Премьер-лиганың бәсекесі басталды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1596

Кімнің кім екені алаңда анықталады. 

Премьер-лиганың бәсекесі басталды

Футболдан Қазақстан чемпионатының премьер-лигасында бірінші турдың ойындары өтіп, қызықты нәтижелерімен жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады.

"Ордабасы" "Астананы" ойсырата жеңді

Шымкентте "Ордабасы" өткен маусымдағы ел чемпионын күйрете жеңді. Есеп – 3:0. "Астана" дәл осылай ойсырай ұтылады деп ешкім ойламаған болар. Бірақ елорда клубы биылғы маусымды өте сәтсіз бастады. Өздеріңіз білесіздер, суперкубок додасында "Қайраттан" 0:2 есебімен ұтылған. Енді, міне "Ордабасы" клубынан оңбай ұтылды. Сонда екі ойында – 0:5. Жеңіс былай тұрсын-ау, гол соғудың өзі мұң болып тұр. Әрине мұның да өзіндік себебі бар. "Астана" клубында бюджет мәселесінің күрмеуі шешілер емес. Ал "Ордабасы" клубының айдарынан жел есіп тұр. Ол "Астана" клубын 2011 жылдан бері өз алаңында жеңе алмай жүрген. Содан бері сегіз рет ұтылып, бір ойында тең түскен. Бұл жолы алты жылғы есесін ірі есеппен қайтарды.

"Тобыл"  "Атырауды" тас-талқан қылды

"Тобыл" да "Атырауды" өз алаңында талқандап тастады. Көсіле шауып, үш гол соқты. Қонақтарын өз қақпасына маңайлатқан жоқ. Бұл ойындағы голдың бәрін Қостанай клубының "Астанадан" жалға алған шабуылшысы Алексей Щеткин соқты. Ал елорда клубының қанша және қалай "доп соғып" жүргенін жоғарыда жаздық. "Атырау" биыл бас бапкеріне дейін ауыстырып, құрамын әжептәуір жаңартқан. Сондықтан болар  ойындары үйлеспей жүр. Әрі маусым басталмай жатып, тоғыз ұпайынан айырылды. Осы психологиялық тұрғыда ауыр соққы болған сияқты.

"Қайрат" "Ақтөбеден" айласын асырды

Ал "Қайрат" "Ақтөбені" өз алаңында ірі есеппен жеңе алмады. Бір сағаттан астам уақыт бойы қонақтарының қақпасына гол соға алмай, пұшайман болды. 65-ші минутта бір доп соғып, содан кейін жеңісті уысынан шығарып алмауды ғана ойлады.

Маусым аралығында құрамын оңтүстікамерикалық футболшылармен нығайтқан "Ақтөбенің" "Қайратқа" әлі де шамасы жетер емес. Алматы клубының деңгейі – бәрібір биік. Бірақ ақтөбеліктердің биыл ғана жасақталған командасының әлеуеті жоғары сияқты. Ойын өрнегі үйлесіп, жетіле түссе, қарымды "Қайратқа" да дес бере қоймас.

"Ертіс" "Ақжайықты" әупіріммен жеңді

"Ертіс" былтыр Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанғанымен, белді ойыншыларының көбінен, әсіресе легионерлерінен айырылып қалды. Өткен маусымның соңында футболшыларына жалақыларын уақытында төлей алмай жүргендері әр жерде айтылып та, жазылып та жүрді.

Сондықтан биыл команда құрамын қайтадан жасақтауға мәжбүр болды десек артық айтқандық емес. Осыдан ба, әйтеуір ел чемпионатының бірінші турында "Ақжайықты" әрең жеңді. Әрең дейтін себебіміз, екінші голды пенальтиден соқты.

Ал "Ақжайықтың" жағдайы мүлде белгісіз. Қалтасы жұқа, бюджеті жұпыны сияқты. Құрамын ел біріншілігі басталар кезде толықтырып үлгерді. Бас бапкеріне де, ойыншыларына да жанкештілік танытпаса болмайды. Павлодарда олар тура осылай істеді. Тырысты, бірақ тым болмаса бір ұпай олжалап қайтудың сәті түспеді.

"Қайсар" – "Оқжетпес": ойын тағдырын пенальти шешті

"Қайсар" мен "Оқжетпес" бірін-бірі жеңе алмай 90 минут арпалысты. Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда алаң иелері пенальти тебу "бақытына" ие болды. Ойын тағдырын 11 метрлік айып добы шешті.

Әрине "Оқжетпес" тайлы-тұяғымен төрешінің бұл шешіміне наразы болды. Тіпті Қазақстан футбол федерациясының төрешілер департаментін басқаратын Николай Левниковке арнайы мәлімдеме жасап, пенальтидің болғанын, осы матчқа қазылық еткен бас төрешінің дұрыс шешім қабылдағанын жіктеп шығуға тура келді.

Негізі көкше клубының қорғаушысы соңғы секундтарда жаза басып, әуелеп ұшып келе жатқан допты білегімен тоқтатты. Қорғаушы допты дәл осылай ырқына көндіріп алмағанда, жападан жалғыз тұрған "Қайсар" шабуылшысының қауіп төндіруі мүмкін еді.

Сөйтіп премьер-лигаға қайта оралған Қызылорда клубы бағы жанып, үш ұпай олжалады. Ал "Оқжетпес" ойын соңында сан соғып қалды. Бір ұпай соңғы секундтарда сынаптай сусып кете барды. Бұл енді сабақ болса игі, ойын аяқталғанша, тізгін тартуға болмайды.   

"Тараз" бен "Шахтер" ұпай бөлісті

Құрамдарына қарасаң, екеуі де ел чемпионатының жүлделі орындарына таласатын командаларға ұқсамайды. Ойындары да солай сияқты. Қарқындары аса жоғары емес. Әрине  "Шахтер" үшін түзден бір ұпай олжалап қайту жаман көрсеткіш емес.

Бірақ екінші тайм басталған бетте "Тараздың" бір ойыншысы тым дөрекі ойнап, алдындағы футболшыны аяғымен шалып құлатты. Төреші оны бірден алаңнан қуды. Осылайша алаң иелері 10 ойыншымен қалды. Енді оларға гол соққаннан гөрі, жеңіліп қалмау маңызды болды.

Ал "Шахтер" 40 минут бойы бір футболшысы артық болса да, "Тараздың" қақпасына гол соға алмады. Екеуі тең ойынды қанағат тұтты. Маусымның басы болғандықтан ба, екі команда да өрнекті ойын үлгісін көрсете алмады. Ойыншылары спорттық баптарына әлі келе қоймаған болар, әлі серпіле түсер.

Қазақстан чемпионаты. Премьер-лига. 1-тур

"Ордабасы" (Шымкент) – "Астана" – 3:0

"Тобыл" (Қостанай) – "Атырау" – 3:0
"Ертіс" (Павлодар) – "Ақжайық"(Орал) – 2:1

"Қайрат" (Алматы) – "Ақтөбе" – 1:0
"Қайсар" (Қызылорда) – "Оқжетпес" (Көкшетау)– 1:0

"Тараз" – "Шахтер" (Қарағанды) – 0:0

Ертең 2-тур
"Ертіс" – "Астана"

"Қайрат" – "Оқжетпес"

"Ордабасы" – "Атырау"

"Тобыл" – "Ақтөбе"

"Ақжайық" – "Шахтер"

"Қайсар" – "Тараз"

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу