтырғы жылы көшедегі камералардың көмегімен 34 мың 290 әкімшілік құқық бұзушылық және 32 мың 997 жол қозғалысы ережесін бұзушылық әшкереленген. Сондай-ақ 1 мың 357 қылмыс ашылған. Тиісінше, "бейнекамера" қырына алғандар "темір камерадан" бір-ақ шыққан. Бүгінде Алматыда 74 мың 490 бейнекамера жұмыс істеп тұр. Соның ішінде "Қауіпсіз аула" қағидаты аясында 7 мың аулада 68 мың камера орнатылған.

ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында елордада да көше мен аулалардағы бейнекамера саны арттырылып жатыр.

"Қоғамдық тәртіпті қорғау тиімділігін арттыру мақсатында әкімдіктермен бірлесіп, бейнебақылау жүйелерін кезең-кезеңмен арттыру шараларын қабылдаймыз. Бірінші кезекте, онымен базар, ойын-сауық, сауда орталығы және басқа да халық көп жиналатын орындар, қозғалысы қарқынды көшелер қамтылады", – дейді ІІМ басшысы.

Ол жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды фото және бейнежазбаға түсіру техникалық құралдарын да өңірлерде кезең-кезеңімен көбейту жоспарланғанын баяндады. Өткен жылы солардың көмегімен 900 мыңнан астам жол ережесін бұзу оқиғасы тіркеліпті.

Биыл ақпан айында жол полициясы қызметкерлері үшін бейнетіркеуіштер (видеорегистратор) сатып алынбақ. Сондай-ақ ауылдағы учаскелік инспекторларды арнайы дауыскүшейткіш құрылғылармен және жарықшашқыш дабылдармен жарақтандыру көзделіп отыр.

Биылғы жылдың басынан бері жол полицейлері жетпіс жылдай бой үйреткен "алатаяқтан" бас тартқаны мәлім. Бірақ артынша полицейлер тарапынан "сілтеген қолдарыңды көрмейміз деп жүргізушілер шағымданады" деген сөздер шыға бастады.

"Әрине, кешкі уақытта, не тұманды күндері полицейдің ербеңдеген қолына қатысты түсінбеушіліктер болды. Бірақ біздің ойымызша, бұл өтпелі кезеңнің көрінісі және ондайлар жаппай сипатта болып жатқан жоқ. Бұл қызметтің сыбайлас жемқорлық тамыр жайған салалардың бірі екенін ескерсек, кейбір қолы таза емес полицейлер мұны қандай да бір жүргізушіге тиісу үшін пайдалануы ықтимал: "Мен саған қолымды көтердім, сен тоқтамадың!" деп айып тағып, жүргізушіні параға иліктіруге тырысуы да ғажап емес. Бірақ ақыр соңында полицейлердің жаңа толқыны бұған да бой үйретеді. Халықаралық тәжірибеден біз танбауымыз керек!", – дейді атақты "ОСА" жобасының жетекшісі, автокөлік жүргізушілерінің құқығын қорғаушы Руслан Лазута.

Әйткенмен, жол сақшылары алатаяқты ауыстыратын нәрсені тапқанға ұқсайды: енді олардың қолдары сол таяққа ұқсайды.

"Жол-патрульдік полиция жұмысында жезлді пайдаланудан бас тартуымызға байланысты әкімдіктердің қолдауымен өңірлерде қызметкерлерді жарыққайтарғыш жеңдермен, ақ түсті "саусақты қолғаппен" және форманың басқа да қосымша элементтерімен жабдықтау көзделіп отыр", – дейді ішкі істер министрі.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те жартыжылдық жоспарға бірнеше жылға азық пен жүк болар ірі жобаларын қосқан екен. Білім министрі оқушылардың ата-аналарына арқа сүйейтінін білдірді. Оның айтуынша, оқушылар қаншама оқулық, кітап, дәптер және басқа керек-жарақты, ауыстырып киетін аяқ киімді, спорттық заттарын өздерімен тасып жүруге мәжбүр. Бұлардың барлығы дамыған елдердегідей мектептегі жеке шкафында қалуы керек. Сол себепті ведомство оқушыларды жеке жәшігімен қамтамасыз етуге кіріседі. Ең алдымен, бұл іс бастауыш сыныптан басталмақ.

"Бұл жоба көптеген проблеманы, мысалы иыққаптың ауырлығы мәселесін де шешеді. Дұрысы, әрбір оқушының төл шкафы болғаны жөн. Біз әкімдіктер қаржы бөлсе, барлық жерде кіші сыныптардан бастамақпыз", – дейді Ерлан Сағадиев.

Министрдің байламынша, екінші маңызды жайт – барлық мектепті ішетін таза сумен жабдықтау болмақ. Бұл үшін министрлік ауыл мектептерінде – диспенсер, ал қала мектептерінде фильтр мен шүмекті субұрқақ орнату ісін қолға алмақ. Рас, бұл жағдайда пайдасы шамалы болғандықтан, ауылдағы білім ордасына 19 литрлік бөтелкедегі суды жеткізуге қандай кәсіпкер құлшынатыны белгісіз.

Білім және ғылым министрі мектепте бірде пердеге, бірде бояуға деп, ал шынында, білім шенеунігіне сыйлыққа немесе қонақасына ата-аналардан заңсыз жиналатын алым-салық проблемасын да шешуге белсеніп отыр. "Білім беру ұйымындағы демеушілік қаржы саласында тәртіп орнату керек. Ненің демеушілік, ненің қанаушылық екенін нақты айқындауымыз қажет. Заңсыз алым жинауды жоямыз. Бұл үшін демеушілік қаржыны пайдаланудың нақты ережесін әзірлейміз!", – дейді Ерлан Кенжеғалиұлы. Бұл ретте әр мектепте қамқоршылық кеңес құрылып, осы қаражаттың мақсатты жеріне жұмсалуын қадағалайды. Ал мектеп директоры жергілікті жұртшылық пен ата-аналар алдында міндетті түрде есеп береді.

Білім министрлігі әрбір сыныпта Wi-Fi орнату жобасын да ұсынды. "Біз Қазақстанның барлық мектепбін ең қысқа уақытта құрылымдық кабельді жүйемен қамтамасыз ететін кең ауқымды жобаны бастауды жоспарлап отырмыз. Бірақ құрал-жабдықты жергілікті органдарға сатып алуға тура келеді. Ол аса қымбат тұрмайды", – дейді Ерлан Сағадиев.

Бірақ министрді премьер тежеді: "Ерлан Кенжеғалиұлы, сіз ішкі істер министрімен бірге әкімдерді қаржыландыру тапсырмаларының астында қалдырдыңыздар! Қаржыға қатыстыны мұқият пысықтаңыздар! Дәл осы жартыжылдықта барлық мектепті шкафпен, фильтрмен, субұрқақпен және басқаларымен қамтамасыз ету міндеті тұрған жоқ. Егер жаңа салынатын мектептерде қарастыру керек десе, жөні басқа. Онда құрылыс нормалары мен ережелеріне (СНиП) өзгеріс енгізіңіздер", – деп түйді Бақытжан Сағынтаев.

Айтқандай, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың да жобалары бюджеттен қаржы шығындауды қажет етеді екен. Мысалы ол биылғы күн мен түн теңелер тұста Қазақстанда жаңа телеарна ашылатынын жариялады.

"Наурыз мейрамы қарсаңында "Еларна" атты телеарнаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл дәл осындай аты болған, бірақ жабылып қалған ескі телеарнаны қайта тірілту емес. Жаңа арнаның форматы да өзгеше болады. Біз "Еларна" деген тілге жатық, жақсы брендті сақтап қалғымыз келді. Бұл арна Қазақстанда өндірілген, тек отандық көркем және деректі фильмдерді, сериалдарды көрсетеді", – деген министр қазір "Қазақфильммен" және өзгелермен 1940 жылдан бері Қазақстанда түсірілген киноклассиканы да осы арнада көрсету жөнінде келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты.

Тележурналист әріптестеріміз жұмыс табылып, бір қуанып қалатын болды. "Қадамдарыңызға нұр жаусын!" делік.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу