Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жаңғыруының бес басымдығын атады

Аскар Муминов Аскар Муминов
43012

Президент Төртінші өнеркәсіптік революциядан қалмауға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан жаңғыруының бес басымдығын атады

Президент Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын халыққа жариялады, онда экономиканы реформалау мен Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар өзекті міндет қойды. Бұл жолғы жолдауда мемлекет басшысы республикада басталып кеткен жаңғырудың үшінші толқыны мен "Қазақстан-2050" стратегиясын нығайтуға басты назар аударды.

Президенттің айтуынша, "Нұрлы жол" экономикалық саясатының және "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының нәтижесінде жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен республика лайықты өтіп келеді. Тек 2014-2016 жылдар аралығында экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсалды. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 2016 жылы біз ішкі жалпы өнімнің 1% өсімін қамтамасыз еттік.  

Президент әлемде Төртінші өнеркәсіптік революция басталғанына назар аудартып, экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келетінін баяндады. Бұл өзгерістерді Нұрсұлтан Назарбаев тарихи сын-қатер әрі ұлтқа берілген мүмкіндік деп атады. Осыған орай Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып, оның аясында елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттігін ұсынды.

Қазақстан жаңғыру жолын КСРО-ның құлауынан кейін бастағанын еске салды президент. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды, елді күйреуден, азамат соғысынан және экономикалық күйзелістен аман сақтауға мүмкіндік туды. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шығарып, зор жетістіктерге қол жеткізгенін айтты президент.

Екінші жаңғыру "Қазақстан-2030" стратегиясының қабылдануынан және жаңа елорда – Астананың салынудан басталды, ел экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді. Жинақталған тәжірибе Қазақстанға Үшінші жаңғыруды бастауға жол ашты, бұл  қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, "Қазақстан-2050" стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ және ол Ұлт жоспары – "100 нақты қадам" аясында өткізіледі.

Мемлекет басшысы осы саясаттың бес негізгі басымдығын атап өтті, олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейінен жоғары қарқынына және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуін қамтамасыз етуі тиіс.

Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуына үміт артылады

Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы. Цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету қажет, 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да болашағы бар салаларды дамыту керек. Осы міндеттерді шешу аясында Үкіметке "Цифрлық Қазақстан" жаңа бағдарламасын әзірлеу және қабылдау тапсырылды.Сондай-ақ министрлер  кабинетіне "ЭКСПО-2017" нысандарының базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құру тапсырылды. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвестор тартудың платформасы болуы тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режімін қоса алғанда қолайлы жағдай жасау керек.

Өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы сияқты дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек.  Нұрсұлтан Назарбаев еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру маңызды деп есептейді. Бұл жердегі негізгі фактор автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, "ауқымды мәліметтер" алмасу сынды Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс. Осыған байланысты Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеу тапсырылды.

Мемлекет басшысы басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керектігін баса айтты. Нақтыласақ  2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты екі есеге ұлғайту қажет. Үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құрылмақ, сондай-ақ 2017 жылдың 1 қыркүйегіне дейін министрлер кабинеті әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стретегиясын әзірлеуі керек.

Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет деп баса назар аударды президент және ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда "Астана" халықаралық қаржы орталығы маңызды рөл атқаруға тиіс.

Мемлекет басшысы Қазақстанда өндіріс ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға шақырды. Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір алты жоба жүзеге асырыла бастады, ал екі жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт.

Қазақстан экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамытуда қарқынды жұмыс істейді, ал 1 қыркүйекке дейін Үкімет ҚР-ның жаңа инвестициялық стратегиясын ұсынбақ.

Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс. Президенттің айтуынша, әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек. Президент жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына қажетті өзгеріс енгізуді тапсырды.

Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек. Қазақстан көптеген позициялар бойынша әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола алады делінген жолдауда. Бұл – экологиялық таза тағамдарға қатысты. "Made in Kazakhstan" брэнді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс. Қазақстан астық өнімдері бойынша Еуразияда "нан кәрзеңкесі" болуы керектігін баса айтты президент, сондықтан шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін  президент үкімет пен әкімдерге субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшуге, 5 жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылығы мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасауға тапсырма берді. Өзге міндеттер ішінде өнімнің өңдеу сапасын жақсарту, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру; еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету айтылды.

Сондай-ақ жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тапсырма берілді. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 млн га-ға жеткізу қажет. Өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру және  ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейту ұсынылды.

Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды басымдықтардың бірі. Осыған байланысты үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың жылдық көлемін контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшін 7 есе – 2 млн контейнерге дейін және  жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есе – 1,6 млн транзиттік жолаушыға дейін арттыру тапсырылды. Транзиттік тасымалдаудан түсетін табыс 5,5 есе – жылына 4 млрд долларға дейін көбейтілуі тиіс. Биылғы жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізіледі. Транскаспий дәлізі бойынша тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты Құрық портын салудың екінші кезеңі іске асырыла бастайды. Президенттің айтуынша, құрылыс секторы отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс, сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу маңызды.

Биыл "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды, ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі  – "Даму" акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату.

Тұрғындар үшін "Қазақстан ипотекалық компаниясы" акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасын табады. Оған ілгеріде бөлінген қаржы "револьвер" қағидаты  бойынша қайта пайдаланылады. Әкімдіктер халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй бөлу ісін дамыта беретін болады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкімдер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс.

Президент еңбек нарығын жаңғырту қажеттілігін қадап айтты. Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады, сондықтан  жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуға тиіс. Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің басқа салаларға басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасау тапсырылды.  

Бизнес-климат жақсаруы керек

Елбасы атап көрсеткен екінші басымдық – бизнес ортаны   түбейгейлі жақсарту мен кеңейту. Бұл жердегі стратегиялық мақсат 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестен түсетін елдің ЖІӨ кем дегенде 50%-ға дейін қамтамасыз ету. Үкімет осы жылдан бастап өнімді еңбекпен қамту бағдарламасы мен жаппай кәсіпкерлікті дамытуға кірісіп кетті. Енді елдің ауылдағы немесе қаладағы азаматтары өз бизнесі үшін 16 млн теңгеге дейін шағын несие ала алады.

Жолдауда Қазақстанның әрбір өңірі жаппай оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға қатысты кешенді шара ұсынуы керек. Үкіметке "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен бірлесіп, бизнес шығындарының барлық түрлерін төмендетуге қарсы шара қабылдауды тапсырды. Әсіресе бұл энергетика, транспорт және логистика, сонымен бірге ТКШ-ның қызмет көрсету құнына қатысты болып отыр. Президент мемлекеттік қызмет көрсету мейлінше оңтайландырылуы керек деп есептейді. Құжаттардың мерзімі мен тізімін қысқарту, сондай-ақ қайталанатын рәсімдеуді алып тастау қажет.  Бұл орайда олардың қызмет көрсетуін адамның өзінің баруын қажетсінбейтін  толықтай  электронды форматқа көшіру қажет.

Үкімет пен әкімдіктер алдына осы жылдың 1  шілдесіне дейін бизнесті реттеу бойынша жүйелі  шараларды әзірлеу міндеті қойылды, сондай-ақ Дүниежүзілік банк рейтингісі негізінде өңірлерде бизнесті жасауға жағдайды жақсарту бойынша   нақты жоспар әзірлеу тапсырылды.  Бизнесті оңай жүргізіп отырған қалалар мен өңірлердің рейтингісі енгізілетін болады, осыған орай сыйақы тағайындалып, ол жылына бір рет Индустриализация күнінде тапсырылады.

Мемлекеттің экономикадағы үлесінің ЖІӨ 15%-ға, ЭЫДҰ елдері деңгейіне дейін  төмендеуі  экономикалық өсуге жаңа серпін беруі керек.  Ірі компаниялардың IPO-ға қатысуы және дайындығы жылдамдатылады. Yellow Pages қағидаттарын  енгізу  мемлекет үшін  экономикадағы жұмыс түрлерін 47%-ға  (652-ден 346-ға дейін) қысқартуға мүмкіндік берді, сондықтан 2020 жылға дейін  осы қағидаттарға сәйкес келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды жеке секторға беру немесе жою қажет.

Үкіметке "Самұрық-Қазына" холдингін сапалы трансформациялау тапсырылды.  Басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық ревизия мен  оңтайландырудан өткізу қажет. Нәтижесінде ол тиімділігі жоғары, жинақы және кәсіби холдингке айналуға тиіс. Менеджмент пен корпоративті басқару сапасы халықаралық деңгейге дейін жетеді.

Табиғи монополияларды және стратегиялық маңызы бар, соның ішінде Трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды іске асыру міндетін мемлекетке қалдырылады. Бұл жобалар мультипликативті нәтиже беруге тиіс. "Бәйтерек" және "ҚазАгро" холдингтері де қайта құрылады.  Мемлекеттік-жеке әріптестікті кеңейту кәсіпкерлікті дамытуға үлкен әлеует беруі мүмкін.

Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Жекеменшік балабақшалардың ең көбі Оңтүстік Қазақстан (397), Алматы (221), Қызылорда (181) облыстарында ашылды.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту үшін бұдан әрі жекешелендіру мүмкіндігін қарастыра отырып, басқаруға және концессияға беру ұсынылды. 

Президент баға мен тариф бойынша ымыраласуға жол бермеу қажет екенін, сол үшін  Үкіметке "Атамекен" КҰП-мен бірлесіп, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға "ревизия" жасауды тапсырды. 

 
Барлығы да макроэкономикалық тұрақтылыққа бағытталған

Мемлекет басшысы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауды үшінші басымдық ретінде атады.  Мұнда басты міндет ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалпына келтіру және жеке қаржыны экономиканы қаржыландыруға тарту болып болып табылады. Атап айтқанда Ұлттық банктің алдында  инфляциялық таргеттеу режімін дамыту бойынша маңызды міндет тұр. Инфляция деңгейін  орташа мерзімдік кезеңде 3-4%-ға дейін кезең-кезеңмен төмендетуге қол жеткізу қажет.

Реттеушіге  банк секторын сауықтырудың кешендік шараларын әзірлеу тапсырылды. Жолдауда банктер балансын "нашар несиелерден" тазарту жұмыстарын жеделдету және қажет болған жағдайда оларды акционерлер тарапынан капиталмен толтыруды қамтамасыз ету қажет екені атап көрсетілген.

Банктердің жағдайына жедел бақылау жасау үшін Ұлттық банкке көбірек құқық беру қажет. Ол банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс

Аудиторлық компаниялардың жауапкершілігін күшейтіп, акционерлердің ашықтығын және жалпы  корпоративтік басқаруды жақсарту қажет.

Экономикадағы қаражат жетіспеушілігі және несиелер бойынша жоғары мөлшерлеме түйткілдерін шешу мақсатымен Ұлттық банк пен Үкіметке теңге түрінде қолжетімді орта және ұзақ мерзімге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.  Ұлттық банк бұдан былай тек инфляцияға ғана емес, сондай-ақ Үкіметпен бірге экономиканың өсіміне де жауапты болмақ. 

Жекешелендіру оның дамуына серпін беруге тиіс. Мен жоғарыда айтып өткендей, қор нарығына "Самұрық-Қазына" қоры компанияларының акцияларын орналастыру керек. Халықтың жинаған өз қаражатын ең алдымен түрлі бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкіндігін одан әрі арттыру қажет.
Тағы бір маңызды міндет салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу. Бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру қажет.

Біз 2017 жылы мемлекеттік даму бағдарламаларын қажетті ресурстармен толықтай қамтамасыз еттік. Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеру қажет. Республикалық бюджеттің 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау,  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау керек.
Тиімсіз бағдарламалардың қаражатын Үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу қажет. Сондай-ақ қаражатты нақты экономикаға неғұрлым тезірек әрі тиімдірек жеткізу үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдету ұсынылып отыр. 

Фискалдық орталықсыздандыру саясаты одан әрі жалғасын табады.

Алдыңғы жылдары  орталықтан жергілікті деңгейге көптеген функция мен құзіреттер тапсырылды. Енді оларды жеткілікті қаржылық дербестікпен нығайта түсу қажет.

Мемлекет басшысының айтуынша, Ұлттық қордың қаражатын тиімді жұмсау қажет.

Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі  2020 жылға қарай 2 трлн теңгеге дейін кезең-кезеңмен қысқаруға тиіс. Салық саясаты  бизнестің "көлеңкеден" шығуын ынталандыруға және шикізаттық емес секторда салықтық базаны кеңейтуге көзделіп, қолданыстағы салықтық жеңілдіктерге оңтайландыру жүргізілетін болады. Үкіметке  квазимемлекеттік сектордағы сыртқы және ішкі қарыздарға  мониторинг жүргізу және бақылау жүйесін құру қажет болады.

Дамудың негізі – адами капитал

Президент адами капитал сапасын жақсартуды төртінші басымдық ретінде атап көрсетті. Білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет. Сонымен бірге IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға,  ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлінетін болады. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет. Қазақ тілі басымдығын сақтайды. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі.

2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндер ағылшын тілінде оқытылатын болады.
Биыл "Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру" жобасы іске асырыла бастайды. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс.  Жоғары білім жүйесінің сапасына ерекше мән берілетін болады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет.

Білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс.

Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек. Заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет. Әлеуметтік қамту саласында 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді. Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді.

Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі. Ең төменгі күнкөріс шегі де қайта қарастырылады. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 3 млн адам үшін базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айырылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін өсіруге мүмкіндік береді. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу ұсынылып  отыр.

 Жемқорлықпен күресу арқылы жалпы қауіпсіздікке қол жеткізу

 Бесінші басымдық деп  институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күрес көрсетілген.
Үшінші жаңғырту аясында Үкіметке ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен бірге үкіметке "Атамекен" КҰП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесіп,  жеке меншік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізу тапсырылды. Әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірілу ұсынылды. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс, қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту ұсынылды. 

Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отырғандығы жолдауда атап көрсетілді. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады. Сондықтан діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу қажет.  

Президенттің айтуынша, қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке "мүлде төзбеушілікті" қалыптастыру керек. Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс.  Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне "Қазақстан киберқалқаны" жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдау тапсырылды.   

Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысы күшейтілетін болады. Маңызды мәселенің бірі – сатып алу саласын жетілдіру болып отыр.
Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізу тапсырылды. Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру ұсынылды.

 Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу