Проблемалы несие қорын басқару үкіметке тапсырылады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2682

Заңнамалық норманы пленарлық отырыста сенат бекітті.

Проблемалы несие қорын басқару үкіметке тапсырылады

Тапсыру туралы ереже азаматтық, банкілік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызметті жақсарту мәселелері бойынша заңнамалық актілерге енгізілген түзетулер құрамында қабылданды. "Проблемалы несиелер қоры" АҚ-ны ұлттық банктен үкіметке тапсыру қаржылық секторды қалпына келтіруге бағытталған шаралардың бірі ретінде қарастырылады.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков мұндай әрекет әлемдік саясатқа сәйкес екенін abctv.kz-ке түсіндірді.

"Бұл қалай дегенмен мемлекеттің қазыналық шығыны, сондай-ақ қордың негізгі міндеті – активтерді шынайы айналымға шығару, мұндай шараның қолданылуы осымен байланысты. Егер халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсек, осы тектес қорлардың барлығын негізінен мемлекет қаржыландыратынын көруге болады. Себебі бұл мемлекеттің қызметіне жақын, бұл – қазыналық шығын. Біз Ұлттық банк тәрізді тек ақша шығарушымыз және үкіметтің акционер болуы дұрыс", - деді ол.

Олег Смоляков мырзаның айтуынша, үкіметке тапсырылғаннан кейін қордың жұмысында ерекше өзгерістер орын алмайды, себебі ПНҚ-ның барлық жұмысы тиісті құжаттармен реттелген. Алайда ол қордың қызмет аясы кеңеюі мүмкін екенін жоққа шығармады.

"Активтердің қандай түрі (банктердегі проблемалы) бар екенін қараймыз, қазір ол тізімның аясы тым тар. Қор банктерден тағы қандай қосымша актив  түрлерін ала алады деген мәселені қарастырамыз", - деп атап өтті Олег мырза, сондай-ақ қордың негізгі міндеті – банк секторын қалпына келтіру екеніне және бұл өзгеріссіз қалатынына назар аударды.

Еске сала кетсек, бейсенбіде парламент қабылдаған 2017 жылдың республикалық бюджетін нақтылау аясында, екі трлн теңгені капиталға айналдыру үшін ПНҚ-ға бөлу көзделген болатын. Оған қажетті қаражат мақсатты трансферт  түрінде Ұлттық қордан және бюджет тапшылығын ұлғайту есебінен тартылады.

Ұлттық банктің еншілес құрылымы – "Проблемалы несиелер қоры" АҚ (ПНҚ) 2012 жылы құрылды. ПНҚ-ның дауыс беруші акцияларының 100% Ұлттық банкке тиесілі. 2014 жылы қорды қаржыландыру үшін 250 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда ПНҚ-ның жарғылық капиталы 450 млрд теңгені құрайды. Қордың 2015 жылғы тексерілген қаржылық есебіне сүйенсек, 2015 жылдың 31 желтоқсанында қордың капиталы 331,6 млрд теңгеге жеткен, ПНҚ-ның жиналған шығыны – 118,362 млрд теңге. 2015 жыл бойы ПНҚ екінші деңгейлі банктен жылдық мөлшерлемесі 5,5%-ды құрайтын 250 млрд теңге қаражатты 10 жылға депозитке салды. Мұндай салым жасаудың мақсаты жұмыс істемей отырған несиелердің санын азайту. Сондай-ақ ПНҚ 9 екінші деңгейлі банкке жалпы сомасы 130 млрд теңгені 2,99%-ды құрайтын жылдық мөлшерлемемен 20 жылға депозитке салды. Салымның негізгі сомасын банктер 10 жыл ішінде бөліп-бөліп қайтарады.  Бұл қаражатты банктер  жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыруға жұмсауы тиіс болатын. 2015 жылы ПНҚ Ұлттық банктен қарапайым акция түрінде 130 млрд теңге және қаржы министрлігінен артықшылық берілген акция түрінде 64,946 млрд теңге сомасын алды.

Қордың негізгі міндеті – ҚР екінші деңгейлі банктерінде несие қоржынының сапасын жақсартуға жәрдемдесу. Проблемалы қарыздарды сатып алып, осындай активтерді басқару акционерлік қоғам жұмысының негізгі әдісі. 2011 жылдың 11 наурызында ҚР қаржылық тұрақтылық және қаржы нарығын дамыту кеңесінің қаулысымен бекітілген екінші деңгейлі банктер активтерінің сапасын жақсарту тұжырымдамасына сәйкес, ПНҚ-ға табыс табу міндеті жүктелмеген, қордың негізгі міндеті – екінші деңгейлі банктердегі проблемалы қарыздардың коэффициентін жақсарту. 2015 жылдың 31 желтоқсанында банктің дауыс беруші акцияларының 100% Ұлттық банкке тиесілі болды.

Ирина Севостьянова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу