Павлодардың тұзы сорға емес, баққа айналып отыр

4102

"Павлодартұз" ресейлік трейдерлердің ұзақмерзімді келісімшарттарынан түскен қаражатты өндіріске инвестициялауда.

Павлодардың тұзы сорға емес, баққа айналып отыр

Әңгіме Павлодардың тұзын түбірімен сатып алып жатқан Еуразиялық тұз компаниясы турасында болып отыр. Бүгінгі күннің өзінде әлі өндірілмеген өнімді сатып алуға келісімшарт жасалып қойды.

"Олар өнім құнының шамамен 30%-ын алдын ала төлеп сатып алып жатыр. Бұл өте жақсы ұсыныс. Сол себепті ендігі жерде өнімімді қалай өткіземін деген емес, қажет өнім мөлшерін қалай өндіремін деген сұрақ мазалай бастады. Биылғы жылы күрделі жөндеуге шамамен 26-30 млн теңге, ал автокөлік алуға 20 млн теңгеге жуық қаражат жұмсауды жоспарлап отырмыз. Біз банктердің пайызы аспандап тұрған несиесіне зәру емеспіз, құрылтайшыдан ақша сұрамаймыз, барлығын да өз ресурсымыз – трейдерлерден алған ақша есебінен істеп жатырмыз", – деді abctv.kz-ке "Павлодартұз" ЖШС директоры Денис Семенов.

Кәсіпорынның ұзақмерзімді мүмкіндігі алдағы екі жылда анықталып қалады. Бүгінде Үлкен Қалқаман көлінен тұз өндіру басты назарға алынып отыр.

"Өткен жылдың күзінде барлау жұмысы жүргізілді, шамамен 4 млн тонна тұз қоры бар. Егер жоспарымызға сай, жылына 100 мың тоннадан өндірсек, алда әлі 40 жылдық жұмыс бар деген сөз. Біз Үлкен Қалқаманды Павлодарда салынатын сода өндірісі зауытына негізгі шикізат беретін жер ретінде дайындап отырмыз", – деп нақтылады директор.

Сонымен қатар Тауылжан көлі де бар, алайда ондағы тұз қоры туралы ресми анықталған нақты ақпарат жоқ. Биылғы жылдың мамырында жобалық ұйым қорды анықтау жұмысына кіріседі, компания барлауға 3-4 млн теңге жұмсамақшы.

"Жұмыстың нәтижесіне қарай қандай инвестиция салу қажет екенін анықтайтын боламыз. Ресми түрде шамамен 1,2 млн тонна тұз бар деп есептеледі. Бұл көп емес, бірақ мәселе мынада жатыр, бұған дейін кім барлау жүргізгенін біз білмейміз. Былтыр бұл жерден бар болғаны 25 мың тонна тұз өндірдік. Аталған көл бізге ас тұзын өндіріп, сату үшін де қызық болып отыр. Егер көлдің қоры біздің ойымыздан шықса, біз іске кірісеміз. Бұл жағдайда өз өнімімізді Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарына шығаруға мүмкіндік туып, басты бәсекелесіміз – "Аралтұзды" ығыстырар едік. Жалпы, техникалық тұз – бұл бастапқы кезең, өңдеудің екінші сатысы ас тұзы болып табылады. Ас тұзын өндіруге жұмсалатын күш пен ресурстар техникалық тұзбен пара-пар, ал бағасы әлдеқайда жоғары. Бүгінгі таңда нарықтағы техникалық тұздың бағасы тоннасына 7 мың теңгені құраса, ас тұзының бағасы ҚҚС-пен бірге есептесек 46 мың теңгеге жетеді. Егер болжамымыз расталса, бұл жерден жылына 50 мың тонна тұз өндіруге болар еді".

Былтыр компания тендер арқылы 6,5 млн тонна қоры бар деп барланған Тұздысор көліне қол жеткізді, бүгінде рұқсат құжаттарын дайындау жұмыстары аяқталып келеді, осыдан соң 25 жылға келісімшартқа қол қойылады. Кен орнында өндіру жұмыстары 2018 жылы басталады деп жоспарланады, жобалық қуаттылық 3 жыл ішінде 100 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Кешенді іске қосу үшін 1,5-2 млн доллар инвестиция салу жоспарланады.

"Трейдеріміз біздің тұздың 150-170 мың тоннасын Ресей Федерациясының нарығына сатуға дайын", – деді Денис Семенов.

Былтыр компания Қытай нарығын бағындырмақ болған. Ал бүгінгі күні, өз мүмкіндіктерін бағамдап, бұл ойын кейінге қалдырды, бірақ бас тартқан жоқ. Қытай үшін түймедей ғана нәрсе, павлодарлықтар үшін жақсы бизнес мүмкіндігіне айналары сөзсіз. Тұзды кеңес заманындағыдай өзен арқылы тасымалдау да солай. Қазір тұз теміржол вагондарына тиеледі, абырой болғанда, екі көлде де теміржол тораптарына кірме жол бар. Бірақ су жолымен тасымалдауға қызығып отырған клиенттер де бар.

"Біз бұл мәселені талқыладық, баржалардың жүк көтеру мүмкіндігі өзеннің су деңгейіне байланысты. Егер су деңгейі мүмкіндік берсе, әрине, бұл экономикалық тұрғыдан да өте тиімді. Сондықтан болашақта Ертістің суы тиісті деңгейге жетсе, неге көрмеске?" – деді тұз компаниясының басшысы.

Өз қолында үш тұзды көл бола тұра, компания облыстың өзге су айдындарының мүмкіндігін де зерттеді. Алайда Май ауданында орналасқан Жақсытұз көлінен басқа ештеңе табылмады.

"Бірақ көңілге селкеу түсіретіні сол, көл бұрынғы ядролық полигонға жақын орналасқан. Ашық дереккөздердің ақпаратына сәйкес, көлдің орталығынан алғашқы ядролық жарылыс болған жерге дейінгі қашықтық шамамен 10-15 шақырым. Сондықтан компанияның бұл көлге деген қызығушылығы жоғалды, алайда ондағы тұздың сапасы өте жақсы. Талдау нәтижелеріне сүйенсек, онда ешқандай радиация жоқ, ол жерден тұз өндіруге жол ашық, бірақ тұтынушы мұндай тұздан бас тартуы мүмкін. Алайда, біз тұздың қаптамасына өндіру орны Май ауданы, Курчатов деп жазуға тиіспіз", – деп қорытындылады кәсіпорын басшысы.

Марина Попова, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу