Рио Олимпиадасының жүлдегері Азияда жүлдесіз қалды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1865

Күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатының үшінші күні қыздарымыз бір күміс, екі қола олжалады.

Рио Олимпиадасының жүлдегері Азияда жүлдесіз қалды

Нью-Делиде өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер арасындағы еркін күрестен (немесе әйелдер күресінен) бес медаль жиынтығы сарапқа салынып, Қазақстан қыздарына үш жүлде бұйырды (бір күміс, екі қола).

53 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Жұлдыз Ешімова құрлық біріншілігін ширек финалдан бастап, әуелі Тайпэй қызынан басым түсті (12:1). Жартылай финалда Корея балуанымен кездесіп, шектен тыс тартысты өткен белдесуде жеңісті жұлып алды. Ұтылып жатып, қарсыласын астына қимылдатпай басып алып, берілуге мәжбүр етті. Алайда финалда жапон аруы Маю Мукаидадан ұтылып қалды (0:10). Жұлдызымыз – күміс жүлдегер.

60 келіде сынға түскен Аяулым Қасымова ширек финалда Корея қызынан басым түсті (4:0). Бірақ жартылай финалда Жапонияның мақтанышы, Рио Олимпиадасының чемпионы Рисако Каваидан ұтылып қалды (3:15). Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде Өзбекстан үміті Набира Есенбаеваны боз кілемде арлы-бері аунатты (13:3). Қасымова – қола жүлдегер.

48 келіде белдескен Ирина Борисова бұл салмақта балуандар біршама болса да, жолы болып, боз кілемге ширек финалдан бастап шықты. Әуелі Таиланд спортшысы Манлика Есатиді екі минутқа жеткізбей жеңді (10:0). Бірақ жартылай финалда Корея қызына төтеп бере алмады (0:10). Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде қырғыз Саяна Баизовадан айласын асырды (10:4). Борисоваға да бұйырған қола жүлде болды.

69 келіде ел намысын Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова қорғаған болатын. Өкінішке қарай, Эльмираның Үндістан кілемінде жолы болмады. Ширек финалда 2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Жапония саңлағы Сара Дошоға тап болды. Шектен тыс шиеленісті өткен белдесуде 1:3 есебімен есе жіберіп алды. Бірақ қарсыласы финалға шыққандықтан (жапон қызы артынан Азия чемпионы болып тынды), қола жүлде үшін белдесу құқығына ие болды. Алайда Қытай аруы Фенг Жоуды ұтып жатып, үзілістен кейін құрсауына түсіп қалды (2:7). Сөйтіп қола жүлде де көзден бұл-бұл ұшты. 2014 жылдан бері Азия чемпионаттарында үш рет жүлдегер атанып, бір қола және екі күміс еншілеген қарындасымыз биыл бірінші рет жүлдесіз қалды. Осы ретте 2008 жылы жасөспірімдер, ал 2012 жылы бойжеткендер арасында Азия чемпионы болғанын да айта кетсек, артық болмас.

55 келіде өнер көрсеткен Марина Седнева бірінші айналымда Тайпэй қызынан басым болғанымен (10:0), ширек финалда Қытай аруынан ұтылып қалды (1:12). Қарсыласы жартылай финалда жеңіліске ұшырап, Маринамыз қола жүлдеден де үмітін үзді.

Бүгін әйелдер арасындағы Азия чемпионаты 58 келідегі қыз-келіншектердің күресімен тәмамдалады. Енді боз кілемге еркін күрес шеберлері шығады. Сенбі күні олар төрт салмақ дәрежесінде (57 келі, 65 келі, 74 келі және 97 келі) құрлық жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтайды.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу