Полицейге Фиат мінген жарасады

5942

Қазіргі тәртіп сақшылары көлігінің "мигалкасы" ғана ұқсайды. 

Полицейге Фиат мінген жарасады

Ескі кеңестік фильмдерде "айбынды милиция" қарапайым суреттелетін: әлдебір жерден әлдебір оқиға туралы шұғыл хабар түсе сала, милиционер "уазикке" отырып, суыт аттанатын. Бұлай болмаса коляскілі мотоциклмен-ақ бандитті қуып жетіп, құрықтайтын. Алайда ол заман келмеске кетті. Қазіргі тәртіп сақшылары заманауи дизайндағы, ең жылдам, жетілдірілген көлік мінеді.

Жалпы, әлемнің әр елінде полиция қызметкерлері дизайнерлік ізденістерден еш тартынбайды. Дүниежүзі бойынша заңның қорғауында тұрған қызметтерді қазір тек "мигалка" ғана біріктіретін болса керек. Қалғаны бойынша ортақ қалып жоқ. Кейбір мемлекеттерде полиция машиналарының сыртқы кейпінде жергілікті қызықты дәстүрлер, ал бірқатарында күтпеген жаңашылдық көрініс береді.

Қазақстан

Кеңес одағы тұсында басқа 15 республика секілді Қазақстанда да тәртіп сақшылары әу баста "ГАЗ" мінген: 1938 жылдары – ГАЗ-М-1-V8, 50-ші жылдары – ГАЗ-М-20Г. 1962 жылдан бастап олар ГАЗ-23-ті, ал 1974 жылдан кейін ГАЗ-24-24-ті иеленулері тиіс еді: бұл екі модельдің қуаттылығы азаматтық нұсқаларына қарағанда екі есе арттырылған болатын және сағатына 200 шақырымға дейін жылдамдық өрістете алатын. Дегенмен олар өте аз шығарылды да, қазақстандық милиционерлерге дейін жетпеді. Олардың барлығын Мәскеудегі орталық мемлекеттік қауіпсіздік органдары басыбайлы меңгеріп кетті.

Олардың орнына ҚазССР ішкі істер министрлігі ГАЗ-69 бен УАЗ-469 жол талғамайтын көліктері негізінде жасалған ең танымал кеңестік мамандандырылған милициялық автомобиль алды. Рас оның жылдамдыққа қатысты сипаттамалары ауыз толтырып айтуға келмейтін: "Запорожецтерді" ғана қуып жете алатын күйде еді. Алайда асфальт төселмеген, тіпті мүлдем жолы жоқ ауыл-аудан милициясы үшін ол сол кезде таптырмас машинаға айналды.

Ел арасында, ауызекі тілде "луноход", "буханка", "головастик", "бобик" аталған, сары, көк жолақты автомобильдер негізінен патрульдік-посттық қызметтің пайдалануында болды. Олар өздерінің артқы бөліктерімен атақтары шықты: милиционерлер ондаған жылдар бойы бұзақылар мен маскүнемдерді аулап, сол көліктің "стақан" немесе "собачник" деп аталып кеткен артқы жағына тоғытып келді. 

Милициялық "уазиктерді" бүгінде де кездестіруге болады. Бірақ олар негізінен есептен шығарылған.

Қазіргі кезде қазақстандық полиция қызметінің биік лауазымды шенділері "КIA", "SsangYong" маркалы елімізде құрастырылған жол талғамайтын көліктерге көшуде. Қатардағы тәртіп сақшылары болса, негізінен "Фольксвагеннің" седанын мінеді.

Италия

Италия  көптеген салтанатты автокөліктердің отаны. Олардың біразын тіпті өнер туындылары қатарына жатқызуға болады. Әрине жергілікті полиция да мұндай көліктерден құр қалмаған. Мысалға итальяндық тәртіп сақшыларының қызметінде Lamborghini де тұр. 2004 жылы байлар жақсы көретін осындай екі машинаны автоконцерн полицейлерге тегін сыйлады.

Алайда жергілікті басылымдардың хабарлауынша, оның бірінің тағдыры күрделі болыпты: 2009 жылдың қарашасында ол қатты апатқа ұшыраған екен. Әйтсе де келесі жылы жапырылған қымбат көлік қайтадан көркем қалпына келтірілген.    

Итальяндық тәртіп сақшылары сондай-ақ Alpha Romeo суперкарын пайдалану мүмкіндігіне ие. Рас, бұл елде бандиттердің соңынан негізінен көгілдір FIAT-тар қуғын салып жүр. Қалай болғанда бұлар басымдыққа ие. Айтпақшы итальяндықтар өз құқық қорғаушыларының көліктеріне "пантера", "елік", "үкі" деген қызықты атақтар таққан.  

Ұлыбритания

"Тұманды Альбионның" тәртіп сақшылары мінетін көліктердің тарихы өте бай. Мәселен неге ағылшындар стандартты патрульдік машиналарды "панда" деп атайтынын білесіз бе? Шынында қазіргі кезде олардың түр-түсі бойынша шығысазиялық осы аңға ұқсастығы шамалы. Ұлыбританиялық полиция машиналары ақ түсті болып келеді, оған көгілдір, сары немесе жарық қайтаратын лайм түсті әртүрлі торшалар ("шашка") түсіріледі. 

Бірақ бұрын олай болмаған. Осы "лақап ат" туындаған 60-шы жылдары ағылшындық шағын патрульдік көліктерді қара түске бояйтын болған және ақ теңбілмен таңбалаған. Кейін бұл безендіру "тым жабырқаңқы" деп танылған деседі: көгін онсыз да "смог" басып тұратын жерде жұртшылықтың көңіл-күйін тіптен түсірмеу үшін құқық қорғау қызметі ақ түсті таңдапты. Ал көшеде қаптаған өзге ақ көліктерден ерекшелену үшін полиция машинасына ірі сары-көгілдір "шашка" түсіріледі.

Бір айта кетер жайт, британдық полицейлер де қарқынды қуғындарда Lamborghini пайдаланатын көрінеді.

Үндістан

Индиялық полиция өз жұмысында автомобильдердің әралуан моделін қолданады. Бірақ ортақ ереже бар: олардың барлығы Үндістанның өзінде құрастырылады. Машиналардың дизайны сан құбылады. Дегенмен барлығына дерлік ақ түс араласады. Қалғанында бұл елдің әрбір штаты әртүрлі әрлендіру нұсқаларын таңдайды.

Әсіресе Дели полициясының автокөлігінің сыртқы кейпі қызық. Ол толығымен аққа боялған, оның үстіне қаптаған қызыл түсті жазулар жазылады. Жалпы бұл елде полицияның "темір тұлпарлары" тентек-теліні аулап, қамайтын "темір тордан" гөрі, жедел көмек көлігін көзге елестетеді. Осы тұста Дели полициясының девизі "With You, For You, Always" ("Біз сеніменбіз. Сен үшін қызмет етеміз. Әрдайым") екендігін ескерткен жөн.

Қытай

ҚХР құқық қорғаушыларының автомобилдеріне осы алпауыт көрші елдегі коммунистік тәртіп өз табын салған: олар алуан, алабажақ түстерімен айрықшаланып, көзге түспейді, тек бүйірлерінде стандартты түрде қара-көк жолақтары бар қарапайым ақ седан болып келеді.

Бірақ қызықтысы басқа: "аспанасты елінің" тәртіп сақшылары қазіргі кезде электрокарларға міне бастады. Бұл әсіресе құмды дауыл, әртүрлі техногендік-өндірістік ластану салдарынан шаңды-улы "тұман" басатын қытайлық ірі қалалардың экологиясын жақсарту бағытындағы шаралар аясында өрістеуде.

Бүгінде электрден қуат алатын экзотикалық "темір тұлпарларды" Бейжің, Сучжоу және басқа қалалардағы тәртіп сақшылары "ерттеп" мінген.

Германия

Бұл ел автокөлік индустриясының жаһандық көшбасшыларының бірі болып табылады. Сондықтан немістердің "полицайларына" да ең жақсы отандық машиналар тиген.

Германиядағы полиция ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін, яғни ХХ ғасырдың екінші жартысында қайтадан "ребрендинг" жүргізіп, қызықты ерекшелікке ие болды. Егер бүкіл әлемде полиция қызметтері арасында көк, сұр және қара түстер ең танымал болса, немістер бірегей түстік шешім қабылдады: онда негізінен жасыл реңк пайдаланыла бастады. Бірте-бірте немістер ғана емес, бүкіл халықаралық қоғамдастық германиялық полицияның ақ-жасыл автомобильдеріне көз үйретті. 

Рас соңғы кездері бұл тәжірибе реформалануда. Немістер ортақ еуропалық қауымдастыққа кіреді, сондықтан 2000 жылдардан бастап, көлік түстерін ақ-жасылдан стандартты сұр-көгілдір түстік схемаға көшіру жүруде.

Бір айта кетер жайт, Гётенің Отанында тәртіп сақшылары тек қана неміс көліктерін қолданады. Осылайша олар қылмыспен күресте, әлемде ең озық саналатын отандық автоөнеркәсіп өнімдерінің қуатына толық сенетіндерін танытады.

Тағы бір назар аудартарлығы, неміс полицейлерінің "темір" арғымақтары керемет қарапайымдылығымен таң қалдырады: олар жарық қайтарушы, сес көрсетуші сынды қаптаған технологиялы элементтерден бас тартқан. Сонымен бірге өзге елдерден бір ерекшелігі, Германияда полиция автомобильдерінің жылдамдық және басқа техникалық сипаттамалары жетілдірілмей, базалық комплектацияда қалатын көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу