Сынған сүйекке гипс емес, полиуретанды бинт таңылуға тиіс

Клара Ларина Клара Ларина
4174

Шымкентте гипс бинттерін ауыстыратын синтетикалық алмастырушы  жасалып жатыр.

Сынған сүйекке гипс емес, полиуретанды бинт таңылуға тиіс

Медицина заттарын шығарумен айналысатын "Marai E7 Group" ЖШС зауыты полиуретанды ортопедиялық бинт, жақтау және шеңбер жасауға кірісті. Дамыған елдерде мұндай заманауи бұйымдар ескірген гипс бинттерінің орнын басқан. Қазақстанда осы күнге дейін тек қана шетелдің өнімі ұсынылған. Бағасының қымбаттығына байланысты ол сұранысқа ие болмаған.  

"Marai E7 Group" ЖШС директоры Гүлия Жүзенова атап өткендей, бұл жобаның ТМД бойынша баламасы жоқ. Бұл – Қазақстан мен Достастық елдері аумағындағы тұңғыш әрі жалғыз зауыт.

Зауыттың жобалық қуаты бір ауысымды жұмыс күнінде жылына 1 млн бұйымға жетеді. Оның ішінде әртүрлі өлшемдегі 500 мың бинт, 220 мың жақтау, 70 мың шеңбер. Жалпы қазіргі кезде ортопедиялық өнімнің 17 түрі шығарылады.

Өндірістік шаманы анықтау кезінде зауыт нарық сұранысына сүйенді: "Marai E7 Group" ЖШС-ның талдау мәліметтері бойынша, Қазақстанға жыл сайын  шамамен 1 млн-ға жуық осы тектес медициналық ортопедиялық өнім қажет. Кәсіпорынның өнімін тұрақты тұтынатындар бар. "Marai E7 Group" ЖШС   "СК-Фармация" ЖШС-мен Қазақстан медициналық мекемелерінің қажеттігі үшін өнім сату саласында өзара қарым-қатынас жасау туралы 10 жылдық  шартқа қол қойған.

Зауыт директорының орынбасары Ғалымжан Таласовтың abctv.kz-ке айтқаны бойынша, 25 ақпанға қарай "СК-Фармация" оларға нақты қажет өнім мөлшерін ұсынады, оны игеру 1 наурыздан басталады. Ал оған дейін зауыт айына 6 мың бинт және 2600 жақтау жасайды.

Бастапқы кезеңде өнімды Қазақстанға жаю үшін бөлшек дәріханалар желісіне жіберілетінін айтты Ғалымжан Таласов. Өндірушілер отандық нарықтан бөлек сыртқы нарықты да игеруге ниетті. Директордың айтуынша, Қазақстанның медициналық полиуретанды өнімдеріне Түркия қатты қызығушылық танытып отыр. Одан бөлек өнімді Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспорттау мәселесі қарастырылып жатыр. Болашақта Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропа елдеріне жіберу жоспарда бар.

Экспорттық бағыттың дамуына байланысты өнім мөлшерін ұлғайту екі-үш ауысымды жұмыс күніне ауысуға мүмкіндік береді. Кәсіпорындағылар өз өніміне деген сұранысты қанағаттандыра алатынына сенімді. Сұраныстың артуы полиуретанды бинттердің гипстерге қарағанда артықшылығы әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Яғни өнім тез қатаяды, жеңіл әрі төзімді, науқасқа  қолайсыздық келтірмейді, материал таза, рентген сәулелері еш кедергісіз өтеді.

"Гипс бинттері ескірген технология деп есептеледі, - деп түсіндірді Ғалымжан Таласов. – Ол тез үгітіледі, гипсті салған кезде белгілі бір бөлме температурасының сақталуы талап етіледі. Біздің бинттеріміз ешқандай ерекше жағдайды талап етпейді. Оны шұғыл түрде, тіпті, су болмаған жағдайда да салуға болады. Оның қатаюы үшін 60-70% шамасындағы ауаның ылғалдылығы жеткілікті.

Гипс бинттері жарақаттың ерекшелігіне қарай 24-48 сағат ішінде қатаяды, ал полиуретанды бинттер 20-30  минутта толық қатайып үлгереді. Науқас әлдеқайда жеңіл (14-20 есеге) таңғышпен жүргеннен еш қиналмайды, оның қозғалысы шектелмейді".

Сондай-ақ полиуретанды бинттер тек адамарға ғана қолданылмайтынын атап өтті Ғалымжан мырза.

"Жануарлар да жиі жарақаттанады, біздің өнімнің көмегімен оларды емдеуге болады. Гипс бинттері мұндай міндетті орындай алмайды, себебі жылқы танғыш қатайғанша 24 сағат бойы қозғалмай тұра алмайды. Біздің өнім 15 минутта, ең ұзағы 30 минутта қатайып үлгереді, осыдан соң жылқы қозғала берсе болады", - деп салыстырды сұхбат беруші.

"Дамыған елдер соңғы 30 жылда гипс бинттерін мүлде пайдаланбайды, кейбіреулері тіпті ондай бинттің бар екенін де ұмытты. Осыған қарағанда, Қазақстан да ескі технологиядан бас тартып, жаңа материалдарға ауысатын кез келген сияқты, - деп есептейді ол. – Бізде Универсиада өтті, жақында "ЭКСПО" көрмесі болады, беделді іс-шаралар көптеп өткізіледі, сондықтан біздің емханалар мен оларда пайдаланылатын материалдар халықаралық талапқа сай болуы шарт".

"Marai E7 Group" өз тарапынан өнімге тиімді баға белгілеу арқылы отандық травматология мен ортопедия полиуретанға көшуіне жәрдемдеспек. Директор орынбасарының айтуынша, бөлшек саудада бір бұйымның құны 2000-2400 теңге шегінде болады, ал бұл өнімнің шетелдік баламалары отандық өнімнен екі есеге қымбат тұрады.

Екіншіден, кәсіпорын мамандары травматологтар мен медицина қызметкерлерін бұл өнімнің ерекшелігімен және онымен жұмыс істеу тәртіптерімен таныстыратын болады. Жоба "Тассай" индустриялды аймағында іске асырылады, арнайы сол үшін 2 га жер бөлінді. Дайындық кезеңі, оның ішінде құрал-жабдық сатып алу, тіркеу, тәжірибеден өткізу, халықаралық салалық ISO 13485 стандартына сәйкес келетін сертификатқа қол жеткізу жұмыстары екі жылға созылды.

Жобаның құны 500 млн теңгені құрады. Оның 350 млн теңгесі – банктен алынған несие қаражаты, 150 млн теңгесі – өз қаражаты.

Шымкент зауыты Оңтүстік Кореяның технологиялары және құрал-жабдықтары бойынша жұмыс істейді, жоба құрамының 20%-ын осы Оңтүстік Корея құрайды. Қалған 80% қазақстандық құрам. Директордың орынбасары 2019 жылға қарай бұл сан 100%-ға жетеді деп болжап отыр.

Бұл тек өзіміздің мақсатымыз емес, бұл өндірістік қажеттілік. Ғалымжан Таласов оны келесідей деректермен дәлелдеді: "Полиуретанды медициналық бұйымдарды жасауға қажетті химиялық негіз Оңтүстік Кореядан үш айда келеді, ал жеткізілетін өнім бес айға дейін ғана жарамды. Яғни біз үлкен тәуекелге барып отырмыз: тауар жолда кідіріп қалуы мүмкін, шикізат бұзылуы мүмкін және тағы басқа. Әрине, бұл жағдай біздің көңілімізден шықпайды. Сондықтан біз болашақта химиялық компоненттерді әзірлейтін өз цехымызды ашуды жоспарлап отырмыз.

Біз құрғақ қоспаларды сатып алып, медициналық өнімдеріміз сіңіретін шайырды өзіміз қайнататын боламыз. Бұл әлдеқайда сенімді, себебі ұнтақ екі жылға дейін жарамды. Ол бізге жеткеннен кейін, оны сақтап қойып,  нақты сұраныс туғанда қажетті мөлшерде араластырып, дайындай аламыз. Бұл қалдық пен жарамсыз өнімді барынша азайтуға мүмкіндік береді".

Полиуретанды ортопедиялық өнімдерді жасайтын зауыттың іске қосылуы - "Marai E7 Group" ЖШС жобасының бірінші кезеңі ғана. Гүлия Жүзенова айтқандай, биылғы көктемде кәсіпорын екінші кезеңді бастауға кіріседі, яғни өнім мөлшері мен түрлерін кеңейту үшін қосымша ғимараттардың құрылысы басталады. Іске қосу жұмыстары басталған кезде ЖШС 45 адамға жұмыс берді. Ал зауыт толық өндірістік қуатына ауысқан кезде мұнда жалпы саны 200 адам жұмыс істейтін болады.

Клара Ларина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу