Психикалық дертке шалдыққан 3 адам жүргізуші куәлігін қажетсініпті

2613

Дәрігерлер шизофрениямен ауыратын адамдарға "дені сау" деп жалған анықтама берген.

Психикалық дертке шалдыққан 3 адам жүргізуші куәлігін қажетсініпті

Қарағанды  қаласының Қазыбек би аудандық прокуратурасы 2012 жылы психоневрологиялық диспансерде емделген және тізімге қойылған үш азаматтың көлік жүргізу куәлігіне ие болғанын әшкереледі. 

Шизофрения диагнозы қойылған адамдар 2015 жылы ел қатарлы жүргізуші куәлігін алған.  

"Жүйке жүйесі сыр берген азаматтар осы уақытқа дейін көлік басқарып келген болуы мүмкін, әзірше нақты айта алмаймыз", – деді прокуратура қызметкерлері.

Сорақысы сол, психикалық дертке шалдыққан азаматтарға денсаулық сақтау саласының мамандары "дені сау" деген анықтама берген. Осы анықтаманы пайдаланған ақыл-есінде ауытқушылығы бар азаматтар көлік жүргізу куәлігін алардың алдында қойылатын барлық талаптарды орындап, тиісті құжатқа қол жеткізген. Ал шизофрения дертіне шалдыққан адамдарға заң бойынша көлік басқаруға тыйым салынған.

Таяуда осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Дәл қазір науқас адамдарға "дені сау" деген анықтаманы қай мекеменің мамандары бергені анықталып жатыр.

"Бұл істің материалдары жалған медициналық анықтаманың жасалуына байланысты сот алдындағы тергеуге жіберілді. Егер медицина саласының мамандары әлгі адамдардың  психикалық дертке шалдыққанын біле тұрып анықтама берген болса, тиісті жазасын алады, – деді Қазыбек би аудандық прокуратурасының бөлім бастығы Әділбек Мақашев.

Құзырлы орган өкілдері ішкі істер органдарына сот арқылы 3 адамның  жүргізуші куәлігінің күшін жоюға нұсқау берді.

Біз мәселенің мән-жайын білу үшін психоневрологиялық диспансердің дәрігерлеріне жүгіндік.  Олар жүйке жүйесі сыр берген адамға жүргізуші куәлігін ұсыну ақылға сыймайтын іс екенін, мұндай адамдар жолда өздерінің ғана емес, өзгелердің де өміріне қауіп төндіретінін айтты.

Мамандардың сөзінше, шизофрения дертіне шалдыққан адамдардың кейбірі сырт көзге ешқандай күмән туғызбаса да, қас-қағым сәтте құбылып, не істеп, не қойғанына есеп бере алмай қалуы мүмкін.  

"Біздің мекемеде медициналық тексерістен өткізудің бекітілген талаптары бар. Тексеріс сол талаптарға сай өткізіледі. Біз беретін анықтаманы лицензиясы бар басқа медициналық мекемелер де бере алады. Ол мемлекеттік немесе жеке меншік болуы мүмкін. Дәл қазір қай мекеменің қызметкері заңға қайшы келетін әрекетке барғаны белгісіз. Айта кетейін жүргізуші куәлігіне ие болғысы келген адам медициналық тексерістен өтуден бөлек психикалық тест тапсырады. Науқас адамдар осының барлығын қалай еңсерген, әлде оларға біреулер басынан аяғына дейін көмектескен бе?  Осы сұраққа жауап таба алмай отырмыз", – деді облыстық психоневрологиялық диспансер директорының орынбасары  Ольга Трушкова.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу