Полторанин жалпы есепте жүлдеге ілікпеді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2779

Шаңғы жарысынан "Тур де Ски" көпкүндігі аяқталып, қазіргі таңдағы еліміздің ең үздік шаңғышысы төртінші орынды қанағат тұтты.

Полторанин жалпы есепте жүлдеге ілікпеді

Шаңғышылар арасындағы "Тур де Ски" көпкүндігі биыл 12-ші рет ұйымдастырылды. 30 желтоқсан күні Швейцарияның Ленцерхайде деген елдімекенінде басталып, 6 қаңтарда Италиядағы Альпе де Чермис тауының етегінде көмбесіне жетті.

Биылғы көпкүндік бәйге жеті кезеңдік жарыстан құралған. Бірақ 3 қаңтар күні Оберстдорфта (Германия) өтуге тиіс болған төртінші кезеңдік жарыс өтпей қалды. Себеп, қатты жел тұрып, жаңбыр жауған. Сөйтіп, 2017/2018 жылдар маусымындағы "Тур де Ски" көпкүндігі бір бәйгеге қысқартылды.

Ерлер арасында бақ сынаған Қазақстан шаңғышысы Алексей Полторанин биыл ерекше көзге түсті. Әуелі, 31 желтоқсан күні Ленцерхайдеде өткен екінші кезеңдік жарыста, 15 шақырымдық жеке бәйгеде екінші орынға ие болды. Ал 6 қаңтар күні Валь-ди-Фьеммеде (Италия) өткен масс-старт бәйгесінде, мәре сызығын бірінші болып қиып, кезеңдік жарыстың жеңімпазы атанды.

Сөйтіп, соңғы кезеңдік жарыс қарсаңында жоғары өрлеп, жалпы есепте екінші орынға көтерілген. Алайда соңғы күнгі 9 шақырымдық ізге түсу жарысында бағы жанбады. Сөреден екінші болып шыққанымен, көмбеге төртінші болып жетті. Сөйтіп, жалпы есепте төртінші орынға ығысып, жүлделі орыннан тыс қалды.

Биылғы жалпы есепте тағы да Швейцария саңлағы Дарио Колоньяның бағы жанды. Ол осымен төртінші рет "Тур де Ски" көпкүндігінің жеңімпазы атанып отыр. Екінші орын Норвегия шаңғышысы Мартин Йонсруд Сундбюге бұйырды. Үшінші орынға Канада қыраны Алекс Харви ие болды.

Әйтсе де, Қазақстан шаңғышысы биылғы көпкүндікте "атың шықпаса, жер өртенің" де керін жасады. Масс-старт бәйгесінде алдына жан салмай, жеңіске жеткен Алексейден шетелдік журналист тікелей эфир арқылы қысқаша сұхбат алған. Алайда оның ағылшын тілінде қойған екінші сұрағына Полторанин жауабын қысқа қайырып, орыс тілінде "... тым тез сөйлейсіз, мен түсінбеймін" деп салды.

Айтпақшы, әйелдер арасында бақ сынаған қызымыз Анна Шевченко жалпы есепте 29-орынды қанағат тұтты. Осы ретте айта кетейік, биыл шаңғышы қыз-келіншектер арасындағы "Тур де Ски" көпкүндігіне 32 спортшы қатысқан болатын.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу