Орталық – Шығыс жолы бюджет ақшасын игере алмай жатыр

2045

Орталық – Шығыс дәлізін салуға арналған игерілмеген қаражат алғаш рет бюджетке қайтарылды.

Орталық – Шығыс жолы бюджет ақшасын игере алмай жатыр

"Алдыңғы жылдары жұмыс жүргізуге қаражат жетпеген еді. Егер былтырғы жылы бюджеттен 28 млрд теңге бөлінген болса, ал биыл тура 60 млрд теңге бөлінді. Мердігер мұнша көлемді игеруге дайын болмай шықты, себебі таңертеңгі сегізден кешкі алтыға дейін, оған қоса міндетті демалыспен жұмыс істеп үйреніп қалған", – деп мәлімдеді abctv.kz-ке "ҚазАвтоЖол"ҰК" АҚ-тың Павлодардағы филиалының директоры Қайрат Каребаев.

Алайда "ҚазАвтоЖол"ҰК" АҚ ПОФ директорының орынбасары Медет Дарабаевтың ақпары бойынша, қаражатты игермеу жол салушылардың сылбырлығынан ғана емес, сондай-ақ фракциялық қиыршық тас пен битум сияқты материалдың жетіспеуінен болған.

Павлодар облысының аумағында Орталық-Шығыс дәлізі аясында 2014 жылдан бері жалпы ұзындығы 383 шақырым автокөлік жолдарының учаскесін қайта құрылымдауы жұмысы басталған болатын. Бұл Ақмола облысының шекарасынан Ленинск кентіне (Павлодар маңы) дейінгі 215 шақырым мен Павлодар облысының орталығынан бастап ШҚО шекарасына дейінгі 168 шақырым жер. Барлық жұмыстың құны – 203,6 млрд теңге. Үш жыл ішінде 91,5 млрд теңге игерілген. Биылғы жылға бөлінген 59,6 млрд теңгенің 17 млрд теңгесі игерілмей, бюджетке қайтарылды.

"ҚазАвтоЖол"ҰК" АҚ ПОФ өкілінің түсіндіруінше, бөлінген қаражатты игермеуге фракциялық қиыршық тас пен битум сияқты материалдың жетіспеуі себеп болып отыр. Оның мәліметінше, биылғы жылы 1 млн 61 мың текше метр фракциялық қиыршық тас қажет болса, осының жартысы ғана дайын болған. Құмды-қиыршықтасты қоспаға деген қажеттілік 702 мың текше метр болса, ал дайындалғаны – 501,6 мың текше метр, сондай-ақ 40 мың тонна битум керек болып, оның тек 25 мың тоннасы ғана дайындалған. 2018 жылға қажет фракциялық қиыршық тас шамамен 1 млн 800 мың текше метр, битум – 57,5 мың тонна. Барлық қажет инертті материалдарды жеткізумен жергілікті компаниялар айналысады. Тамыз айында сайтта жарияланған "ПМЗХЗ" ЖШС ақпарына сәйкес, "ҚазАвтоЖол" автокөлік жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор өндірушілер арасында  маркалы жол битумын бөлудің 2017 жылға арналған индикативтік кестесін бекіткен.

"Көрсетілген кестеде "ПМХЗ" ЖШС-ға бекітілген ҚР облыстарына қажет жол битумы 160410 тонна болған. Нарықтағы битумның жетіспеуін ескере отырып, осы жылдың 2 тамызында кәсіпорын базасында "ҚазАвтоЖол"ҰК" АҚ, ҚР энергетика министрлігі, мұнай жеткізуші-компания өкілдері мен жол-құрылыс ұйымдары өкілдері қатысқан жиналыс өтті. Жиналыстың қорытындысы бойынша, хаттамаға қол қойылып, сондай-ақ мұнай жеткізушілердің берген өтініші бойынша тамыз айында 40 мың тоннаға жуық, қыркүйекте 20 мың тоннаға жуық битум өндіру туралы шешім қабылданды", – деп түсіндірді Медет Дарабаев.

Аbctv.kz-тың онда берілген өтініш пен іс жүзінде өндіріліп жатқан битум неге сәйкес келмейді деген сауалына Медет Дарабаев "ПМХЗ" битум жеткізумен тікелей айналыспайды, мұнымен облыста "ҚазБитумСервис" АҚ айналысады, олар үнемі битум өндіруде еш проблема жоқ дегенмен бәрібір проблема туындап жатады деп жауап берді.

Ал құмға қатысты мәселені директордың орынбасары abctv.kz-ке былайша түсіндірді: "Маусым соңына қарай ірі ұйымдар келесі жылға материал дайындауға кіріседі. Олар барлық қаражатты құм өндіретін зауыттарға жібереді. Ал олар болса қажет қорды дайындайды. Бұл үлкен көлем. Зауыттар ақшасын төлеп қойған ірі компаниялардың тапсырысын дайындамайынша, 200-300 тонна құм қажет ететін шағын компаниялармен жұмыс жасамайды. Шағын компанияларда басы артық ақша болмағандықтан, өздеріне қажет материалға алдын ала тапсырыс жасай алмайды. Проблеманың бәрі осыдан шығады", – деп түсіндірді ол.

Автожолдың бұралаңы

Орталық – Шығыс дәлізін қайта құрылымдау жұмысы басталғалы бері бұл төңіректі де дау-жанжал мен шенеуніктердің ұсталуы секілді жайсыз оқиғалар айналып өтпеді. Осы жылдың көктемінде қаражатты ысырап қылғаны үшін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ ПОФ директорының сол кездегі орынбасары А. Қасымханов ұсталған болатын. Бұдан бір жыл бұрын "Автожолсервис" ЖШС серіктестерінің арасында талас туындап, жол учаскесінің біріндегі жұмыс тоқтады. Салдарынан "АДСТ-К" ЖШС, "Ақмолажолсервис" ЖШС, "ДАК-Т" ЖШС-ның секілді үш қосалқы мердігердің 450 жұмысшысы жұмыссыз қалды. Мәселе араға тек бірнеше ай салып барып қана шешілген.

Сонымен қатар ирандық компанияның өңірдің қиыршық тас өндіретін ірі кәсіпорындарының бірін айналыс қаражатынсыз қалдырғаны туралы тағы бір жағдай орын алған еді. Келген шығын 200 млн теңгеден асатындығы айтылды.

Әшкере болған жанжалдардан басқа да оқиғалар жетіп артылады. Жұмыс нақты қашан аяқталады деген аbctv.kz-тың сұрағына Медет Дарабаев әлі атқарылатын жұмыс көп екендігін айтып: "Үлгермей жатқан мердігер ұйымдар қандай да бір шара қабылдайтын шығар деп ойлаймын. Оларға жазылған айыппұл санкциясы айына миллиард теңгеге дейін жетеді. Бұл – өте үлкен сома", – деді.

Жұмыстың дұрыс жүрмеуі материалдың жетіспушілігінен бе әлде жайбасарлықтан ба деген сауалға жауап берген шенеунік: "Жайбасарлық. Бұл менің жеке пікірім. Мұның барлығы жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауында", – деп жауап берді. Сонымен бірге бұл жұмысты атқарып жатқанына жарты ай ғана болғанын, сондықтан барлық сұраққа жауап бере алмайтынын айтты.

Өткен дүйсенбіде өткен мәжіліс отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Астана – Павлодар тас жолын пайдалануға берудің нақты мерзімін айтқан болатын.

"Астана – Павлодар жолы бойынша айтар болсақ, биыл шамамен 203 шақырым жол пайдалануға беріледі. Бұған қосымша 100 шақырымды пайдалануға береміз. Бірақ проблема болып отырған үш учаске бар. Ол жерде бұрын ирандық "Дена" компаниясы жұмыс істеп, 2015-2016 жылдары теңге бағамы өзгергеннен кейін жұмыстары қиындап, біз бұл компаниямен келісімшартты бұзған болатынбыз. Павлодар тас жолындағы үш учаскенің, сондай-ақ ОҚО-дағы бір учаскенің келісімшарты бұзылды", – деді министр.

Министр бұл учаскелерде жаңа мердігерлер жұмыс істеп жатқанын айтты.

"Барлық проблема осы учаскелердегі жұмысты аяқтауға қатысты болып отыр. 2018 жылы аталған учаскені аяқтауға соңғы ақша беріледі, яғни 2019 жылдың бюджетінде бұл жобаға ақша қарастырылмаған. Сондықтан нысан 2018 жылы толығымен пайдалануға берілуге тиіс".

Облыс шенеуніктерінің мәліметі бойынша, жыл соңына дейін ұзындығы 211 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 131 шақырым Астана – Павлодар автожолы мен жалпы ұзындығы 383 шақырымдық Павлодар – Семей автожолының 80 шақырымы бар.

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу