Шымбұлаққа шықтың ба?

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
7390

Алматыдағы тау-шаңғы курорты қызметінің құны қымбат болса да, адамдарға жайлы жағдай жасай алмай отыр.

Шымбұлаққа шықтың ба?

Алматыны тұрақты мекеніме айналдырғалы 20 жыл болса да, Шымбұлақ тау-шаңғы курортына екі-ақ рет жолым түскен екен. Алғашқысында қалаға туыстарымыз келіп, апаруымызды сұраған болатын.   

Жақындарымыздың  өтінішін орындайық деген ниетпен Медеуден Шымбұлаққа қатынайтын арқан жолға отырдық. Бір бағытқа барып қайту 2,5 мың теңге екен. Екі отбасы балаларымызбен барғандықтан, арқан жолдың өзіне 15 мың теңгеміз кетті.

Шымбұлақтағы дәмханалардың бағасын көрген кезде көзіміз атыздай болды. Ас мәзірін бір шолып шығып, қалтамызға оңай тимейтінін түсіне қойдық.  Әйтеуір таза ауасының "тегін" болғанына шүкір етіп, құшырлана жұтып қайттық.

Шымбұлаққа екінші мәрте жолым жақында ғана түсті. Демалуға келгендердің қарасы көп екен. Олардың денін қалталы қала тұрғындары мен қонақтары деп білдім.

Шымбұлақ тау-шаңғы курортының былтыр таратқан қорытынды мәліметіне сәйкес, бұл жерге күніне 1500 адам келеді. Алдыңғы жылы аталмыш демалыс орны бір тәулікте 7 мың адам қабылдаса, жаңа жыл мейрамынан соң бір күнде 11 мыңға жуық қонақ күтіп, рекорд орнатқан. Келген қонақтардың 20%  шетелдік туристер құраған.  

Шымбұлаққа ат басын бұрардың алдында қызмет көрсету ақысын анықтау үшін сайтына кірдім.  Күндізгі билет – 6500, балалар мен студенттерге және зейнеткерлерге – 3 мың теңге. Ал мейрам немесе демалыс күндері ересектерге – 9500, балаларға – 4500 теңге екен.

Мұнда келген соң шаңғы тебетініңіз заңдылық. Шаңғыңыз жоқ болса оны 3 мың теңгеге жалға алуға болады. Су сіңбейтін арнайы киім мен  қорғаныс көзілдірігіне  4 мың теңге төлейсіз. Нұсқаушының бір сабағы 8-10 мың теңге. Бәрін қоссаңыз әжептеуір ақша шығады. Ал бағасы ұшып тұрған тау-шаңғы курортының қызмет көрсету сапасы көңілден шыға ма?

Шымбұлаққа жиі баратын Алматы қаласының тұрғыны Лира Болатбекқызының айтуынша, биыл баға былтырғыға қарағанда қымбаттаған. "Мысалы өткен жылы демалыс күні абономентке  8 мың теңге алатын. Биыл 10500 теңге сұрап тұр. Осы жерде демалыс күнімді балаларыммен бірге өткізу үшін шамамаен 100 мың теңге жұмсауым керек. Ал қызмет көрсету сапасына келсем, Талғар мен Комби-2  трассалары тоғысқан жерде бір кафе бар. Оның жөні түзу дәретханасы жоқ. Қажетіңді өтеу үшін жар жағалап, даладағы дәретхананы бетке аласың. Бұл қалың киім киіп, шаңғы теуіп жүрген адамға мүлде ыңғайсыз", – дейді Лира Болатбекқызы.

Қымбатшылығына қарамастан Шымбұлақтың қызмет көрсету сапасы ақсап тұрғанын кезінде мәжілісмен Нұрлан Жазылбеков те әлеуметтік желідегі парақшасында бағасы аспандап тұрған курорттың дәретханасын көрген туристер мұрын шүйіріп, кіруге жиіркенгенін жазған еді.

Бұл жерге био-туалет орнату туралы ұсыныс жасалса да, кешен қызметкерлері ауарайының қолайсыздығына байланысты шатқал төңірегінде био-туалет орнату мүмкін емес екенін алға тартып, мәселені шешпей, қоя салған.

ТМД елдері тау шаңғысы курорттарының рейтингінде ондыққа кіретін Шымбұлақ тау-шаңғы курортының қызығын отандастарымыз емес, шетелдік туристер көріп жатқандай. Себебі Еуропадағы дағдарыстың салдарынан әйгілі Альпі баурайындағы демалыс орындарының құнын қымбатсынған шетелдіктер Шымбұлаққа ағылады екен.

Біз Алматыдағы тау-шаңғы курортында демалып жүрген шетелдік саяхатшы, нидерландық азамат Даниэл Говиді әңгімеге тарттық. Ол шетелдіктер үшін Шымбұлақтың бағасы тиімді екенін айтты.

"Біраз жерде болдым. Швейцария мен Италияның тау-шаңғы курорттарында демалдым. Бірақ олар қаладан 300 шақырым қашықтықта болды. Ал Шымбұлақ қалаға 20 жақын орналасқан. Бұл жерге қоғамдық көлікпен де жетуге болады. Елге барғанда Алматыда шаңғы тебетін орын қалаға жақын орналасқан десем, ешкім сенбейді. Сосын Францияның шаңғы курорттарында баға өте қымбат. Бірақ Францияда жоталар ұзын, 2-3 төбеге созылады. Шымбұлақ көлемі жағынан кіші болса да, өте ыңғайлы. Бастысы бағасы тиімді және мұнда табиғи қар бар. Демалысым өзіме қатты ұнап жатыр. Алдағы уақытта да келуді жоспарлап қойдым", – деді шетелдік саяхатшы ағынан жарылып.

Жергілікті тұрғындар әлгі Даниэлдің демалыста көрген қызығын жылдар бойы аңсап жүрсе де, армандарына қол жеткізе алмай жүр. Қалтасы жұқалтаң халық Шымбұлақтың шыңына көтеріліп, жаяу серуендеп, суретке түскендеріне ғана мәз.

Бір топ белсенді Шымбұлақтағы бағаның қымбаттығын айтып, таушаңғы кешеніне бойкот жариялаған еді. Себебі қарашаның аяғында кешен бағаны тағы да көтерген болатын. "Баға былтырғы маусыммен салыстырғанда 1000-1500 теңгеге қымбаттады. Арқан жолға италиялық Leitner мен австриялық Doppelmayr Seibahnen компаниялары жауап береді. Олардың құжаттарына сәйкес, курорт қажетті бөлшектер сатып алып, қызмет көрсетушіге тиісті ақысын төлеп отыруы керек. Бағаның көтерілуі  жөндеу жүргізу жұмысының көбеюі мен теңгенің еуроға қатысты бағамының өзгеруіне тікелей байланысты болып тұр", – деді Шымбұлақ кешенінің маркетинг қызметінің басшысы Владислав Семенов.

Оның сөзінше, 2016 жылы арқан жолды жөндеуге 21,5 млн теңге қосымша қаржы қажет болған. Ал қажетті бөлшек сатып алуға 260 млн теңге бөлінген. Бөлшектерді ауыстыруға, тексеруден өткізуге шетелдік мамандар шақыртылған. Оларға да қыруар қаржы еуромен төленген.

Бұлбұл Болат, Алматы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу