Ольга Рыпакова бірден финалға шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2554

Мария Овчинникова мүмкіндігін толық жүзеге асыра алмады.

Ольга Рыпакова бірден финалға шықты Фото: bleacherreport.net

Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысында 26 спортшы бақ сынады. Олардың бәрі әр құрлықтан екшеліп шыққан үздіктер болатын. Финалға осы спортшылардың 12-сі ғана шығуы керек. Шартты түрде финалға жолдама беретін меже 14,20 метр болып бекітілген. Әр спортшыға үш мүмкіндік қана беріледі.

Кім 14,20 метрден асып секірсе, бірден финалға шығады. Ал егер бұл көрсеткіштен асқандардың саны 12-ге жетпесе, онда соған жақын, яғни жетеқабыл көрсеткішке қол жеткізгендерді қосады. Қысқасы финалда 12 спортшы болуы керек.

Сонымен іріктеу сыны басталды. Биыл аса жоғары нәтиже көрсете алмай жүрген Ольга Рыпакова бірінші мүмкіндігінде-ақ 14,57 метрге қарғып, бірден финалға шықты. Стадион толы көрермен ду қол шапалақтап, Қазақстан спортшысына құрмет көрсетті. Олар Ольганы біледі. Біздің әйгілі жеңіл атлетіміз 2012 жылы осы Лондон төрінде Олимпиада чемпионы болған.

Колумбия қызы, Рио Олимпиадасының чемпионы Катрин Ибаргуэн де бірінші мүмкіндігінде финалда бақ сынау құрметіне ие болды. Бірақ оның көрсеткіші – төмендеу, 14,21 метр ғана. Әйтсе де ол: "Мен Лондонға әлем чемпионы болу үшін келдім" деп финалда барын салатындығын меңзеді.

Дәл биыл ең жоғары көрсеткіш көрсеткен, яғни 14,96 метрді еңсерген Венесуэла аруы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Юлимар Рохас бірінші мүмкіндігінде 14,17 метрге ғана қарғып, түрі бұзылып кетті. Бірақ екінші мүмкіндігінде 14,52 метрге секіріп, ол да финалға шықты.

Сонымен қатар Португалия үміті Пастрисиа Мамона (14,29), Ямайка үкілеп қосқан Шениека Риккетс (14,21) екінші мүмкіндіктерінде финалда бақ сынау құқығына қол жеткізді. Қалған қыздарға үш мүмкіндіктерін толықтай пайдалануға тура келді.

Сонымен финалда өнер көрсететін 12 спортшы іріктелінді. Олардың жетеуі шартты межеден асты. Қалған бес спортшы қыз көрсеткіштеріне қарап, таңдап алынды. Енді олар 7 тамыз күні жүлделі орындарды сарапқа салады. Қазақстан құрамасының жаттықтырушыларымен тілдескенімізде олар: "Дәл қазір жоғары нәтиже көрсетіп жүрген спортшылардың бәрі финалға шықты, тыс қалған ешқайсысы жоқ, финал тартысты болады" деп қорытындылады.

Сөйтіп Ольгамыз бірінші орынмен шықты. Тамаша! Бірақ екінші қызымыз финалға шыға алмай қалды. Біздің елден тағы бір үш қарғып секіруші, атап айтқанда, Мария Овчинникова да Лондонға барған. Ол жақында ғана Азия чемпионы атанған болатын. Бірақ әлем чемпионатына алғаш рет қатысқандықтан, өз мүмкіндігін толық жүзеге асыра алмады.

Әйтпесе оның ең үздік көрсетіші 13,94 болатын. Ал Лондонда 13,18 метр көрсеткішпен көш соңында қалды (26-орын). Бірақ Мариямыз әлі жас. 19-ға күзде ғана толады (19 қазанда). Қобалжып, толғанысын тарқата алмаған сияқты. Әйтсе де тәжірибе жинақтап, бүгінгісінен қорытынды шығарады, сабақ алады деп ойлаймыз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу