banner

Өндірістік аймақтың экспорты төмен

Бек Темір Бек Темір
2695

2015 жылы Павлодар облысының экспорттық көрсеткіші 1,2 млрд долларды ғана құрады.

Өндірістік аймақтың экспорты төмен

2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда оның өткен жылғы көлемі 21%-ға төмендеген. Яғни металлургия саласында – 36, минералды өнімдер бойынша – 32,  химия саласы бойынша 31%-ға төмен нәтиже болған. Бұл туралы "KazakhInvest" АҚ менеджері Әсем Жолдаспаева аймақтың шетелдік нарыққа шыққысы келетін кәсіпкерлерімен кездесу кезінде мәлім етті. Экспорттық көрсеткіштердің төмен қарай сырғуына бұрнағы жылдары ел экономикасын құрсауына алған қаржылық дағдарыстың әсер еткені сөзсіз.

Қазіргі күні аймақта экспорттың ахуалы қанағаттанарлық. Бұл тұрғыда "KazakhInvest" АҚ мамандары өндірісті өлке өнімдерінің экспорттық нарықта өркен жаюуына көмек қолын созуда. Себебі олардың басты мақсаттары да ұлттық экономиканы қазақстандық шикізаттық емес экспортты дамыту үшін игі жағдайлар жасау, экономиканың басым бағыттарына тура шетелдік инвестициялар тарту жолымен әртараптандыруға бағытталған. Қолғабыс бар, ендігі мақсат "қолдан келсе қонышынан басуда" болып отыр.

"KazakhInvest" АҚ менеджері Әсем Жолдаспаеваның сөзіне қарағанда, кәсіпкерлер өз тауарларын шекара сыртына шығарулары үшін мемлекеттің қолдауымен төрт бағыт бойынша жұмыс жасалуда. Яғни бірінші олардың тарапынан экспорттаушыларды талдамалық қолдауға басымдық беріледі. Бұл бағыт бойынша қазақстандық экспорт үшін нақты бір шет елдің экономикалық жағдайы, бизнес ортасының ахуалы, мүмкіндіктер мен сол елдің нарығында көп сұранысқа ие негізгі тауарлар тізімі, оған ену жолдары секілді шаруалар атқарылады. Бүгінгі күні "KazakhInvest" АҚ тарапынан 90 талдамалық шолулар жасалған екен. Ал екінші бағыт шетелдегі сауда миссиялары. Бұл қазақстандық тауар өндіруші мен шетелдік мүмкін сатып алушы арасында тура серіктестік құруға бағытталған үдеріс деген сөз. 2010 жылдан бері әлемнің он сегіз елінде 50 сауда миссиясы жүргізіліпті. Ол тек қана жақын емес, сол секілді мұхиттың ар жағындағы елдерде де жүзеге асырылған. Оған 800-ден астам қазақстандық компания мен шетелдік шамамен үш мыңдай импорттаушы қатысып, нәтижесінде 476 млн доллардан астам соманы құрайтын экспорттық келісімшарттарға қол қойылған. Ал Павлодар облысы бойынша шетелдік сауда миссиясына 21 компания қатысып, өз өнімдерін халықаралық нарықта мәлім еткен. Нәтижесінде 2,4 млн доллардан астам сомаға экспорттық келісімшарт жасалған. Биыл Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, Грузия, Беларусь, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия секілді 10 елде сауда миссиясын ұйымдастыру жоспары бар.

Әрине кез келген кәсіпкер өз өнімін шетел нарығына шығару үшін бірінші кезекте оны көпшілікке таныстырып, қызығушылықтарын иеленуі қажет. Әсем Жолдаспаеваның айтуынша, бұл тұрғыда кәсіпкерлерге шетелдік бейінді көрмелерге қатысуға да көмек көрсетіледі. Егер 2010 жылдан 2016 жылға дейін әлемнің 13 елінде ұйымдастырылған 145 халықаралық мамандандырылған көрмеге ел бойынша 247 компания қатысып, 260 млн АҚШ долларынан астам қаржыға экспорттық келісімшарт бекітсе, солардың ішінде жеті павлодарлық кәсіпорын көрмеде өнімдерінің тұсаукесерін өткізген. Биыл отандық 40 компания шетелде көпшіліктің назарына тауарларын ұсынады деп жоспарлануда. Сол секілді бірыңғай ұлттық стенділер аясында ірі халықаралық және мамандандырылған көрмелерде белгілі бір саладағы қазақстандық өнім өндірушілердің өнімдері және қызметтерінің ұжымдық тұсаукесерін өткізуге де қолғабыс бар. Үшінші бағыт бойынша экспортты дамытуға басымдық беріледі. Яғни бизнес иелеріне маркетингілік және сыртқы сауда процестерін қалай жүргізуге болатынын үйретсе, төртінші бағыт индустриалды-инновациялық қызмет субъектілерінің шығындарын қайтару болып табылады. Әсем Жолдаспаева мемлекет өнім өндірушілердің шығындарын 50%  қайтару арқылы қолдау білдіретінін айтады. Бұл әлемдік нарықты көздегендер үшін үлкен мүмкіндік екені сөзсіз. Отандық өңделген тауарларды өндірушілер сәйкес екі жарым мыңнан астам өнім түрі бойынша шығынды өтеуге өтініш бере алады. Бұл тізімге отандық өнімді шетелде жарнамалау, шетелдік көрмелер, жәрмеңкелер мен фестивальдерге қатысу, қойманы жалға алу, өкілдіктер ашу, шетелде өнімді сертификаттау секілді қызметтердің шығыны енеді. Бүгінгі күнге дейін индустриалды-инновациялық қызметтің 189 субъектісіне 1,3 млрд теңгеден астам қаржы қайтарылған. Ал павлодарлық жеті кәсіпорынның 24,4 млн теңге көлеміндегі шығынын өтеп берген.

Жалпы 2010-2016 жылдары барлық шараларды өткізу қорытындысы бойынша  шикізат емес секторының шамамен 1500 кәсіпорны қамтылған. 2 млрд АҚШ долларына экспорттық келісімшарт жасалған. Алдағы күндері бұл көрсеткіштер артады деген сенім зор. Себебі мемлекет отандық өнімнің шетелдік нарықтарға шығуына мүдделі және ол үшін көмек қолын созып отыр. Бастысы кәсіпкерлерді осы іске шыңдап, халықаралық нарыққа бейімдеу қажет. "Сүйреп салған тазы түлкі алмайтыны" белгілі. Сол себепті мұндай әрекет кәсіпкерлердің өз тарапынан болуы шарт.

Бек Темір, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу