Өндірістік технологиялық тізбекке қосылмайынша әлемдік технология нарығы есік ашпайды

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
10599

Қазір әлемдік нарықта өндірістік тізбек деген ұғымның бәсі басым болып тұр. 

Өндірістік технологиялық тізбекке қосылмайынша әлемдік  технология нарығы есік ашпайды

Мұны Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы бөлімшесінің басшысы Агрис  Прейманис өткен аптада қазақстандық БАҚ өкілдерімен кездескен кезде тілге тиек етті. Агрис  Прейманис мырзаның пайымдауынша, өткен ғасырдың 30-40 жылдары технология, оған қажетті бөлшектер бір ғана мемлекетте, бір орталықта   шығарылған.  Қазір ол өткеннің еншісінде қалды. Ендігі жерде қазақ елі әлемде аты озып тұрған технологияның бір бөлшегін шығарумен әлемдік өндірістік технологиялар тізбегіне қосыла алады. Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы бөлімшесінің басшысы Агрис Прейманис мырзаның өзі өндірістік тізбек әлемдік технологиялар тізбегінен орын беретінін фактор екенін айтып, қазақтарға  Ресей мен ҚХР-ға қарай бет бұру қажет екенін айтыпты. 

Мамандар болса, айтылған ұсынысты "шайнап жұта алмасақ",  өзімізге сын деп отыр. ҚХР-да әлемдік алпауыт компаниялардың тең жартысының еншілес компаниялары шоғырланған. Ресей бұл салада енді ес жиып келе жатыр. Әлемдік технологиялардың өндірістік тізбегіне жол ашатын мүмкіндік елімізде жетерлік. Ол – адами капитал. Дүниенің төрт тарабына тасымалдау үшін Батыс Еуропа мен Батыс Қытай автожолы мен Түрікменстан мен Иранның арасын жалғайтын темір жол да бар. 

Академик Асқар Жұмаділдаев  технологиялар әлеміндегі жетістікті жеті нотаға  теңейді.

"Қазақта Бексейіт Түлкиевтей керемет суретші болған. Ол "Ұлы көш" деген картинасын дүниеге алып келгенде, біреулер Илья Глазуновтың көшірмесі ғой деп сынаған. Сонда Бексейіт "Әлемде таңғажайып музыка жеті нотаның төңірегінде дүниеге келген. Әлемдік технологияның табиғаты да сондай. Мәселе  технологияны  қай жағынан жетілдіріп, тауарларының сұранысын тудыра алуда. "Көшірме тауарлар" деп оның тынысын жауып тастауға болмайды. Егер, олай болса, ҚХР 2 млрд-қа жақындап қалған халқын қалай асырайтын еді? Қытай қазір телнұсқа тауарлармен-ақ әлемді киіндіріп, технологиямен  жабдықтап отыр", – дейді.  

"Телнұсқа тауарлар" деген түсінік бізге қылмыспен бірдей. Әлемде телнұсқа тауарларды шығарып, соны жетілдіріп, экономикасын өрге сүйреп отырған елдер бар. Мәселе оны өткізуде болып отыр. Бүгінде АҚШ, Жапониядағы көлік шығаратын  концерндер  ҚХР-дан филиалын ашқан.  Қазір олардың бөлшектерінің 80 пайызы Қытайда шығарылады. Тек бренд қана АҚШ пен Жапонияға тиесілі.   

Әлемдік деңгейдегі бренд тауарлардың телнұсқаларын шығаратын жасырын цехтар Алматыда бар екені осыған дейін де белгілі еді. Бірақ олар мемлекеттік деңгейде мойындалмады. Қолдауға ие болған да емес. Керісінше, жасырын цех деп қудаланды. Нәтижесінде олар Қырғызстан немесе Ресей асып кетті. ТМД көлемінде сән индустриясында көзге түсе бастаған  қырғыз жеріндегі тігін цехтарының басым көпшілігі қазақстандықтар екенін осыған дейін де жазғанбыз. Қырғыздар Франция, Италиядан технология, мата түрлерін өз жерінде алып келіп, мамандарын сол жақта оқытып, әлемдік технология тізбезіне қосылуға әрекеттеніп жатыр.

Жақында Алматыда бір топ жастың IPhon маркілі ұялы телефондардың телнұсқасын жасырын цехта шығарып келгені қоғамның назарын аударған еді. Олардың жасап шығарған телефондарының сапасы ҚХР-дан жеткізілетін ұялы телефондармен салыстырғанда көш ілгері екенін IT саласының мамандары айтып отыр. ҚР  Бас прокуратурасы құқықтық статистика комитетінің төрағасы Бағдат Мусин  әлеуметтік желіде "Жігіттер iPhone жасаған ба? Керемет ғой! Менің ойымша керісінше олардың өндіріспен айналысуына мүмкіндік беру керек сияқты. Цехқа өндіріске қажетті техника мен жабдықтар алып беру қажет. Жеңілдетілген бағдарламалар бойынша қаржыландыру керек. Неге олай жасамасқа? Бәрібір цифрлы Қазақстан туралы жариялап отырмыз ғой. Егер олар арзан құрамдас бөліктермен iPhone құрастырып жатса, демек олардың қабілеті бар деген сөз. Бұл дегеніңіз тамаша кәсіпкерлік бастама", деп қолдау білдіріпті.

Академик Әділ Ахметов Дүние жүзінде шет елде ең көп маман оқытатын ел – Қытай екенін айтады.  ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша, Қытай жылына 400 мың баласын шет елде оқытады. Экономикасына қарасаңыз, ішкі жалпы өсімі – он пайыз, шығармайтын өнімі жоқ десе де болады, тіпті Қытайдан филиалдарын ашып тастаған  Еуропаның өзі Қытайға "Тәбетіңді теже, біздің де бар екенімізді ұмытпа" деп  филиалдарын кері қайтарып алуға тырысып жатыр.  

Әділ Ахметовтың пайымдауынша "Қытай неге дамып бара жатыр" деген сұрақтың жауабы енді белгілі болды. Себебі Қытай  дүние жүзінен үйреніп отыр. 400 мың студент дегеніңіз – мықты маман, алып ми.  Қытай 25 жылдың ішінде әлемнің идеясын өз жерінде жинап үлгірді. 

"Әлемдегі автомобиль шығаратын ірі-ірі концерндердің бәрінің филиалдары - Қытайда. Өйткені еңбек арзан, соған қызықты да кезінде қолдағы өндірісінің бәрін Қытайға жіберді. Қатесін кеш аңдаған Батыс әлемі бармақтарын енді тістеп отыр. Академиктің пайымдауынша, балаларымыздың инновациялық идеяларына қолдау білдіретін кез келді.  Оған көп қаржының қажеті жоқ. ЖОО-лардан немесе  қаржылы компаниялардың, технопарктердің жанынан зертхана ашайық. Жұмыстарын алға жүргізе алатындарды қаржыландырайық. Бұл интеллектуалдарымыздың көлеңкелі бизнеске кетіп қалуына тосқауыл болады", – дейді Әділ Ахметов.

Алматыдағы IT университетінің түлегі,  "Назарбаев Университеттің" магистранты Ілияс Меденов қазір ҚХР-да "Lenovo" маркісіндегі смартфондар мен ноутбук шығаратын концернде жауапты қызметте.  Айлық жалақысы 12 мың юань, біздің теңгемен есептегенде 700-800 мың теңге. Әлеуметтік пакеті тағы бар.   Ол бізбен әңгімесінде КХР-да өндірістік тізбек деген түсінік ішкі нарыққа дем беруші күш ретінде қабылданатынын айтады.

"Lenovo" маркісі  қай елге тиесілі екені маған маңызды емес. Себебі қазір жыл сайын жаңарып жатыр. Біздің мақсатымыз – сұранысқа жұмыс істеу. Өнімді жаңарту. Кез келген телөнімде – оны шығарып отырған елдің қолтаңбасы қалады. ҚХР-да, бізден айырмашылығы бір зат шығарсаң, сені жасырын цех немесе баламасы бар телөнім  деп қудаламайды. Керісінше, саған қолдау білдіреді. Тіл білетін, қолынан іс келетін мамандарды күндіз қолына шырақ алып жүріп іздейді. Бойыңнан таланттың ұшқынын байқаса, қалтасынан ақша төлеп, оздері оқытып алуға дайын.  Қазір мен жұмыс істейтін концернде  ТМД елдерінен келген жастар өте  көп", – дейді Ілияс  Меденов

Оның айтуынша Қытайдағы алып концерндердің көпшілігі о баста филиал ретінде, еншілес концерн ретінде ашылғанын айтады. Бұл жерде бір-ақ жол бар. Әуел баста олар Қазақстан тәрізді дайын өнімдерді тек құрастырумен ғана айналысты. Кейін, шетелдерде оқып келген мамандарының көмегімен олардың қосалқы бөлшектерін өздері жасауға кіріскен.

"Қазір ҚХР-да шығарылған өнімдердің 90-95 пайызы қосалқы бөлшектеріне дейін ҚХР-да шығарылады. Қазақстанда құрастырылып келе жатқан автокөліктерді, ауыл-шаруашылығына қажетті техникаларды өндірістік тізбек жүйесімен ғана өз өнімімізге айналдыра аламыз. Мұны сол технологияның бір бұрандасын өзімден шығарып та бастауға болады", – дейді Ілияс Меденов.

Әсіресе IT саласында тер төгіп жүрген мамандар әлемдік өндірістік тізбекке біз адами капиталдың көмегімен  ғана  қосыла алатынымызды жасырмайды. Себебі әлем технологияның жаңалығына тәуелді. Тіпті экономиканың өзі инновацияның жаңалықтарына ілесе алмай жатыр. Кімнің идеясы мықты болса – соның мерейі үстем.

Экономист-сарапшы Тоғжан Қожалиева әлемдік деңгейде сұранысқа ие  технологияны шығаратын концерндерде қазақтың балалары топ-менеджер болып жүргендерін айтады.

"Мен олардың бірқатарын танимын. Хабарын алып тұрамын. Олар кез келген уақытта елге оралып, елдің болашағына қызмет еткісі келеді. Бірақ еңбегін, ақыл-ойын қажетсінетін орта табарына сенбейді.  Бас прокуратура өкілі Бағдат Мусиннің пікірі үкіметтің инновациялық технология саласына жауапты блогына ой салса игі. Мен тенхнопактерден  зертхана ашып, жұмыстарын жариялы түрде жүргізуіне жағдай жасайық деген ұсынысын қолдаймын", – дейді экономист-сарапшы.

Ұзақ жылдардан бері Қазақстанда жұмыс істеп келе жатқан, қазақстандықтардың менталитетін жақсы білетін түрік кәсіпкері Ахмет Аляз    өндірістік тізбек – әлемдік технологиялар тізбегіне апарар бірден-бір жол дейді.  Мысалы, Түркияда кәсіпкерлер арасында "тон тігесің бе, ендеше терісінен түймесіне дейін өз күшіңмен шығар" деген түсінік қалыптасқан.  Қазір Түркия  әлемдік өндірістік технологияның өндірістік тізбегінде өз үлесін көбейтуге әрекеттеніп жатыр. Мысалы, бір алып кешенде көлік шығарылса, екінші бөлікте аз ғана тиражда дөңгелегі немесе көліктің кондиционері немесе төтенше жағдайларда іске қосылатын құтқару жастығы дайындалады.  Тапсырыс болып жатса, оның саны да көбейеді. Сол себепті ақпаратты технологиядан хабары бар жастар ЖОО-дан кейін сол өндіріс ошағына баруға асығып тұрады екен.     

"Бұл жерде  бәсекеге басымдық беріледі. Шығарған өнім ашық бәсекеде топ жарып шығу керек. Сол кезде   дүниенің екінші жартысында  орналасқан елде көлік құрастырумен айналысатын алып концерн дөңгелекті сенен сатып алады. Саған тиесілі – өндірістің бағытын олардың тапсырысына қарап бейімдеу, сол арқылы әлемдік өндірістік тізбекте түркиялық үлесті көбейту",   – дейді Ахмет Аляз.

Ахмет Аляздың біздің елде өндірістік технологияның дамуына кедергі келтіріп отырған жайт  қоғамдық санадағы ескі ұғымның сарқыншақтары екен.

"Қазақстанда бизнес жасауға, капитал жинауға барлық мүмкіндік бар. Бірақ қазақ баласын министр, бастық болса екен дейді. Бизнеске жіті көңіл бөлмейді немесе сенбейді. Қысқасы, қазақтардың мемлекеттік қызметке деген алабөтен ықыласы технологиялар тізбегіне қосылуға кедергі болып тұр",  – дейді Ахмет Аляз.

Одан әрі Ахмет Аляз Түркияда жастарда бағын бизнесте сынау қалыптасқан дәстүр екенін, шенеуніктердің балаларының бизнесте жүруі өте сирек кездесетін құбылыс екенін айтады.

"Билік қолында болса да, олар ондай қадамдарға бармайды. Баласы ес білгеннен бизнестің, бизнес өкілдері арасындағы адалдықтың қыр-сырын үйретуге тырысады.  Олар сол арқылы  билікке ықпал еткісі келеді.  Дамыған елдерде қоғам билікке емес, бизнес өкілдеріне басымдық береді. "Әлемде  өндірістік тізбекте отандық/ұлттық үлесті көбейту – тек  кәсіпкерлердің  ғана қолынан келеді" деген ұғым елдік – мемлекеттік идеология ретінде қалыптасқан. Өндірістік тізбектің шешімі шешілмесе,  әлемдік  технология есік ашпайды", – дейді Ахмет Аляз.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу