Пхёнчхан Олимпиадасындағы алғашқы жүлде

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2991

Олимпиада ойындарына үшінші рет қатысқан Юлия Галышева үшінші мүмкіндігінде үшінші орынға ие болды.

Пхёнчхан Олимпиадасындағы алғашқы жүлде

Фристайл спортының әйелдер арасындағы могул жаттығуында ел намысын қорғаған Юлия Галышева бағы жанып, қола медаль иеленді. 25-тен асқан жанкешті қызымыз осы жүлдеге ұзақ жылдар бойы шүмектетіп тер төгіп, қаншама қиындықты басынан өткеріп барып, қол жеткізді. 16 жасында ауыр жарақат алса, Сочи Олимпиадасында төрешілер әділеттік танытпағандай болып, финалға шыға алмап еді.

Юлия финалдық бәсекеде бақ сынау құқығына 9 ақпан күні өткен іріктеу сынында ие болған еді. Бірінші мүмкіндігінде-ақ 76,36 ұпай жинап, 7-орынға ие болды. Ал Аяулым Әміренова 52,78 ұпаймен 26-орынды қанағат тұтты. Кеше соңғы іріктеу сыны өтіп, Аяулым қарындасымыз финалға шыға алмады.

Финалдық бәсеке үш кезеңге бөлініп өткізілді. Әуелі іріктеу кезеңінен іріктеліп шыққан 20 қыз өз өнерлерін ортаға салды. Юлия 75,10 ұпаймен 7-орынды иеленді. Күш-жігерін үнемдегісі келді ме, әйтеуір бар қабілетін паш етпеген секілді. Десек те, келесі кезеңге өткен 12 қыздың қатарына аса қиналмай ілікті.

Финалдық сындағы екінші кезеңде жүрегімізді аузымызға тықты. 76,81 ұпаймен 6-орынға табан тіреді. Соңғы кезеңге алты спортшы ғана шығатын. Сондықтан әжептәуір қобалжыдық. Абырой болғанда, Юлиядан кейін ылдидан төмен құлдилаған Американың екі қызы үздік алтылыққа іліге алмады.

Сол екеуінің бірі Джелин Кауф болатын. АҚШ қызы 76,03 ұпаймен 7-орынды қанағат тұты. Яғни Юлиядан бір саты төмен орналасты. Негізі, осал спортшы емес еді. Биылғы әлем кубогы додасында көш бастап келе жатқан қыз. 2017 жылғы әлем чемпионатындағы паралель могул жаттығуында қола жүлдегер атанған.

Қойшы, Юлиямыз осылай, жүректі толқытып барып, финалға шықты. Кім біледі, бәлкім, өзіне сенімді де болған шығар. Себебі соңғы кезеңде жылдамдығын үдетті. Күрделі трюктерін де орындады. Төрешілер де өнерін лайықты деңгейде бағалағандай – 77,40 ұпай. Тәп-тәуір көрсеткіш. Енді қалған бес қыздың өнерін күтеміз.

Юлиядан кейін сынға түскен Аустралия қызы Джакара Энтонидің жылдамдығы өте жоғары болғанымен, техникасы мен секіруі аса жоғары бағаланбады. 75,35 ұпаймен Юлиядан төмен орналасты. Тынысымыз жеңілдей бастады.  

Финалдық сынның соңғы кезеңінде үшінші болып бақ сынаған Сочи Олимпиадасының чемпионы және 2015 жылғы әлем чемпионы, тәжірибелі Канада қызы Жюстин Дюфур-Лапуант Юлиядан асып түсті (78,56 ұпай). "Бұған таңдануды қажеті жоқ" дегендей, іштей тындық. Үнсіз тұрмыз.

Бұдан кейін өз өнерін ортаға салған Франция аруы Перрин Лаффон Канада қызынан да асып түсті (78,65 ұпай). Ал керек болса! 19 жастағы француз қызы жетіле түсіпті. Сочи Олимпиадасында 14-орынды қанағат тұтқан қаршадай қыз емес, енді. Қателеспесек, 2017 жылғы әлем чемпионатында, тура осы могул жаттығуында күміс жүлдеге ие болған.

Сонымен не керек, Юлиямыз үшінші орынға ығысты. Әлі екі қыз бар. Тағы да жүрек соғысы жиілеп кетті. Көзі қарақты жанкүйерлер елегізи бастады. Бірақ бұйыратын жүлде ешқайда да қашпайды екен. 2017 жылғы әлем чемпионы, Аустралия аруы Бриттени Кокс небәрі 75,08 ұпай еншілеп, бесінші орыннан бір-ақ шықты. Жүлде жақындай түсті ме, жүлдеге жақындай түстік пе? Тықырши бастадық.

Ендігі қалғаны – тек Канада қызы Энди Нод. Биылғы әлем кубогы додаларында жүлдеге ілігіп жүрген қыз. Финалдық бәсекенің екінші кезеңінде бағы жанып, көш бастаған. Бірақ шешуші сәтте жүйкесі сыр берді. Бірінші тұғырдан секірген соң, аяғын шалыс басып, тепе-теңдігін жоғалтты. Құлап қала жаздап, кедір-бұдыр ылди жолдан шетке шығып кетті. Болды!

Юлия Галышева – 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері. Ванкувер Олимпиадасында 11-орынға ие болып, Сочи Олимпиадасында 7-орынды көңілге медеу тұтуға мәжбүр болған қайсар қызымыз үшінші мүмкіндігінде арманына жетті. Бағы да, бабы да қатар шапты.

Фристайл. Могул. Әйелдер.

1. Перрин Лаффон (Франция) – алтын

2. Жюстин Дюфур-Лапуант (Канада) – күміс

3. Юлия Галышева (Қазақстан) – қола

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу