Шетелдік инвестициялардың жаңа легі келе жатыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3413

2018 жылы 500 шақырымнан астам автожол құрылысы аяқталады.

Шетелдік инвестициялардың жаңа легі келе жатыр Фото: liter.kz

Президенттің қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев 2017 жылы атқарған жұмыстарды қорытындылап, 2018 жылға арналған міндеттерді атады.

Үкімет басшысының сөзінше, ел экономикасы дамудың тұрақты жолына түсті. Оны Қазақстанның дамуына болжам ұсынып отырған халықаралық рейтингтік агенттіктер де растап отыр.

"Ішкі жалпы өнім 4%-ды құрады. Өсімнің 60%-ына шикізаттық емес сектор есебінен қол жеткіздік. Сыртқы сауда айналымы 25%-ға ұлғайып, 69,5 млрд долларға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 5,5%-ға ұлғайды, оның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 6,9%-ға артты. Макроэкономикалық ахуал жақсарды. Инфляция 7,1%-ға дейін төмендеді. Мемлекеттік қаржы тұрақтылығының қауіпсіз деңгейі қамтамасыз етілді. Сыртқы қарыз ІЖӨ шаққанда 26%-дан аспайды. Республикалық бюджетке түсім 26,3%-ға көбейді", – деді премьер-министр.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалды. Базалық әлеуметтік жәрдемақылар өсті. Еңбегі бойынша зейнетақы көлемі 20%-ға дейін ұлғайды. Бала дүниеге келгенде берілетін біржолғы жәрдемақы 27%-ға көтерілді. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады.

"100 нақты қадам" Ұлт жоспары үкіметтің ерекше назарында. Оны іске асырған үш жылдың ішінде мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінің міндеттеріне жауап беретін 74 заң және 500-ден астам нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Жоспарды іске асыра бастаған сәттен бері барлығы 55 қадам орындалды", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министрдің айтуынша, индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап 6 трлн теңгеге 1148 жаңа жоба іске қосылды. 107 мың тұрақты жұмыс орны құрылған.

"Өнімділігі әлдеқайда жоғары қайта өңдеу өнімдерін шығару қолға алынды. Жаңа, бұрын өндірілмеген жоғары технологиялық тауарларды экспортқа шығару басталды. Олардың ішінде локомотивтер, электровоздар, жолаушылар вагондары, автомобильдер, тау-кен және мұнай-газ жабдықтары бар. Фармацевтикада, автомобиль жасауда, электротехникалық машина жасауда, химия өнеркәсібінде, азық-түлік өндірісінде едәуір өсімге қол жеткізілді", – деді премьер-министр.

Осының нәтижесінде өңдеу секторының өнеркәсіпке үлесі 2010 жылғы 31%-дан 2017 жылы 40%-ға дейін ұлғайды. Еңбек өнімділігі артты. Әр жұмыскер орта есеппен алғанда 10 мың долларға артық өндіре бастады. 2017 жылы өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны өзінің бесжылдық ең жоғары шегіне – 5,1%-ға жетті. 1,5 трлн теңге инвестицияға 120 жоба іске қосылды және 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Шикізаттық емес тауарларды экспорттау 22%-ға өсіп, өнім тасымалы 122 мемлекетті қамтыған. Бүгінде Қазақстан өнім өңдеу секторының 800-ден астам тауарын экспорттауда.

"Тәуелсіздік жылдары елімізге 300 млрд долларға жуық инвестиция тартылды және Қазақстан осы көрсеткіш бойынша Орталық Азияда көшбасшы болып табылады. Бүгінгі таңда инвестициялар ағынының құрылымы өзгерді. Шетелдік инвестициялардың 25%-ы өңдеу өнеркәсібіне, ал жалпы шикізаттық емес секторға 50%-ға жуығы бағытталуда. Елімізге шетелдік инвестициялардың жаңа легі келе жатыр", – деді премьер-министр.

Бақытжан Сағынтаев "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының ел экономикасына айтарлықтай қарқын қосқанын атап өтті. Бағдарлама бойынша көлік, индустриалдық және әлеуметтік инфрақұрылым құрылысының нәтижесінде жыл сайын кем дегенде 100 мың жұмыс орны құрылуда.

"Біріншіден, автомобиль жолдарының заманауи желісі құрылды. 2015-2017 жылдары "шұғыла қағидаты" бойынша Астананы еліміздің барлық өңірлерімен байланыстыратын 2 мың шақырым автомагистраль салынды. 2017 жылы 4 мың шақырымнан астам жолда құрылыс пен қайта жөндеу жұмыстары жүрді. 600 шақырымға көлік қозғалысы ашылды. 2018 жылы 500 шақырымнан астам автожол құрылысы аяқталады. Жергілікті жол желілерін дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Оларды қаржыландыру көлемі 150 млрд теңгеге дейін жеткізіледі. Бұл қалалар мен ауылдарда өмір сүру сапасын жақсартады", – деді үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаев атап өткендей, темір жол және авиациялық инфрақұрылым жаңғыртылып, кеңейтілді. Үш жыл ішінде жаңа нарықтарға тауар тасымалдау көлемі мен жылдамдығын арттыруға мүмкіндік берген 1 376 шақырым теміржол салынды.

"Орталық Еуразиядағы көлік-логистикалық хаб ретінде еліміздің транзиттік әлеуеті жүзеге асырылуда. "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" халықаралық дәлізінің қазақстандық бөлігінің құрылысы толығымен аяқталды. Магистраль еліміздің 5 облысында халқының жалпы саны 5,5 млн адамға жуықтайтын 240-тан астам елді-мекенді қамтиды және ол қазірдің өзінде экономиканың дамуы үшін тиімділігін көрсетіп отыр. Атап айтсақ, өңірлер арасындағы жүк айналымы 2,5 есеге, транзиттік автотасымалдар 3 есеге ұлғайды", – деді премьер-министр. 

Үкімет басшысының баяндауынша, 2017 жылы рекордтық 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 100 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға ие болды.

"Қазіргі таңда тұрғын үй құрылысында мемлекеттік емес қаражаттың басым екені қуантарлық жайт. Олардың үлесі - 84%. 1 бюджет теңгесіне 5,4 теңге жеке инвестиция тартылды. Ауқымды тұрғын үй құрылысы құрылыс индустриясының дамуына мультипликативті әсерін тигізді. Құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 440 млрд теңгеден асты", – деді ол.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі артқан. 2017 жылы агроөнеркәсіпті қолдау көлемі 18% артып, 260,5 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 30%-ға артқан.

"2017 жылы Қазақстан аусылдан таза аймақ мәртебесін толық алды. Бұл бізге мал шаруашылығы өнімдерін жаңа нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді. Қазақстандық өнім экспорты үшін Қытай, Өзбекстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иран елдерінің нарықтары ашылды. Мысалы, тек Қытайға бағытталатын экспорттың өзі 30%-ға артты. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдері мен оны өңдеу өнімдерінің экспорты 10%-ға ұлғайды", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министр атап өткендей, 2022 жылы барлық елдімекендер кең жолақты интернетпен қамтылады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу