Шәушеннің шәрбат қымызы

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
5196

Жамбыл облысында кәсіпкер қымызбен емдейтін орталықтың жұмысын дөңгелетіп отыр.

Шәушеннің шәрбат қымызы

Шипажай Тұрар Рысқұлов ауданындағы тау бөктерінде орналасқан. Оның ерекшелігі сол – келушілерді атқа мінгізеді, қымызбен емдейді. "Шәушен" шаруа қожалығының жетекшісі Сайрамбай Дөненбаевтың бұл бастамасына көпшілік риза. Кәсіпкердің өз қаражатына салған бие сүтін өндіру және қайта өңдеу кешені 2015 жылы ел игілігіне ұсынылған болатын. Ол Қарабұлақ шатқалы аумағындағы жайлауда киіз үй пішінінде тұрғызылған.  

Шаруашылық иелігінде 40 мың басқа жуық асыл тұқымды қой, 4 мыңға жуық жылқы бар. Сондай-ақ,  30 мың гектар жердің жартысына жуығына егін егіп отыр. "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы бойынша шаруашылыққа жеті шақырым электр желісі тартылған.

Халқымыздың ұлттық сусынын өндіру мен өңдеудің жолдарын қарастырып, салт-сананы жаңғырту мақсатында түрлі істі қолға алып жүрген азамат кешеннің ашылу салтанаты құрметіне ұмытылып бара жатқан қымызмұрындық мерекесін ұйымдастырған болатын.  

Қожалық иесі бұл күні шаруашылықта еңбек ететін 3 азаматқа "Нива" жеңіл автокөлігі мен өзге де жұмысшыларға 20 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін сыйақы үлестіріп, жалпы сомасы 10 миллион теңгені құрайтын қаржылай көмек көрсетті. Айта кетейік, шаруашылықта 200-ден аса жұмысшы бар.

Кәсіпкер олардың өздеріне арнап мешіт пен үй, балаларына арнап балабақша мен мектеп салып берген. Осы қожалықта жұмыс істеп, тер төгіп жүрген азаматтар ол үйлерін 8 жылдан соң өз атына аударып ала алады. Ол малшы мен диқанның маңдай терінің ақысы, яғни, айлық жалақысынан ешқандай ақша ұсталып қалмайды.

Сайрамбай Дөненбаевтың мұнан өзге де ісі көпке үлгі боларлық. Өйткені, ол өзі салдырған әлеуметтік нысандарда жұмыс істейтін азаматтардың айлығын да шаруашылық есебінен төлейді.

"Менің көзімді ашқан елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дер едім. Елбасымен алғашқы кездесуім күні кеше болғандай әлі күнге дейін есімде. 2005 жылдың 1 ақпаны күні Астанада ауыл шаруашылығы бойынша үлкен жиын өтті. Сол жиында Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің атынан мен сөйледім. Жеткен жетістігімізді айтып, алдағы жоспарымызбен бөлістім. Сонда елбасының "Осы ұстап отырған бағытың, істеп жатқан тірлігің дұрыс, қолдаймыз, қуаттаймыз. Бірақ, бір айтарым, жассың ғой, байлық әлі бітеді, сондықтан, тапқан ақшаңды жамбасыңа баса бермей, елге қарас. Елдің ақ батасын алсаң, жаман болмайсың, өсесің, өнесің" деген сөзі көкейімнен кетпейді. Шынында, Нұрсұлтан Әбішұлының айтқанын екі етпей, елге көмектесудің арқасында біз жұрттың сеніміне ие болдық, көптің алғысын, батасын алдық, шаруамыз да одан ары дамып, алға басты. Осы күнге дейін жеткен жетістігіміз, алдымен  – Алланың, екінші – Елбасымыздың елді берекелі-бірлікте басқарып отырған саясатының арқасы. Одан кейінгі уақытта да елбасымен үш мәрте үлкен жиындарда кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Ол кісімен болған әр кездесуден үлкен күш-қуат, тың идеялар аламын. Президентпен жүздесуім мені қатты қанаттандырады. Ол кісінің бізге айтқан өсиет-өнегесін тыңдап болғаннан кейін мен өзіме елдің игілігі үшін жыл сайын әлеуметтік бір нысан салып беруді мақсат санадым. Алға қойған барлық мақсаттарымыз орындалып жатты. Әрине, біз оған тоқмейілсімей, әлі де үлкен жұмыстар жасайтын боламыз. "Шәушеннің" шаруаларды қолдауға бағытталған жұмысы жалғаса берері сөзсіз", – дейді Сайрамбай Дөненбаевтың өзі.

Сондай-ақ, ол өзі басқарып отырған шаруа қожалығы жайлы айта отырып: "Шаруашылықта 200-дей жұмысшым бар. Керісінше, мен солардың қызметшісімін десем де болады" дейді күліп: – Солар үшін ауылымыз Жарлысуда мешіт, интернат, саябақ, шопандарға 40 үй салып бердім. Мешіттің имамына, интернат пен саябақты күтіп-баптаушы қызметкерлерге айлықты шаруашылық есебінен өзім төлеймін. Ал малшыларға арнап салынған үйлерді олар 8 жылдан кейін жеке меншіктеріне аударып ала алады. Жалақыларына еш қатысы жоқ. Олардың адал еңбегін, маңдай терін бағалаймын. Ал қымызбен емдейтін орталықтан 250-ден аса бие байланып отыр. Оның санын 500-ге жеткізуге толық мүмкіндік бар. Жалпы, қымыз өндірісін қолға алып, көтеру арқылы ауылды көтеру, қазақты спиртті ішімдіктерге тәуелділіктен арылтудың амалын жасамақпыз. Ұлттық сусынымызды ұлттық идеологиямызға айналдырсақ деген ойымыз бар".

Нәсібін кәсібінен тауып отырған жандар көп. Бірақ, бар тапқанын туған ауылы мен жұмысшыларына арнап жүрген жандар ілуде біреу ғана. Бір қуанарлығы, айрамбай секілді істің көзін тапқан қайырымды жандар аз да болса арамызда бар.

Маржан Кәрімжанқызы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу