Отандық бизнес бүкіл елді еуростандартқа көтерді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2062

Үкімет қолдауымен кәсіпкерлер толық "каботаж" алды.

Отандық бизнес бүкіл елді еуростандартқа көтерді

Қазақ бизнесі әлемдік бизнес-қоғамдастыққа кірігіп жатыр. Қазақстанның дамыған елдердің "отыздығына" кіруіне үлкен серпін беретін де осы. Мәселен еліміздің "Еуро-5" стандарттарына көшуіне де халықаралық тасымалға тартылған отандық компаниялар ықпал еткен.

Бұл туралы бүгін инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты. Осы күні мәжіліс өзінің жалпы отырысында "Қазақстан және Сербия үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімді" ратификациялады.

Министр Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан аумағы арқылы халықаралық бағытта автомобиль көлігімен жүктер тасымалдау көлемі 2016 жылы 8 миллион 446 мың 700 тоннадан асты. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 15 пайызға немесе 9 мың 987 мың тоннаға көп. Бірақ бұлардан түскен табыстың барлығы бірдей біздің жергілікті бизнестің қалтасына құйылмаған.

Депутаттардың және "Атамекен" КҰП дерегінше, дәл қазір Қазақстанда халықаралық автокөлік тасымалын жүзеге асыратын 3,5 мыңдай көлік компаниясы тіркелген. Олардың автокөлік паркі шамамен 17 мың машинаны құрайды.

Дегенмен былтырғы 8,5 миллион тоннадай жүктің тек 46 пайызын ғана қазақстандық тасымалдаушы компаниялардың көліктері тасыған.

Қалғанының елу пайыздайы Ресейдің және Орталық Азия елдерінің үлесінде. Олар санға шаққанда 4,5 миллион тонна жүк тасымалдаған. Қалғандарын Қытай, Польша, Германия, Түркия тасымалдаушылары жеткізіпті.

Рас, алдыңғы жылы отандық компаниялардың үлесі бұдан да аз болған екен, бір жыл ішінде бірден төрт пайызға ілгерілеген. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Ел үкіметі мұнымен тоқтап қалмай, осы сектордағы кәсіпкерлермен бірге ары қарай жаңа белестерді бағындыруға тырыспақ.

"Халықаралық тасымалдың жалпы көлемінің 42 пайызы 2015 жылы қазақстандық тасымалдаушылардың үлесіне тиді. 2016 жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 46 пайызға дейін өсті. Біз биылғы жыл тепе-теңдікке қол жеткіземіз деп үміттеніп отырмыз. Яғни еліміздің экспорты мен импортын және Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктердің 50 пайызын көзделген жеріне дейін отандық тасымалдаушылар таситын болады. Біз бұған сенімдіміз", – деді инвестициялар және даму министрі.

Ал бұл мақсат Сербиямен қалай ұштасады? Сербия – халықаралық көлік тасымалында ойып орын алған мемлекет. Жағрафиялық жағынан оңтайлы орналасқандықтан әрі Еуропалық одақпен, Ресеймен, Түркиямен арада еркін сауда туралы келісімі болғандықтан, Сербия арқылы өтетін жүк тасымалының қарқыны артуда. Сербияның қазіргі үкіметі көліктік логистиканы жаңғырту және дамыту өз қызметінің басымдықтарының бірі ретінде белгіледі.

Оның үстіне бұған дейін Қазақстан осыған ұқсас келісімді Болгария, Румыния, Хорватия, Грекия секілді Сербия айналасындағы балқан елдерімен бекіткен.

"Біз қазақстандық тасымалдаушылар құқықтарын халықаралық деңгейде қорғау үшін осындай келісімдерге қол қоюдамыз, – деп түсіндірді мәжіліс мақұлдаған келісімге түсініктеме берген Жеңіс Қасымбек. – Оның үстіне Сербиямен осындай келісімді ратификациялау бізге оның ар жағындағы еуропалық мемлекеттерге бағыт алған жүктерді өзіміздің тасымалдаушылар көмегімен жеткізуге мүмкіндік береді. Ал бұған дейін транзитке рұқсатымыз болмағандықтан, грекиялық, болгариялық, хорватиялық немесе басқа үшінші елдердің тасымалдаушыларының қызметіне жүгінуге мәжбүр болдық. Демек біз үшін бұл құжат принципті тұрғыдан маңызға ие".

Оның айтуынша, республикамыз бүгінде әлемдегі 41 елмен арада халықаралық автомобиль қатынасына қатысты әлгіндей келісім бекітіпті.

"2016 жылы Қазақстан мен Сербия арасындағы автомобильмен жүк тасымалының көлемі 15 пайызға ұлғайды. Сөйтіп, 5 мың 400 тоннаны құрады. Оның ішінде өзара сауда мен екі ортадағы тасымал бар. Негізгі тасымалданатын жүктер – құрал-жабдықтар, қара және түсті металдар, ағаш және одан жасалатын бұйымдар. Әрине, 5,4 мың тонна дегеніңіз жалпы халықаралық көлік тасымалымыздағы 8,5 миллионның құйтымдай ғана бөлігі болып саналады. Алайда біз үшін Сербия бірінші кезекте транзиттік мемлекет ретінде қызықты. Сербия арқылы оңтүстік Еуропаның барлық дерлік елдеріне шығамыз. Сондықтан біз үшін қазір осы оңтүстік Еуропаға рұқсат алмай-ақ шығуға қол жеткізу маңызды болып отыр", – деді министр.

Түсіндіре кетсек, қолданыстағы ұлттық заңнама, соның ішінде "Автомобиль көлігі туралы" заңы бойынша халықаралық тасымал, импорт-экспорт және үшінші елдерге шығу кезінде рұқсат беруші жүйе қарастырылған. Ал бүгін мәжіліс ратификациялаған "Қазақстан және Сербия үкіметтері арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісім" бойынша екіжақты және транзиттік тасымалдар рұқсатсыз негізде жүзеге асырылатын болады.

Келісіммен сондай-ақ тасымал түрлері және бланкілермен алмасу квотасын белгілеу тәртібі реттеледі. Мұның барлығы қазақстандық тасымалдаушылар үшін тиімді болып табылады және шетелдік экспорт-импортқа бағдарланған отандық бизнестің жұмысын жеңілдетеді. Өйткені Сербия аумағы арқылы біз транзитпен оңтүстік Еуропаның мемлекеттеріне – Грекия, Хорватия, Болгария және басқаларына барамыз.

Бір қызығы, аталған келісімге қоса тіркелген "ғылыми-құқықтық сараптама қорытындысы" бойынша 1993-2012 жылдар аралығында еліміздің серіктесі ретінде Сербияның мәртебесі "0" (нөл) деген балға бағаланыпты. Үкімет бұл деректі растайды. Әйтсе де соңғы үш жыл ішінде жағдай түбегейлі өзгерген. Бұған 2016 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Сербияға сапары ықпал етіпті. Сондай-ақ Сербия басшылығы да Астанаға сапармен келіп қайтты.

Инвестициялар және даму министрлігінің хабарлауынша, қандай да бір елмен автокөліктік жүк тасымалын жеңілдету бойынша ұқсас келісімге отырмас бұрын мемлекет талдау жүргізеді екен.

"Бұл тәжірибе әдетте тасымалдың тепе-тең, паритетті шарттары болған жағдайда іске қосылады. Яғни бұл ретте біздің тасымалдаушылардың бәсекеге қабілеттілік бойынша артықшылықтары болуы керек. Егер шарттасушы елдің тасымалдаушылары әлдеқайда қуатты екені анықталса, онда ары қарай да рұқсат беруші жүйе қолданыла береді" дейді министрлік.

Отандық белді көлік-экспедиторлық компанияның бас директоры Маргарита Майко Қазақстанның оңтайлы жерде орналасуынан және көрші Қытайдың экономикалық байланысты нығайту мақсатында шығыны көп болса да құрлықтық тасымалды дамытуға күш салуы арқасында жыл сайын автокөлік тасымалының көлемі артып келе жатқанын айтады. 

"Біздің компаниямыз 2009 жылы ғана құрылды. Бастапқыда халықаралық тасымал саласында компания аша отырып, осынша көлемде клиентіміз бен жүк тасымалымыз болады деп күтпеген едік. Бұл салада клиенттерімізге көліктік-тасымал қызметтерінің кең ауқымы қажет болып шықты. Мәселен жүкті сақтандыру бойынша жеке қызметтер көрсетіледі. Біз қазір әлемнің кез келген еліндегі кез келген елді мекенге жүк жеткізе аламыз. Егер жүк аса құнды болса, оны қораптаймыз және сақталуын қамтамасыз ететін басқа да жағдайлар жасаймыз. Бұл тегін, бірақ осының арқасында тапсырыс берушілер бізді таңдайды. Әйтпесе отандық нарықта ресейлік, белорустық және басқа да тасымалдаушылар бәсекелестік көрігін қыздыруда", – дейді ол.

Логистер қараша-желтоқсан айларын етекке сүрініп, ес шығаратын қатты қарбалас кезеңі деп атайды. Бүкіл әлем бойынша кәсіпкерлер мен тапсырыс беруші компаниялар жүкті жаңажылдық мереке мен рождестволық каникулға дейін жеткізіп алуға тырысады екен. Оның үстіне жаңа жылда не болатыны белгісіз болғандықтан, бизнесмендер тауарды көбірек қордалап алуға жанталасады. Ал жылдың басындағы айларда бұл сала тынышталып қалатын көрінеді. Оның үстіне ұлан-ғайыр қазақ жерінде де, Еуразиялық континенттегі бірқатар басқа елдерде де қыстың тоңы наурызда жібіп, барлық жолдар ашылады. Демек қазір әз-Наурыз қарсаңында халықаралық көлік тасымалы да көркейе бастамақ.

Айтпақшы, аталған сектордағы отандық компаниялардың бүкіл Қазақстанды жоғары еуропалық стандартқа көтергені анықталды. Өйткені халықаралық тасымал ережелері соны талап етеді екен.

"Барлық еуропалық мемлекеттер және солармен бірге біз де халықаралық тасымалда Еуро-4 стандарттарына көштік. Биылғы жылдың ортасынан бастап Еуро-5 стандарттарына ауысамыз. Біздің мұнай өңдеуші зауыттар да осы стандарттарға сай өнім шығаруға кіріседі. Мәселен өткен жылы Индустрияландыру күнінде мемлекет басшысы телекөпір арқылы Батыс Қазақстан облысында конденсаттық зауытты іске қосты. Ол қазірден К-5 бензинін шығаруда", – деп мәлім етті депутаттарға министр Жеңіс Қасымбек.

Оның ақпарынша, биылғы жылы Атырау мұнай өңдеу зауытын, Павлодар мұнай-химия зауытын және Шымкент мұнай өңдеу зауытын қайта құру жұмыстары аяқталады деп жоспарланған. Содан кейін еліміз К-5 (АИ-92-К5-Еуро, АИ-95-К5-Еуро, АИ-98-К5-Еуро) стандарттарына көшеді. Яғни автокөлік тасымалының "экологиясы" бойынша еуропалық деңгейге көтерілеміз.

Ал тасымал қауіпсіздігіне келсек, Қазақстанда тиісті заңнама түзілген, ол да еуропалық конвенцияларға сәйкестендірілген.

Мәжілісте аталған халықаралық құжатты талқылау кезінде тағы басқа қызықты жайттар белгілі болды.

Мәселен, Қазақстан мен Сербияның төл сақтандыру куәліктері өзара мойындалмайды. Өйткені шығатын шығындарын есептей келе бизнес орта ел үкіметінен соны өтінген екен.

Нәтижесінде, жаңа келісім бойынша біздің елдің аумағына кіреберісте сербиялық тасымалдаушы шекарада бір реттік сақтандыру талонын сатып алуға тиіс болады.

Сарапшылардың түсіндіруінше, Қазақстан егер қаласа, еуропалық ортақ "Жасыл карта" бағдарламасына кіре алар еді. Бірақ бұл жағдайда біздің тасымалдаушылар халықаралық банктердің бірінде осы картаның депозитіне қомақты сома салып қоюға мәжбүрленетін көрінеді. Біздің тасымалдаушылар үшін Еуропалық одақтың қандай да бір мемлекеті аумағына енгенде бір реттік сақтандыруды сатып алу ыңғайлы әрі арзандау болып отыр. Осыған байланысты ел үкіметі де үйреншікті тәсілді қалдыруды ұйғарыпты.      

Мемлекет тағы бір мәселеде отандық бизнестің мүддесін қорғап, халықаралық аренада табандылық таныта алған. Атап айтқанда қырықтан астам елмен жүк көліктерінің тасымалын рұқсатсыз режімге көшірумен бірге, Қазақстан каботаждық тасымалға тыйым салуға қол жеткізді.

Каботаждық тасымал дегеніміз – бір мемлекеттің аумағынан шықпайтын тасымал.

"Аталған келісім аясында да біз сербиялық тасымалдаушыларға каботаждық жеткізілімге мүмкіндік бермейміз, сәйкесінше олар да осыған тыйым салуда. Бұған неге барудамыз? Бұрындары шетелдік тасымалдаушылардың Қазақстанның әлдебір елді мекеніне жүк жеткізгеннен кейін кері бағытта бос қайтқысы келмей, қазақстандық жүктерді өз еліміз көлемінде жеткізіп беруге талпынуының деректері тіркелді. Мысалы, шетелден Алматыға дейін жүк әкеледі де, Еуропаға қайтар жолда Алматыдан Астанаға дейін жүк жеткізеді. Енді бұған жол берілмейді. Өйткені бұл – қазақстандық тасымалдаушылардың нарығы және солардың нәпақасы! Біз оны шетелдіктерге беріп қоя алмаймыз", – деп шорт кесті инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

Бұл үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде ауқымды айыппұл салу қарастырылды. Егер мұндай жағдай орын ала қалса, министрлік контрагентті құлақтандырады да, заң бұзған тасымалдаушы компанияны рұқсатынан айырып, Қазақстанға кіруіне тыйым салады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу