Салымшыларды сан соқтырды

2781

Қаржы пирамидасы арқылы 3 млрд теңгені жеп қойған алаяқ әйел Ресейге қашпақ болған.  

Салымшыларды сан соқтырды

Қарағанды да қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен құрыққа іліккен Елена Колесникованы қамауға алу санкциясы осымен үшінші рет ұзартылды. Бүгінде алаяқтықпен айналысқан әйелден зардап шеккендердің саны 1500 адамнан асып отыр. Құқық қорғау қызметкерлері осы уақытқа дейін мың салымшыдан жауап алып, 900 адамды зардап шегуші деп таныды.

2016 жылы құрылған "Финанс опто групп" ЖШС 5 айдың ішінде Қарағанды, Теміртау, Астана тұрғындарынан 3 млрд теңге жинап алған.

Елена Колесникова әу баста салымшыларға тиісінше пайыздық сомма төлеп, үш салымшының пәтеріне күрделі жөндеу жұмысын жасап берген. Кейін өзгелерді қақпанға түсіру үшін жөнделген пәтерлерді жарнама ретінде пайдаланған. Бұған қоса бірнеше дүкен ашып, ыдыс-аяқ сатқан. Салымшыларға салымдарының үстеме ақысы ретінде ыдыс сыйлаған кездері де болған.

Салған салымын апта сайын 14 пайызбен үстемелеп алуға қызыққан адамдар ең төменгі салым 50 мың теңгені "Финанс опто групп" ЖШС-ға ойланбастан өткізе берген. Осылайша "Оптовка" деген атаумен танылған қаржы пирамидасының  салымшылары көбейіп, алаяқ әйелдің жоспары жүзеге асқан.

Тиыннан теңге құраймын деп сан соғып қалғандардың арасында зейнеткер Күләш Тұрсынова бар.  Ол қаржы пирамидасына  зейнетақысын аударып отырғанымен қоймай, 4 ұлын салымшылардың қатарына қосқан.

"Мен апта сайын салған ақшамның пайызын алып отырдым. Оны күнделікті азық-түлігіме жұмсап жүрдім. Менің пайдаға кенелгенімді көргеннен кейін бір ұлым 600 мың, бір ұлым 800 мың салды. Қалған екі ұлым банктен 1 млн теңге несие рәсімдеп, салымшы атанды. Біз бүкіл отбасымызбен сорлап қалдық", – деп зар иледі Күләш Тұрсынова.  Ал тегін атамауды өтінген Теміртау қаласының тұрғыны Александр "Финанс опто групп" ЖШС-ға 2 млн теңгесін бере салыпты.  

"Ақшам жинала берсін деп, пайызын сұрамай жүре бердім. Көңілімде күдік пен күмән болған жоқ. Себебі салымшылардың қатарында полиция қызметкерлері мен шенеуніктер бар екенін білетінмін. Енді міне, тақырға отырып, қу тіземді құшақтап қалдым. Бұл – заңсыз бизнес болса, оны құзырлы органдар білсе, неге алдын ала тосқауыл қоймады, неге іс насырға шапқанда ғана әрекет етіп жатыр, – деп ызаға булықты алданған салымшы.

Құқық қорғау  қызметкерлері жалпақ жұртқа жомарттық танытып жүрген  ЖШС-ның әрекетінен өткен жылы секемденді. Сөйтті де бірден тексеріске көшті. Ізінше ЖШС-ның директоры қамауға алды.

Қаржымен жарылқайды деген Елена Колесникованың тұтқындалуы салымшылардың төбесінен жай түсірді. Алаңдаған жұрт ә дегенде "Колесникованың жазығы жоқ, оны қамаудан босатыңдар!" деген талаппен шеруге шықты. Іске прокуратура араласып, халықты әрең таратты.

Кейін прокуратура қызметкерлері көпшілікке "Финанс опто групп" ЖШС-ның директорына қатысты қолдарында  бар мәліметті жайып салды.

Олар Елена Колесникова  Қазақстаннан қашпақ болғанын, Ресейге балаларын шығарып үлгергенін, жұрттан жиналған қомақты қаражаттың басым бөлігін жұмсап жібергенін және оның сыбайласы қамауға алынғанын айтты.

"Аталмыш фирмаға қатысы  бар  4 есеп шот тексерілді. Оның біреуінде 121 млн теңге бар екені анықталады. Әзірше есепшоттағы ақшаға ешкім тиіспейді. Заңға сәйкес, қаражат салымшыларға сот шешімі арқылы ғана таратылады. Бүгінгі таңда Елена Колесникованың жеке меншігіндегі 4 авто көлік тәркіленді. Елена Колесниковадан, бөлек бұл іске қатысты тағы 5 адам тергеліп жатыр", – деді Қарағанды қаласы Октябрь ауданы прокуратурасының бөлім бастығы Саржан Сабыр.

Сан соғып қалған салымшылардың үміті ақтала ма, ақталмай ма, олар ақшаларын қайтарып ала ма, алмай ма белгісіз. Өйткені прокуратура қызметкерлерінің сөзінше, Елена Колесникованың есепшотындағы ақша мен тәркіленген дүниенің жалпы құны шамамен 150 млн теңгені ғана құрайды. Бұл сомма салымшылар  салған ақшаның ширегін қайтаруға да жетпейді.

Арайлым Еркебаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу