Санкциядан сансыраған Ресей шаң қауып қалды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6692

Женева жақтан жақсы жаңалық жетті. Қазақ елі посткеңестік кеңістікте "№1 мемлекет" атаныпты.

Санкциядан сансыраған Ресей шаң қауып қалды

Қазақстан көп жылдан бері қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға мән беріп келеді. Бұл істе нәтижесіз де емес. Тек соңғы 10 жыл ішінде Қазақстанға 200 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Бұл – сенімнің көрсеткіші және инвестициялық ахуалға шетелдік инвесторлар берген жоғары баға.

"Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру біздің басты басымдықтарымыздың бірі және алдағы кезеңде де солай бола бермек" деген болатын президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Дегенмен, тәуелсіздіктің ширек ғасыры бойында Қазақстан бұрынғы кеңестік елдер арасында үнемі екінші орындарда болып келді. Себебі жатжұрттық инвесторлар қандай да бір елге инвестиция құю туралы шешім қабылдамас бұрын оның нарығына үңіледі. Бұл ретте кеңестік тоталитарлық қапаста басы өспеген қазақ елі керемет ұтылатын: 17 миллион халықты ауқым жағынан солтүстік көршіміздегі 146 миллион тұрғынмен тіпті салыстыруға да болмайтын. Салдарынан, республикамыз үнемі Ресейге жол беріп келді. Бұл тұйықтан шығу үшін де елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Еуразиялық экономикалық одақты" құруға бастамашы болғаны мәлім: егер нарық ортақ болса, көршіміздің әлгі артықшылығы жоққа теңеседі – шетелдік инвесторларға салығы аз, қолайлы шарттары мол Қазақстанда кәсіпорын ашып, сол жақтан ЕАЭО алып нарығына шығу оңтайлы болады.

Одақ құрылғалы бұл мүмкіндікті алыс шетел түгіл, көрші Ресейдің де кәсіпорындары белсенді пайдалана бастаған болатын: 7 мыңнан астам ресейлік кәсіпкер тіркелген орнын ауыстырып, Қазақстанның резидентіне айналып шыға келіпті. Бизнесмендердің жаппай көршіге "көшуінен" қорыққан Ресей үкіметі жедел шаралар қабылдады, оған сәйкес, мысалы, мемлекеттік сатып алуларда басымдық РФ-да тіркелген заңды тұлғаларға берілетін болды. Нәтижесінде, бұл елдің нарығына кіру үшін енді қазақстандық тауар өндірушілерге де немесе ресейлік жергілікті компания арқылы қимылдауға, әйтпесе соларда резидент болып табылатын компания құруға мәжбүр болды.

Әрине, мұның барлығы келіссөздер арқылы шешілетін мәселе. Әзірге Қазақстан алыс шетелдерден инвестиция тартуға тырысуда әрі табысқа жетуде. Бұл табысын халықаралық қауымдастық мойындап отыр.

Сонымен, Қазақстан енді Ресейді де басып озды. Бұл туралы штаб-пәтері Женевада орналасқан БҰҰ-ның сауда және даму конференциясының  (UNCTAD – United Nations Conference for Trading and Development) баянжазбасында айтылады.

Бұл жерде бір жайт назар аудартады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ресейлік экономикаға құйылған шетелдік тікелей инвестициялар көлемі 62%-ға артып, $19 миллиардты құраған. Ал Қазақстан былтыр 20,6 миллиард доллар шетелдік тікелей инвестицияларды (ШТИ) тарта алды. Бұл ретте баянжазбада РФ ШТИ көрсеткішінің осынша пайыздық өсімін "Роснефть" мемлекеттік мұнай компаниясының 19,5%-дық акциясының сатылуы берген екен. Яғни, жатжұрттық инвесторлардың бұл елге деген қызығушылығы күрт өсті деп айтуға келмейді. 

"Қырғиқабақ соғыстан" кейін қалыптасқан әлемдік тәртіпті бұзғаны үшін санкциялық қысымға ұшыраған Ресейде 2014 жылы шетелдік тікелей инвестициялар көлемі 70 %-ға, ал 2015 жылы тағы 92%-ға құлдыраған. Жоғарыда айтылғандай, былтыр да көтерілгені шамалы, сондықтан РФ үкіметі мемлекеттік алпауыт жаһандық компанияларын да сатып, күн көруге мәжбүр болып жатыр.

Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылы бүкіл әлем бойынша ШТИ көрсеткіші 2015 жылмен салыстырғанда, 13%-ға – 1,52 триллион долларға дейін азайған. Бұл инвесторлардың қазіргі күрделі шақта өзге елдер экономикаларына экспансия жасаудан аяғын тарта бастағанын аңғартады.

Осы жағдайда Қазақстанның инвестициялық рекорд жасауы шынымен қайран қалдырады.

Тағы бір таң қалдырарлығы сол, дүниежүзіндегі барлық дамушы елдерге қосымша бағыт алған барлық инвестициялардың жартысына жуығы – жалғыз Қазақстанға жол тартыпты.

"Өтпелі экономикаларға келген тікелей шетелдік инвестициялардың ағыны 38%-ға немесе $52 млрд-қа өсті. Бұған Қазақстанға құйылған ШТИ-лар ағынының екі еселенуі елеулі түрде ықпал етіп отыр" делінген ЮНКТАД баянжазбасында. Бұл жерде Қазақстанда бұл өсім негізінен, пайдалы қазбаларды өндірудің жандануымен байланысты екені де айтылған.

Енді қараңыз: БҰҰ құрылымының осы баянжазбасына сәйкес, былтыр бүкіл Еуропа бойынша инвестициялардың 22 пайызға, Латын Америкасы мен Кариб теңізі жағалауы елдерінде – 19%-ға, Африкада 5%-ға қысқарған.

Өз кезегінде Қазақстанның Ұлттық банкі өткен жылғы инвестиция көрсеткіші бойынша егжей-тегжейлі мәліметті ұсынды. Оған жүгінсек, шетелдік тікелей инвестициялар бойынша нетто-ағын 14,4 млрд АҚШ доллары (2015 жылы 3,1 млрд АҚШ доллары) болды.

"Тікелей инвестициялау операциялары бойынша қаржылық активтердің 3,2 млрд АҚШ долларына ұлғаюы негізінен қазақстандық кәсіпорындардың өздерінің шетелдік бас компанияларына берген фирмааралық қарыздарының есебінен болды. Шетелдік тікелей инвестициялар бойынша міндеттемелердің 17,6 млрд АҚШ долларына таза өсімі фирмааралық қарыз алумен, оның 16 ішінде арнайы мақсаттағы шетелдік еншілес кәсіпорындар арқылы, сондай-ақ кірістерді қайта инвестициялауды қоса алғанда, шетелдік тікелей инвесторлардың Қазақстан кәсіпорындарының капиталын ұлғайтуымен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде, 2016 жылдың қорытындысы бойынша Шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 39,9%-ға ұлғайды және 20,6 млрд АҚШ доллары болды" деп хабарлайды Ұлттық банк.

Бұл ретте шетелдік тікелей инвестициялардың салымы мұнай және табиғи газ өндіруге – 5,7 млрд АҚШ долларын, геологиялық барлау және зерттеулер жүргізу қызметіне – 4,8 млрд АҚШ долларын, металлургия өнеркәсібіне және машиналар мен жабдықтан басқа, дайын металл бұйымдары өндірісіне – 3,3 млрд АҚШ долларын, көтерме және бөлшек саудаға, автокөлік жөндеуге 2,3 млрд АҚШ долларын құрады.

Әлем бойынша тікелей шетелдік инвестицияларды алушылардың ірі үштігін АҚШ ($385 млрд), Ұлыбритания ($179 млрд) және Қытай ($139 млрд) құрайды. Халықаралық сарапшылар биылғы 2017 жылы ШТИ әлем бойынша "шамамен 10%-ға өседі" деп болжап отыр. Бұған әлемдік экономиканың 3,4%-ға өсетіні туралы жорамал негіз болуда. Бұл "майшелпектен" өз үлесін алып қалу үшін Қазақстандағы инвестиция тартуға жауапты барлық тұлғаларға шүмектеп тер төгуге тура келеді.

"Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуі бойынша міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде әлемдік жетекші тәжірибені есепке ала отырып, құрылымдық реформалар бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Негізгі мақсат – бизнесті жүргізуге барынша оңтайлы жағдай жасау, инвестициялар ағынын ынталандыру, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру" деп міндет қойды президент Нұрсұлтан Назарбаев үкімет алдына.

ШТИ көрсеткіші бойынша көшбасшылықты сақтап қалып, ары қарай өркендету үшін Қазақстан тиімді инвестициялық қызмет үшін арбитражды толыққанды дамыту қажет.

"Қазір инвесторлар, әсіресе, шетелдік инвесторлар туындаған таластарды шешу үшін шетелдік арбитраждық инстанцияларға қайырылғанды жөн көретіні құпия емес. Бұл біздің сот жүйемізге және оның шешімдеріне сенімнің аз екенін көрсетеді. Қалыптасқан халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін отандық арбитражды дамыту бойынша шаралар кешенін қабылдау мүмкіндігін қарастыру қажет" деген тапсырма берген болатын президент.

Бұл ретте "Астана халықаралық қаржы орталығының" арбитражы англо-саксондық құқық бойынша жұмыс жасайтын болады.

Инвесторларға кең жол ашу үшін бизнеске мемлекеттік қызмет көрсету жеңілдетілуде. "Электронды үкімет" функционалы кеңейтіліп жатыр.

Үкіметке барлық қолданыстағы мемлекеттік жүйелер мен деректер базасын "Электронды үкімет" платформасына интеграциялау жүктелген. Еліміз заңды тұлғаларды тіркеуді одан әрі жеңілдету жолымен жүруде. Сондай-ақ, билік жеке кәсіпкерлік субъектілерін жою процедураларын да қарапайымдандырмақ. Әйтпесе, кәсіпорнын шұғыл жабу қажет болса, әуреге түсетінін білсе, инвестор оны ашудан да бас тартуы ықтимал.

Республикада инвесторлар үшін кәсіпорын ашу, рұқсаттар алу және басқа да мемлекеттік қызметтер мен құжаттар топтамасы қазір "бір терезе" қағидаты бойынша бір жерден беріледі.

Рұқсаттар мен ескертулер беруді электронды пішінге көшіру бойынша жұмыстар жалғасуда. Сонымен бірге бизнесті тексеру санын айтарлықтай азайту көзделуде.

Кедендік рәсім-процедураларды да Үкімет барынша оңайлатқаны жөн. Өзіне қажетті құрал-жабдық пен материалдарды Қазақстанға әкелу, өндірген өнімін шетелге шығару бойынша қиындық көрсе, шетелдік инвестор теріс айналары сөзсіз.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу