banner

Шаңғыдан әлем біріншілігінде "шаң қаптық"

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2613

Жақында шаңғы жарысынан Финляндияда әлем чемпионаты өтіп, Қазақстан шаңғышылары ауызды "құрғақ шөппен" сүртіп қайтты.

Шаңғыдан әлем біріншілігінде "шаң қаптық" Фото: Маруан Түсіп

Соңғы жылдары шаңғымен жарысу спортында Алексей Полторанинге айрықша сенім артылып, оған жан-жақты жағдай жасалды. Өкінішке қарай, Полторанин сенімді толықтай ақтай алар емес. Биыл халықаралық жарыстардың бірде-бірінде жүлдеге іліккен жоқ.

Жалпы Алексей Полотранин Саппорода өткен VІІІ қысқы Азия ойындарына барған жоқ. Бәлкім ол "Ақ Азиададан босатылды" деген дұрыс па екен? Себебі ол әлем чемпионатына дайындалды. Оның өзінің жеке командасы (жаттықтырушылары, техникалық қызмет көрсетушілері) бар. Ал командасының нақты бекітілген жоспары бар. Сол жоспармен әлем біріншілігіне дайындалуы керек болатын.

Өкінішке қарай, Полторанин жүлделі орынға іліге алмады. Әуелі командалық спринтте Иван Люфтпен бірге бәйгеге түсті. Бірақ екінші жартылай финалда бақ сынаған 12 жұптың ішінде 9-орынды қанағат тұтып, финалға шыға алмады. Уақыты бойынша қорытындылағанда 17-орынды көңілге медеу тұтты.

Бұдан кейін классикалық әдіспен 15 шақырымдық бәйгеде сынға түсті. Өзінің сүйікті қашықтығы болатын. Алайда 7-орынмен ғана шектелді. Уақыты – 37:50,3. Әлем чемпионы атанған Ийво Нисканеннен (Финляндия) 1:06,3 минут қалып қойды.

Соңғы бақ сынаған бәйгесі эстафета болды. 4х10 шақырымдық жарыста еліміздің намысын Евгений Величко, Олжас Климин, Денис Волотка және Алексей Полторанин қорғады. 16 елдің шаңғышылары бәйгеге түсіп, оның бесеуі көмбеге жете алмады. Қазақстан құрамасы 9-орынды қанағат тұтты.

Осылай өзгеден бөле-жара, жеке дайындаған шаңғышымыз сенімнен шыға алмады. Ол енді көппен бірге, яғни Қазақстан құрамасы сапындағы шаңғышылармен дайындала ма, жоқ әлде осылай жеке, өз командасымен жаттыға бере ме, оны басшылар шеше жатар. Біздің айтпағымыз, шаңғышыны өзгелерден бөліп алып, дара дайындаудан ешкім де ұтқан жоқ сияқты.

Бұл тәсіл, спортшыны жеке дайындау не ұлттық құрамаға, не шаңғышының өзіне пайдалы болды деп айта алмаймыз. Алауыздық деп асыра сілтемей-ақ қояйық, бірақ шаңғышылар арасында ынтымақтастық болмаған секілді. Бұл 2014 жылы Сочи Олимпиадасында да байқалды. Ал бірлік жоқ жерде тірлік, жеңіс қайдан болсын?!

Естеріңізге сала кетейік, Полторанин үш Олимпиадаға қатысты: Турин-2006, Ванкувер-2010 және Сочи-2014. Ең жоғарғы жетістігі – әлем біріншілігінің екі дүркін қола жүлдегері. 2013 жылы Италияда өткен бүкіләлемдік біріншілікте 50 шақырым қашықтықта және командалық спринтте Николай Чеботькомен бірге үшінші орынға ие болған. Әлем кубогы бәйгелерінде сегіз рет топ жарып, жеті мәрте жүлдеге ілікті. 2011 жылы Алматыда өткен қысқы Азия ойындарында 4 алтын, 1 қола олжалады.

Түйін

2018 жылы Кореяда ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Шаңғышылардың басын біріктіріп, қам-қарекет жасамасақ, жүлделі орындарға сына қағу өте қиын болады. Полторанин 1987 жылы 29 сәуірде туған. Орда бұзар 30-ға енді толады. Тәжірибесі толысты. Бұдан кейін Олимпиада ойындарына бара ма, жоқ па, оны тек Жаратушы ғана біледі...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу