Одаққа ортақ 60 кедергі жойылды

2748

Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО елдеріне ортақ 130-ға жуық кедергіні анықтаған.

Одаққа ортақ 60 кедергі жойылды

Бүгін Астанада өтіп жатқан "Еуразиялық апталық" халықаралық форумы аясында губернаторлар саммиті ұйымдастырылды. Онда өңіраралық ынтымақтастықты дамытудың проблемалары қозғалды. Аталмыш жиынға қатысқан Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа төрағасы Тигран Саркисянның айтуынша, ЕАЭО мүше елдердің арасында шешімін таппаған ортақ кедергілер өте көп.

"Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО ұстанған бағытына қайшы келетін 130-ға жуық кедергіні анықтады. Оның 60-ы бойынша одақ құрамындағы бес ел ортақ келісімге келіп, тиісті нормативті құқықтық құжатты бекітті. Енді қалған кедергілерді жою үшін жол картасы әзірленбек", – деді Тигран Саркисян.

Алқа төрағасының сөзінше, бұл кедергілер өңіраралық кооперацияны алға бастыруға тосқауыл болып отыр. Бұл ретте, Тигран Саркисян әлі күнге дейін шешімін таппаған бір ғана кедергіні мысалға келтірді.

"Мысал ретінде мемлекеттік сатып алу процесін алайық. Көп жағдайда мұндай қомақты табысқа алдымен мемлекеттік немесе ұлттық ірі компаниялар ауыз салады. Қаржының көп бөлігі солардың еншісіне тиеді де, шағын және орта бизнес босағада қалады. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, мемлекеттік сатып алулар мейлінше ашық әрі қолжетімді болуы керек. ЕАЭО айырықша көңіл бөліп отырған сандық трансформация арқылы аталған процестің ашықтығын қамтамасыз етуге болады. Бұл мәселені кейінге ысыра берудің қажеті жоқ. Жедел түрде біржақты ету керек", – деді Тигран Саркисян.

2015 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес елдің президенттері 2030 жылға дейінгі экономикалық дамудың негізгі бағыттарын бекітті. Сондағы 9 бағыттың бірі - өңірлік ынтымақтастықты дамыту. Өкінішке қарай, содан бері одақ құрамындағы бес мемлекеттің өңірлері бір-бірімен анау айтқандай араласып кеткені шамалы. Күрмеуі тарқамаған мәселе де көп. Соның бірін губернаторлар саммитіне қатысқан ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Альберт Рау тілге тиек етті.

"Шығыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының Алтай өлкесімен шектеседі. Мені Өскеменнен Алтайға дейінгі жолдың жайы алаңдатады. Қолымда бар мәліметтерге сүйенсем, аталған бағыттағы жолды ұстап тұру үшін біздің мемлекет тарапынан жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы жолдың сапасы қанағаттанарлық деңгейде. Ал шекараның арғы жағында, яғни Ресей аумағында мүлдем жол жоқ дейді. Алтай өлкесіне алып баратын жолдың бойындағы бірнеше көпір құлағалы тұр. Онымен тек жаздыгүні ғана қатынауға болады. Қыстыгүні жүру мүмкін емес. Себебі екі өңірдің де қысы қатты. Аталған мәселе көптен бері көтеріліп келеді. Бәлкім, ол жолды жөндеу Алтай тарапына тиімсіз шығар. Алайда біз өңіраралық интеграцияны дамытуға мүдделі емеспіз бе?! Ең алдымен қарапайым ғана жол мәселесін шешіп алмай тұрып, өңірлік ынтымақтастық туралы сөз қозғаудың қаншалықты қажеті бар? Бұл сауалды осы жиынға келуге тиіс болған Алтай өлкесінің губернаторына қойғым келген. Белгілі бері себептерге байланысты ол келе алмады. Енді аталған сауалды Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасарына бағыттағалы отырмын", – деді Альберт Рау.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов мұндай проблеманың барын растады.

"Әуелде ресейлік әріптестерімізбен келісім жасалған болатын. Осы келісімге сәйкес, 2015 жылы Өскеменнен Риддер қаласына дейінгі 105 шақырымдық жолға орташа жөндеу жүргізілді. Биыл Риддерден Ресей шекарасына дейінгі аралық жөнделеді. 62 шақырымды құрайтын бұл учаскедегі жұмыстар қыркүйек айында аяқталуы керек. Өкінішке қарай, биыл ресейлік әріптестеріміз келісімді орындаған жоқ. Олар жол жөндеуге қаржы жоқ дейді. Алтайлық әріптестер алдағы уақытта өз уәделерін орындап, тиісті жолдың құрылысын бастайды деген ойдамыз. Егер жол салынса, туризм үшін табысты болмақ. Себебі, аталған жол арқылы жылына 3 млн-ға жуық турист қатынамақ", – деп жауап берді Нұрымбет Сақтағанов.

Қырғыз Республикасы үкіметінің Шу облысындағы өкілетті өкілінің бірінші орынбасары Эркінбек Әшірбаев өңіраралық ынтымақтастық төңірегіндегі тағы бір мәселенің шетін шығарды.   

  "Қырғызстан Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кірер алдында жеңілдік сұраған ел екенін жақсы білесіздер. Өкінішке қарай, аталған жеңілдік бізге толықтай берілген жоқ. Ресей тарапынан берілген 200 млн доллар толықтай игерілді. Ал Қазақстан тарапы беруге тиіс 100 млн долларды әлі көрген жоқпыз. Бұл қаржы кедендік инфрақұрылымды дамытуға бағытталуы керек-тін. Атап айқанда, халықаралық стандарттарға сәйкес сертифиакат беретін ветеринарлық, фитосанитарлы зертханалар салынуға тиіс еді. Өкінішке қарай, Қазақстан тарапы қаржы бермегендіктен бұл жұмыс "қаңтарулы" тұр", – деді Эркінбек Әшірбаев.

Қырғызстан өкілінің айтуынша, Шу облысы 1990 жылдан бері Ресейдің Оренбург, Омбы,  Мәскеу облыстарымен, Қазақстанның Жамбыл облысымен ынтымақтастық туралы меморандумдарды бекіткен. Алайда, сол құжаттардан келген пайда шамалы. Көбіне қағаз күйінде қалады. Сондықтан бұған мән берілсе екен деген тілегін жеткізді Эркінбек Әшірбаев.

ЕАЭО аясындағы ынтымақтастық мемлекеттік деңгейден өңірлік әріптестікке қарай ойысуы керек. Губернаторлар саммитіне қатысқан сарапшылардың ойы осыған негізделді. Себебі, Тигран Саркисян айтқандай, өңірлік ынтымақтастық жалпылама емес, нақты бағыттарды қамтиды.   

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу