Отандық банктер консервативті модельден бас тарта алмай отыр

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
6555

Ал Еуропада қаржы ұйымдарының қызметкерлерін роботтар алмастыруда.

Отандық банктер консервативті модельден бас тарта алмай отыр

Алматыда Еуропа һәм ТМД елдерінің қаржы институттары мен банктерін цифрландырудың жай-жапсары талқыланды. Осы үшін ұйымдастырылған халықаралық конференцияда қаржыгерлер мен IT мамандары банктерге жасалатын кибершабуылдан қорғану мен интернет банкинг жүйесін жетілдіру мәселесін ой елегінен өткізді.

"Мicrosoft-Қазақстан" компаниясының ТМД елдері бойынша аймақтық директоры Рональд Бинковский қоғам мүшелері жасанды интеллект, виртуалды төлем картасы сияқты цифрлы құндылықтар үстемдік құрған жаңа дәуірде өмір сүріп жатқанын атап көрсетті.

"Цифрлы технология әлемнің кез келген қаласында қолжетімді. Бұл технологияның көмегімен Лондондағы немесе Шанхайдағы банк қызметін қолдануға болады. Мұндай қызметті банк маманы емес, цифрлы банк атқарады",  деді Рональд Бинковский.

Ол цифрлы банкинг жүйесіндегі жасанды интеллект қызықты әрі қауіпті технология екенін айтты.

"Еуропа елдерінде банк қызметкерлерінің саны қысқарып жатыр. Себебі олардың  жұмыстарын роботтар атқара бастады. Бізге адам мен роботтың тандемін тиімді пайдалану қажет", – деді Рональд Бинковский.

IDC компаниясының  Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Андрей Беклемишов биыл мамыр айында Ресей қаржы институттарында  антифрод жүйесі іске қосылғанын тілге тиек етті.

"Бұл жүйедегі технологияның  адамның жүріс-тұрысы мен карта бойынша шығынына, ғаламтордағы немесе оффлайндағы сауда жасау жылдамдығына қарай бейімделу мүмкіндігі бар. Клиент банктегі есепшотынан күдік туғызатын операцияны байқамай қалса, предиктивті модель іске қосылады. Банк қызметкерлері хакерлердің шабуылынан осы жүйені іске қосу арқылы  қорғанады. Шектен тыс ақылымен адамдарды шошытып алған  "Чаатвоот"  атауын қысқартып, "чат-бот"  мес­сенджер атауына ие болған  бұл модельдің болашағы зор",  – деді Андрей Беклемишов.  

Ол  "чат-бот" Ресейде кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын жеткізді.

"Мұндай жасанды интеллект кейде адам сияқты қателеседі. Ең батысы онымен қалаған тілде сөйлесе аласыз. Ол роботтар сияқты бар, жоқ деген сөздермен шектеліп қалмайды. Оның басты міндеті - клиентке көмектесу.  Жақын арада мобильді банктердің бәрінде  "чат-бот"  деп аталатын жасанды интеллект  қызмет көрсететін болады", – деді Андрей Беклемешов.

Ол дамыған елдерде нарықты үлкен компаниялар емес, ШОБ реттейтініне тоқталып, Қазақстандағы жағдайды сөз етті.

"Сіздерде нарықты "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына  қарасты  компаниялар қадағалап отыр. Демек  нарықтың кем дегенде 30%-ы соларға тәуелді.  Қазір Қазақстанда жекешелендірудің екінші толқыны жүріп жатыр. Бұрын  мемлекеттің иелегінде болға компаниялар жекенің қолына көшуде. Демек  сіздерге шикізаттық емес сектордың әр бұрышынан үлкен компания ашуға, сол арқылы ШОБ-ты дамытуға мүмкіндік бар. Қазақстандық банктерде ақша көп. Бірақ көп ақша және банк технологиясы трансформациясының дұрыс ұйымдастырылмауы сонымен қатар банктердің консервативті моделден бас тартпауы экономиканы артқа тартып отыр", – деді Андрей Беклемешов.

ОDC  компаниясының бас директоры Огыз Кусыкбарак  ТМД елдері бойынша Ресейдің интернет-нарығы Еуропаға қызмет көрсетіп отырғанын айтты.

"Банктер арасында бәсекелестің дамығаны соншалық, тұтынушылардың талабы уақыт өткен сайын өзгеріп келеді. Ресейлік "Промсвязьбанк" клиенттерінің 50%-ы цифрлы технологияны таңдаған.  Бұл - заман талабы", – деді Огыз Кусыкбарак. 

Ал "Мicrosoft-Қазақстан" компаниясы киберқауіпсіздік департаментінің бастығы Дмитрий Береснев  abctv.kz  тілшісіне  берген сұхбатында қаржы ұйымдарының технологиясы алға жылжыған сайын оның кибершабуылға ұшырау қаупі арта беретінін баяндады.

"Қазақстан цифрланған болашаққа бет бұру үшін қолданыстағы заңдарын қайта қарап, оның кейбір тұстарын қайта жазуы керек. Сонымен қатар цифрлы банкинг жүйесін меңгерген маман дайындаумен қатар кибершабуылдарға тойтарыс бере алатын арнайы ұйымдардың санын арттыруы тиіс", – деді Дмитрий Береснев.

Өз кезегінде мінберге Астана халықаралық қаржы орталығының қаржылық технология департаменті директорының орынбасары Алма Жұмабекова көтерілді. Ол әңгімесінің әлқиссасын АХҚО-ның Орта Азияда ең үлкен және ықпалды халықаралық қаржы хабына  айналу мүмкіндігі бар екенінен бастады.

Оның сөзінше, Шанхай қор биржасы Астана халықаралық қаржы орталығымен стратегиялық һәм технологиялық консалтинг, бизнес жоспарлау және нарықты кеңейту бойынша әріптестік орнатуға дайын отыр. Демек Шанхай, Гонконг банктеріндегі қаржы технологиясының трансформациясы қазақстандық банктерге де жетеді.   

"2018 жылға қарай АХҚО алғашқы транзакцияларға дайын болады. Ұлттық компаниялардың акцияларын орналастыру капиталдың жергілікті нарығын дамытуға мүмкіндік береді. Орталық нақты алты бағытқа - капитал нарығын дамытуға, мемлекеттік активтерді басқаруға, жаңа қаржы теxнологияларын ілгерілетуге, жеке адамдардың әл-ауқатын басқаруға сондай-ақ исламдық қаржыландыру мен цифрландыруды дамытуға басымдық береді", – деп қорытты ойын Алма Жұмабекова.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу