Өз ұрпағына қастандық жасаған еркектерге әкелер ұйымы қарсы шықты

3586

Қазақстандық әкелер өз балаларын өз қолымен өлтіретін қатігез ерлердің көбеюіне қарсы тұрмақ.

Өз ұрпағына қастандық жасаған еркектерге әкелер ұйымы қарсы шықты

Бүгін Алматыда, президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Алматы қаласының әкімдігімен және "Әкелер одағы" қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізген II республикалық әкелер форумында ер кіндіктілерге осындай үндеу жарияланды.

Форум сессиясы "отбасы – қоғамдық сананы жаңғыртудағы маңызды әлеуметтік институт" тақырыбына арналған болатын. Оған модератор болған парламент мәжілісінің депутаты, мемлекет және қоғам қайраткері Бақытбек Смағұл қоғам арасында дүмпу туғызған, балаларға қарсы жасалған қылмыстарға қатысты әкелер алаңдаушылығын жеткізді.    

"Биылғы 11 қыркүйекте Алматыда тоңазытқыштың ішінен егіз баланың мүрделерінің табылуына қатысты жаншошырлық оқиға саналы адамдардың қабырғасын қайыстырып, жанын түршіктірсе керек. Ішкілікке салынған қанқұйлы әке тергеушілерге бала бағудан қажығанын, сондықтан кінәсіз сәбилерді өлтіруді ұзақ жоспарлап, іске асырғанын айтыпты. Сол сияқты өткен аптада мас күйде өзінің екі жасар қыз баласын соққылап өлтірген теміртаулық айуан әкенің қылмысы туралы естіп, жұртшылық жаға ұстады. Өкінішке қарай, рухани ұстындарды тот басып, коррозияға ұшыраған сайын мұндай санаға шаншудай қадалар оқиғалар саны көбейе беруі мүмкін", – деді депутат.

Бұл жерде әңгіме өткен аптада Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында жария етілген оқиға туралы болып отыр. Тергеушілердің айтуынша, Теміртау қаласының тұрғыны мас күйде өзінің екі жасар туған қызын өлтіріп тастаған көрінеді. Қаскүнем полицейлерге кішкентай сәбидің өзінің айтқанын тыңдамағанына және оның ескертпелеріне назар аудармағанына шағымданыпты. Соған ашуланған ол құйтақандай қызды соққының астына алған. Қаскөй қылмыскер бөбектің өмірлік маңызды ағзаларына көптеген соққы жасап, езіп тастаған. Соңынан қыз баланың мойнынан басып, буындырып өлтірген.

Депутат айтқан екі жағдайда да әкелердің "ащы суға" сылқия тойып алғаны мәлім болды. 

"Осы орайда маскүнемдікпен күрес аясында ел парламенті алкоголді өнімдердің акциздік алымын өсіру, түнгі уақытта ішімдік атаулыны сатуға тыйым салу секілді шектеу шараларын қабылдады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Жұртшылықтың жаппай қолдауы қажет. Біз, Қазақстан халқы елбасының рухани жаңғыру жалпыұлттық жобасы аясында саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылуымыз, маскүнемдік пен нашақорлыққа қарсы қоғам болып, жігі ашылмас біртұтас шеб құруымыз қажет. Әр әке, әр шеше өз балаларына арақ-шарап атаулыға жоламаудан үлгі-өнеге болуға тиіс. Әр ауылдағы елге сыйлы, сөзі өтімді ақсақалдар бөтелкеге басы байланғандармен тәрбие жұмыстарын жүргізгені абзал", – деп үндеу тастады Бақытбек Смағұл. 

Әлеуметтанушылардың зерттеуі көрсеткендей, азаматтардың маскүнемдікке салынуына негізгі үш фактор – "өмір сүру деңгейінің төмендігі", "бос уақытта айналысуға болатын, қызығушылық тудыратын пайдалы ермектің болмауы" және "отбасыдағы теріс тәрбие" ықпал етеді екен. "Бұл алғышарттарды жою мемлекет пен қоғамның осы бағытта бірлесе жұмыс жасауын талап етеді", – деген байламға келді қатысушылар.

Форумда отбасыдағы мейірімсіздік ақыр соңында ұлттық құндылықтардың эрозиясына, экстремизм мен нашақорлық секілді кесірлердің таралуына ықпал етуі мүмкіндігі айтылды.

"Парламент депутаты ретінде әртүрлі шараларға қатысқанда, ел аралағанда, сондай-ақ ұзақ жылдардан бері "Қазақстан ардагерлері" Қауымдастығы атынан әскери патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізу барысында бір жайтқа көз қанығып, көңіл сенді. Ол жайт – отбасыда баланың мейірім мен шуаққа бөленуінің қажеттілігі. Бұл балаға қуат береді, көңілін кеңейтеді, жанын жайсаң етеді. Оның өміріне нұр шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқайды. Өмірде ана алақанының қызуы мен әкенің асыл тәрбиесін ең жеңсік ас та, аста-төк байлық та, шипасы күшті дәрі де алмастыра алмайды. Отбасыда мейірім көрмеген бала рухани ұстыннан ада болып өсуі, өзін ұлттан саяқ ұстап, өзге жандарға өшпенділікпен қарауы ықтимал. Мұндай азаматтар әртүрлі жат ағындар мен экстремистік топтар үшін әлеуетті күшке, дайын материалға айналып кетуі ықтимал", – деді мәжіліс депутаты. 

Оның айтуынша, рухсыздық, руханиятсыздық кемел қоғам үшін жат құбылыс, "Болашағы біртұтас ұлт" құру жолындағы басты бір кедергі. Бөгде біреу бөріге таланып, алдынан қым-қиғаш бөгет жасалып жатса, жанынан жайбарақат жанай өтіп, сыртынан мүсіркейтін, ішінен "шүкір" дейтін, мұндай қырсық өзіне тумастай көрінетін тасжүрек жандардың көбеюі ұлт үшін үлкен қауіп, заманауи сын-қатер. 

"Батыр ата-бабамыз алпауыттар аузына жұтылып кете жаздаған Алаш жұртына араша түсіп, өз ұлты үшін арпалысқанын, жұртын ақсатуды емес, асқақтатуды ойлағанын ұмытпайық, олардың үлгісін жас ұрпақ құлағына құяйық.  Мәңгілік ел боламын деген мемлекеттің әр тұрғыны жылағанды жұбатып, жығылғанды қолтығынан демеуге даяр тұратын елгезек, мейірімді, кішіпейіл, жылыжүзді болғаны абзал. Есігіне ешқашан құлып салмаған, әр қонақты қуана қарсы алған меймандос әрі мейірбан халқымыз отарлық тұсында көрген талай қиянат пен қиямет, қуғын-сүргіндер мен қырғындар нәтижесінде бөтен жанға күдікпен қарауды үйренді, бойында бей-жайлық, селқостық сезімі бекіді.  Енді мұның барлығы өткенмен бірге қалуға тиіс. Рухани жаңғыру аясында біз әл-Фараби бабамыз аңсаған "Қайырымды қоғамды" құруға тиіспіз", – деп түйді Бақытбек Смағұл.

Әкелер форумы жұмысына ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғамдық қайраткерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар үлгілі әкелер – барлық өңірден келген делегаттар қатысқанын айта кеткен жөн. 

Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ляззат Сүлейменнің айтуынша, елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының арқасында қоғамның рухани-адамгершілік түрленуінің негізгі бағдарлары анықталған екен.

Ол қазақстандықтардың отбасылық дәстүрлерге бейімділігі қоғамда жоғары моральдық құндылықтарды және руханиятты сақтауға ықпал ететінін айтты. Бұл жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұруға мүмкіндік береді.

"Қазіргі уақытта президенттің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы №384 жарлығымен қабылданған Қазақстан республикасында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясаттың тұжырымдамасының бірінші кезеңі іске асырылуда. Тұжырымдамада баланың тәрбиесіндегі қос ата-ананың жауапкершілігін арттыру, соның ішінде жауапты әкелік институтын дамыту және үлгілі әкелерді насихаттау мәселесі алға қойылған. Қазақстанда 70 белсенді әкелердің күшімен "Әкелер одағы" қоғамдық бірлестігі құрылды, ол отбасын нығайту бойынша тәжірибелік шараларды іске асырады. 8 аймақта өкілдіктері құрылды, соның ішінде бүгінгі күні Астана, Алматы қалаларында, Қарағанды және Маңғыстау облыстарындағы өкілдіктер белсенді болып табылады, олар әкелік институтты насихаттаумен қатар өңірлерде кейбір жауапсыз әкелердің алимент төлемеуі, аз қамтылған отбасыларға мекенжайлық көмек көрсету және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешеді", – деді Ляззат Сүлеймен.

Әкелер одағының өкілдерін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарының жанындағы әртүрлі сараптамалық жұмыс топтарына тарту жүруде екен.

Форум аясында қатысушылар "Ресей Федерациясының әкелер одағы" аймақаралық қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Юрий Соленов ұсынған жұмыс тәжірибесімен танысты.

Іс-шараның соңында үздік үлгілі әкелерге Президент жанындағы ұлттық комиссияның атынан Алғыс хаттар табыс етілді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу