banner

Шағын кәсіпті шектейтін, орта кәсіптегілерге "кет" дейтін, бай-бағландарға ғана беттейтін

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4158

Банктер мен "Даму" қорынан не пайда? 

Шағын кәсіпті шектейтін, орта кәсіптегілерге "кет" дейтін, бай-бағландарға ғана беттейтін

Елімізде 1 млн-ға жуық бизнес субъектісінде  3 млн-ға жуық адам нан тауып жеп жүр. Болашақта 1 трлн теңге кәсіпкерлікті қолдауға жұмсалады деген сөз жоспар бар. Ал шағын және орта бизнес өкілдері (ШОБ) сол қаржыдан үлес ала ма? деген сұраққа әлі Үкімет тарапынан нақты жауап берілген жоқ.  Мамандар банктер мен ШОБ арасындағы бизнес формуласын заман талабына лайықтау қажет деп отыр. Мақсатқа жету үшін қайтпек керек?

"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы  индустрияландыруды жеделдетіп, бизнесті қаржыландыруға, шағын бизнес жобаларды, жоспарларды өндіріске енгізуге қол жеткізеді деп күтілген еді. Бірақ үміт ақталмады. Себебі былтырдан бері  ШОБ өкілдеріне несие беру азай­ғаны байқала бастады.

Елбасы  банктердің  бетін  шағын және орта бизнесті қаржыландыруға қарату керектігі жөнінде үлкен бағдарлама жасауды осыдан екі-үш жыл бұрын үкімет пен ұлттық банкке тапсырғаны есімізде. Өкінішке қарай,  үкімет басындағылар да, банктегілер де шарасыздық танытып, тапсырманы тиянақтай алмады. Тапсырма алған тараптар банктердің проблемалық  активтері тым көп екенін айтып, мәселені жылы жауып қойды.

Жалпы алғанда ШОБ үкіметтің, халықаралық банктердің қамқорлығынан  шет қалып жатыр деп ешкім айта алмайды.  Себебі 2015  жылы  "Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі Қазақстанға шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілеттігін арттыру бағдарламасын жүзеге асыруға 40 млн АҚШ доллары сомасында қарыз берді.  Сол  кезде  Үкіметтің қарыз алуына барынша қарсылық танытқан Мәжілістің экс-депуаты Розақұл Халмұрадов 40 млн  АҚШ доллары бизнесті қаржыландыруға  емес,  40 жаттықтырушы маман дайындау, 250 консультантты оқытудан өткізу, 125 мемлекеттік органдардың қызметшілерін тренингтер, семинарлар, таныстыру сапарларына жіберу, 100 шағын және орта кәсіпке сертификат беруге  жұмсау үшін алынғанын жеткізді. Үкіметтің де,  халықаралық банктердің де ШОБ-ты қаржыландыруға бағытталған көмегі сол  40 млн АҚШ долларынан ары аспады.

Банктер неге қашқақтайды?                         

Мұны білу үшін сарапшы маман болудың қажеті жоқ. Бұрынғыдай сырттан  келіп жатқан қаржы көзі азайған.  Халықтың депозитке салған қаржысын несие ретінде  ұзақмерзімді қаржыландыруға салу банктер үшін үлкен тәуекел. Мұндай қадамға бару үшін банктердің  несиелік портфелі таза, проблемалық активтері аз болуы керек.

"Біздің банктердің жағдайы белгілі.  Әзірге оларға тиімдісі сауда мен құрылыстан түсіп тұрған табыс, одан арыға тәуекелдері бармайды.  Мәселені шешу үішн үкімет пен ұлттық банк бірлесіп, ортақ шешімге келуі керек, – дейді қаржыгер Бейсенбек Зиябеков.

"Даму" қоры кәсіпті де, кәсіпкерлерді де алалайды

Сарапшы  Мағбат Спанов  "бәрін нарықтың ағымына жіберіп қойып, шарасыз күй кешу дағдарысқа әкеліп соқтырады" деген тосындау  ойға басымдық береді. Оның сөзінше, проблемалық активтер қоры мен банктердің  жанына құрылған тазарту қорлары қаржы ұйымдарының мойнындағы проблеманы сейілте алмайды. Үкімет тізгінді мықтап тұрып қолға алып,  шағын және орта бизнеске, қаржы нарығына байланысты саясатқа өзгерістер енгізіп,  елдің менталитетіне, жағдайына  сәйкес даму бағдарламаларын жүзеге асыруы тиіс еді. Өкінішке қарай, мұның бірде бірі істелген жоқ.

"Коммерциялық банктердің  акционерлеріне ешкім артық ауыз  сөз айта алмайды. Себебі акционерлердің барлығы шенеуніктер немесе олигархтар. Оларға белі бүгіліп, басын көтере алмай тұрған шағын және орта бизнесті қаржыландырып, ел еңсесін тіктеуге қол ұшын беріңдер! деп талап қоятын уақыт әлдеқашан келді. Бірақ бетмоншақтары үзілген  басқарушылар мұны жасай алмайды. Өйткені көпшілігі сол банк  акционерлерінің бірі болып табылады, – деді сарапшы Мағбат Спанов.

Айта кетейік, "Даму" қоры арқылы берілетін субсидияланған несие тек ұзақ жылдардан бері  жұмыс істеп келе жатқан кәсіпті ғана қамтиды. Яғни несие алуға өтініш берген кәсіпкерлердің тек 10 пайызы ғана қордың көмегіне жүгіне алады. Ал несиеге қол жеткізе алмаған кәсіпкерлер өздерінің жобаларының не себеппен  субсидияланбағанын да біле алмай, арманда кетеді. Өйткені қорда бәрі жабық, ешқандай ашықтық жоқ.

Саясаттанушы Досым Сатпаевтың сөзінше, дәл қазір біз экономикалық, қаржылық емес, басқарушылар дағдарысына тап болып отырмыз.

"Лауазымды тұлғалар өздеріне артылған жауапкершілік жүгін сезінбейді. Себебі олар осы уақытқа дейін былыққа белшелерінен батса да, жазаланған жоқ", – деді Досым Сәтпаев.

Осындайда кезінде "Қазақстандық банк жүйесі ТМД шеңберіндегі ең мықты жүйе" деген сөзді малданғанымыз, тіпті осы сөзді кез келген  жиында алға тартып, мақтанғанымыз еске түседі. Қапзір бұл сөздің жалған болғанын уақыт көрсетіп отыр. Рас бір кездері шетелден  арзан пайызбен қарызға мол ақша алып, оны оңды-солды үлестірген кезде шынында да жақсы болған шығармыз. Бірақ сол  уақытта да шағын және орта бизнестің қаржыға жарығаны шамалы. Ал қазіргі жағдайға "түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде" деп баға беруден басқа сөз жоқ. Батыстан келген дауылға тамырын тереңге жіберіп үлгерген банктердің өзі шайқалып жатқанда, жаңа  қалыптасып келе жатқан қазақстандық ШОБ-тың жағдайы қалай болатыны айтпаса да түсінікті шығар.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу