Сасыған сүйектің иісі қолқа қауып тұр

5598

Қарағандыда шыбын-шіркей мен егеуқұйрық қаптап кетті.      

Сасыған сүйектің иісі қолқа қауып тұр

Соңғы уақытта Қарағандының орталық көшесінде тұратын жұрт далаға шықса жағымсыз иіске тап болып жүр. Қаланың бір жағынан малдың еті мен жүн- жұрқаның борсыған иісі шықса, келесі жағынан кәріз жүйенің иісі мүңкиді.

Мұны жұрт сан-саққа жүгіртуде. Біреулер жағымсыз иіс қаланың сыртындағы кәріздік қалдықтарды тазарту желісінен келеді десе, келесі топ Дубовкадағы шошқа өсіретін кәсіпорыннан шығады деп топшылайды. Қолқаны қабатын иіс Қарағанды да былтыр пайда болды. Бүгінде қала тұрғындары далада мұрын тыржитып жүруге мәжбүр болып отыр.  Ал жергілікті билік бұл мәселеге бас қатырып отырған жоқ. 

Тұрғындар тұншығып жүр

Қарағандының дәл жанында орналасқан Киров шахтасы ауданындағы 19 шахта деп аталатын елді мекен тұрғындары екі апта бойы сасық иіске тұншығып жатыр. Мұнда жұрт аузы-мұрнын тұмшалап жүретін жағдайға жеткен. Тұрғындардың айтуынша, елді мекенде шыбын шіркей мен егеуқұйрық қаптап кеткен.

Қарап отыра берсе істің насырға шабатынын түсінген жұрт сасық иістің қайдан шығып жатқанын анықтауға кіріскен. Іздеу жұмыстарын ұйымдастырып жүріп, ағаштардың арасынан 80-ге жуық қапқа салынған тауық сүйектерін тапқан.

"Сасық иістің осы жерден келіп жатқанын бірден түсіндік. Үйіміздің маңында неліктен шыбын-шіркейдің  қаптап кеткені де белгілі болды. Қазір шыбыннан бір, егеуқұйрықтан бір қорқып отырмыз. Балаларымызға жұқпалы ауру жұқпаса екен деген қорқынышымыз да бар", – деп қынжылды ауыл тұрғыны Қарлығаш Мамырбаева.

Бұл жерге тауық сүйектерінің қалдығын кімнің тастап кеткені белгісіз. Алайда тауық етін сүйегінен ажыратып, өнім даярлайтын жүгенсіз кәсіпкердің ісі екені айдан анық.

Тұрғындар шағымдана салысымен ветеринарлық станцияның мамандары келіп, сасып жатқан тауық сүйектерін қаланың сыртына шығарып, көміп тастады. Ізінше мамандар дизинфекциялау шарасын ұйымдастырды.

"Халыққа кесірін тигізетін әрекетті ешкім құптамайды. Қаланың сыртында малдың өлекселерін, терілерін тастайтын арнайы мал қорымы бар. Сол жерге апарып төгу керек. Бұл үшін ақы алынбайды. Мал қорымын тиісті жағдайда ұстап тұру үшін бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді",  – дейді Қарағанды қаласы ветеринария бөлімінің басшысы Ержан Бекетбаев.

Дәл қазір етін сыдырып алып, сүйегін шашып кеткен адам қалдықты қала сыртындағы мал қорымына апаруға ерінген болу керек деген болжам жасалып, полиция қызметкерлері тауық етін өндіретін кәсіпорындарды тексеруге кірісті.

Мұндағы мақсат қалдықты көрінген жерге тастап, жұртты шулатып жүрген жүгенсізді жазаға тарту. Ал Қарағандының орталығында мүңкіп тұрған жағымсыз иіс тауық сүйегінен емес екені анық. Өйткені бұл иістің қолқаны қауып тұрғанына биыл екінші жыл.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу