Такси қызметіне жүгінетіндер көп

2340

Сөйте тұра, таксопарктердің табысы мардымсыз.

Такси қызметіне жүгінетіндер көп

Былтыр елімізде такси қызметіне жүгінетін жолаушылар саны 12%-ға, ал жолаушы айналымы 36%-ға ұлғайған екен. Сөйте тұра, таксопарктердің табысы төмендеген. Мұндай тенденция осымен екінші жыл қатарынан орын алып отыр.

Ranking.kz-тің сараптамасына сүйенсек, былтыр отандық таксопарктер 4,4 млрд жолаушыны діттеген жеріне жеткізген екен. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 12,3%-ға көп.

Ал өткен жылы көліктің барлық түрімен тасымалданданған жолаушылар саны 2016 жылдың көрсеткішінен небары 1,7%-ға ғана ұлғайған. Автомобиль және қалалық электрлі көлік қызметін пайдаланған жалпы жолаушылар санындағы такси тасымалының үлесі 17,6%-дан (2016 жыл) 19,4%-ға (2017 жыл) дейін өскен.

Жалпы, таксопарктердің бір жыл ішінде 4,4 млрд жолаушыны тасымалдауы – соңғы он жылдағы үздік нәтижелердің бірі. 2014 жылы да осыншама жолаушы такси қызметін пайдаланған екен.

Өткен жылы таксопарктердің жолаушы айналымы бірден 35,9%-ға ұлғайып, 58 млрд жолаушы-километрге жеткен. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, былтыр еліміздегі жолаушы айналымының жалпы жиынтығы небары 2,3%-ға артқан.

Жалпы жолаушы айналымындағы такси үлесі 16%-дан 21,3%-ға дейін көтерілген.

Атап өтерлігі, жолаушылар саны ұлғайса да, таксопарктердің табысы осымен қатарынан екінші жыл төмендеп отыр. 2017 жылғы табыс 15,1%-ға, яғни 1,4 млрд теңгеге төмендесе, 2016 жылы 21,8%-ға дейін азайған. Бір қызығы еліміздегі жалпы жолаушылар көлігінің табысы айтарлықтай ұлғайған. Мәселен, былтыр 15,8%-ға, ал 2016 жылы 16,8%-ға артқан екен.

Такси қызметін ресми түрде ұсынатын парктердің табысының бұлайша төмендеуі жеке таксилердің көптігінен екені айтпаса да түсінікті. Ресми және жеке таксилердің арасында бәсекелестік жоғары. Сондай-ақ, соңғысының табысы "көлеңкеде" қалып отырғанын айта кеткен жөн.

Forbes.kz-тің жазуынша, жеке таксилерді тарифі ресми паркпен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Сол себепті жолаушылар жол жиегінде тұратын ресми емес таксилердің қызметіне жиі жүгінеді. Ресми емес дерекке сүйенсек, Қазақстан халықының (18 млн адам) жарты миллионға жуығы жеке такси қызметін көрсетеді екен. Осылайша, олар такси нарығының 90%-ын иеленіп отыр.

Сондықтан, таксопарктер бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін өз қызметтерін онлайн режимге көшіруде. Соның нәтижесінде соңғы уақытта "Uber" және "Яндекс Такси" секілді мобильдік қосымшалар ел арасында кең тарала бастады. Сондай-ақ, 2017 жылдың шілде айында "Uber" және "Яндекс Такси" компаниялары онлайн-тапсырыс бойынша бизнестерін біріктіруге уағдаласты. Осылайша, Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Белорусь және Грузия елдеріндегі "Uber" және "Яндекс Такси" өкілдері жаңа компанияның құрамында жұмыс істеуге тиіс. Өткен жылдың соңында аталған мәміле реттеуші мекемелер тарапынан толықтай мақұлданды.

Қос компания бірлескен бизнесті 3,725 млрд АҚШ долларына бағалады. Компаниялардың бірігу жұмыстары осы жылдың ақпан айының ортасында аяқталады деп күтілуде.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу