banner

Ниетіміз сүттен ақ, судан таза

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2937

Парламент депутаттары БЖЗҚ көпшілікке түсінікті талап белгілеуі тиіс екенін айтты.

Ниетіміз сүттен ақ, судан таза

"Ақ жол" фракциясының депутаттары үкіметке  бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысын ашық және қоғам алдында есеп беретін етіп жасауды ұсынды. Пленарлық отырыста "Ақ жол" фракциясының  атынан депутат Екатерина Никитинская премьер-министрге осындай сауал жолдады.  

Фракция депутаттарының пікірінше, БЖЗҚ-ның инвестициялық жұмысы үлкен күдік туғызады, ал "осыған дейінгі болған жұмыс нәтижесі активтердің дұрыс пайдаланбай жатқанын көрсетеді". Депутат БЖЗҚ-ның қаржылық есебінен мәлімет келтірді, онда 2015 жылдың басындағы қаржы министрі мен Алматы қаласы әкімдігінің шығарған мемлекеттік құнды қағаздар қоржыны 6,8% орташа мөлшерлемемен 1,9 трлн теңге болған.

2015 жылдың соңында мемлекеттік құнды қағаздар қоржыны 2,3 трлн теңгеге дейін өскен,  ал  орташа пайыздық мөлшерлеме 5,3%-ға дейін түскен. 2015 жылы БЖЗҚ қоржынындағы мемлекеттік компаниялар мен холдингтердің құнды қағаздары 201 млрд теңгеге артқан. Сондай-ақ мемлекеттік компаниялар мен холдингтердің құнды қағаздарының орташа мөлшерлемесі еш өзгермей, 2015 жылғы дағдарыста  мемлекеттік компаниялар зейнетақылық ақшаны жылдық 6,7%-бен алып отырған.

"БЖЗҚ сайтындағы зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі ақпарға жүгінсек, салымшылардың шотына үслестірілген зейнетақы аткивтерінің табысы 2015 жылы 15,65% болған. Алайда  зейнетақы ативтері қоржынындағы бірде-бір қаржылық құрал орташа сараланған 10,66%   табыстылықтан жоғары болмаған. Яғни бұл активтердің  15,65% өсуінің жалған екенін көрсетеді", – деп нақтылады депутат.

Сондай-ақ есепке сәйкес, 2015 жылдың қорытындысы бойынша зейнетақы активтерін басқарудан түскен табыс 761 млрд теңгені құраған, оның 452 млрд теңгесі – теңгенің девальвациясы нәтижесінде шетел валютасымен жүргізілген операциялардан түскен кіріс. Алайда зейнетақы активтерін басқаруға 3,1 млрд теңге мөлшеріндегі комиссиядан бөлек, қор Ұлттық банкке 16,2 млрд теңге мөлшерінде комиссия төлеген.  

"Сарапшылардың айтуынша, 2016 жылы 8,5% инфляцияда зейнетақы активтерін басқару табыстылығы 7,95% мөлшерінде болған, бұл тікелей шығынның бар екенін көрсетеді. Осыған қарамастан, басқарушы компанияларға 3,6 млрд теңге, кастодиан-банктерге 2,2 млрд теңгеден астам сыйақы төленген, БЖЗҚ-тың өзінің әкімшілік шығындарына 13,6 млрд теңге жұмсалған", – деді Екатерина Никитинская.

Сонымен бірге халықтың ақшасын басқаруға қатысты шешім қоғамға түсініксіз принциптермен қабылданып, қарапайым халыққа олардың маңдай термен тапқан ақшасын басқа біреулер қалай болса солай жұмсағандығы туралы фактіні жария ету  жағдайды одан әрі қиындатып отыр.

"Ұлттық банк пен БЖЗҚ басшысының инвестициялық саясатты өзгерту туралы ешқандай мәлімдеме жасамай отырғаны жанға батады. Осы орайда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты да осындай қиындыққа тап болуы мүмкін екенін айтқымыз келеді. Осыдан барып мұндай қорлардың активтерін бюджеттің жыртығын жамауға, сондай-ақ жауапсыз лауазымдық тұлғалардың өзінің жеке бас пайдасына  қолданады деген күдіктің туындауына негіз болады. Бүгінгі күні орын алып отырған процестер халықтың осы құрылымдардың жұмысына деген  сенімін жоғалтып қана қоймай, беделін де түсіреді", – деді депутат. 

"Ақ жол" фракциясының айтуынша, БЖЗҚ мен ӘМСҚ жұмысы ашық болса, мұндай мәселе туындамайды. Олар "БЖЗҚ мен ӘМСҚ-тың инвестициялық бағдарламасы мен міндетті есебін республикалық бюджет және үкімет пен Ұлттық банктің оны орындау туралы есебін бекіту барысында арнайы бөлім ретінде заң жүзінде бекітуді ұсынды".

Сонымен бірге олардың активін  мақсатты және тиімді пайдалану үшін қор және банк басшыларына жеке материалдық жауапкершілік енгізу ұсынылды.  Қор сайтында инвестициялық қоржын құрылымы мен таңдап алынған құралдардың қысқа және орташамерзімді келешектегі табыстылығы туралы ақпаратты халыққа қолжетімді форматта орналастыруды қамтамасыз ету, нақты коммерциялық банктерді таңдап алу және осы банктердің депозиттеріне орналастырылатын қор қаражаты көлемі мен олардың құнды қағаздарын сатып алудың көпшілікке түсінікті талаптарын белгілеу, қоғам үшін осындай шешімдерді қабылдаудың ашық сипатын қамтамасыз ету ұсынылды.

Ирина Севостьянова, Гүлназ Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу