Темір өткізіп жан баққан жігіт

18353

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алтын сағат сыйлайтын деңгейге жетті.

Темір өткізіп жан баққан жігіт

Кезінде компьютер жөндеп, темір өткізіп жан баққан жас жігіт бүгінде бірнеше кәсіптің тасын өрге домалатып, елімізде бұрын-соңды болмаған 2 инновациялық жобаны жүзеге асырып отыр. Бозбала кәсіпкерлікке қалай келді, неше жасында 1 млн теңгеге қол жеткізді, биыл қанша табыс табуды жоспарлап отыр? Ол "Жаңа жасыл технология" компаниясын не үшін құрды? Гидропоника технологиясы деген не? Заманауи гаджетпен уақытты қалай басқаруға болады? Осындай сұрақтарға инноватор-кәсіпкер Арман Тосқанбаев жауап берді.

Кейіпкеріміз тәуелсіздіктің төл құрдасы. Ол егемен елмен бірге өсіп, өніп келе жатқан азамат. Оның жетістікке жету жолы тақтайдай тегіс болған жоқ. Арман Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенге дейін талай қиындықты бастан кешті.

"Бүгінгі жетістігіме егемендіктің, тәуелсіздіктің, еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың және адал еңбектің арқаcында жеттім", – дейді ол.

"Жоқшылық мені алға жетеледі"

– Қарағанды облысында  қарапайым адамдардың отбасында дүниеге келдім. Ата-анамның қаржылық мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, жоқшылық дегеннің не екенін бір кісідей сезініп өстім. Кішкентай кезімізде анаммен бірге саябаққа барғанда қатты қуанатынбыз. Атракциондарға отыруға, ойыншық сатып алуға ақшамыз жетпейтін. Біз саябақта серуендеуді қанағат тұтатынбыз. Сол кезде өз-өзіме жақсы өмір сүруге, еңбек етіп, жақсы табыс табуға серт бергенмін. Сол сертті күні бүгінге дейін темірқазық тұтып келемін. Шынымды айтсам, жоқшылық мені алға жетеледі. Үлде мен бүлдеге оранып өскенде қазіргі жағдайға жетпес пе едім, кім білсін?!

"Бір компьютерді 2 қойға айырбастайтынбыз"

– 15 жасымнан бастап компьютер жөндеумен айналыстым. Атқарған жұмысыма 200-500 теңге алудан арланған емеспін. Себебі ол кезде бұл әжептеуір ақша болатын. Жоғарғы сыныпта оқып жүрген кезде компьютер сататын орталық аштым. Істен шыққан компьютерлерді арзан бағаға сатып алып, жөндеп, үстінен ақша қосып, сатып жүрдім. Уақыт өте келе айына 150 мың теңге табыс табатын деңгейге жеттім. Кәсібімнің аясын кеңейту үшін компьютерді әкеммен бірге ауыл аралап сата бастадым. Өзіңіз білесіз, ауылда ақша жоқ, есесіне қой бар. Ол кезде екі қойдың бағасы қазіргі бір қойдың құнын құрайтын. Бұдан да бас тартпадық. Бір компьютерді 2 қойға айырбастайтынбыз. Қойды қалаға әкеліп сататынбыз. Нәтижесінде 17 жасымда 1 млн теңгеге қол жеткіздім. Жасыратыны жоқ, бір кездері темір өткізіп те, жан бақтық. Осының барлығы маған өмірлік сабақ әрі тәжірибе болды.  

"Бизнесім банкротқа ұшыраса да..."

– Айналысып жүрген кәсібім тығырыққа тіреліп, бизнесім банкротқа ұшыраса да, сарыуайымға салынған жоқпын. Айбек Дүйсенов есімді серіктесіммен "Отан патриоты" деген брендпен мемлекеттік рәміздер бейнеленген қолсағат шығаруға кірістім. Бір жылда 120 сағат шығарып, соның барлығын бір айда сатып үлгердік. Қолсағаттардың бөлшектері Еуропадан тасымалданып, Қарағандыда құрастырылды. Кейін барлық жұмыс мұхиттың арғы жағында атқарылатын болды. Біз 6 түрлі сағат шығарамыз. "Президент" қолсағаттары алтынмен жалатылады. Ол Маямиде жасалады. Алдағы уақытта Ресей мен Түркия нарығын жаулаймыз. Ол үшін сағатқа аталған елдердің мемлекеттік рәміздерін саламыз. Қазір "Кербез", "Мәдени мұра" деген брендпен қытайда жасалған біздің сағаттардың көшірмесі шығып жатыр. Олар 10-12 мыңның айналасында саудаланады. Ал біздің өнім 130-325 мың теңге аралығында сатылады. Қымбат дерсіз. Бірден айтайын, сапалы дүние арзан болмайды. Біздің өнімге Қытайдағы, Ресейдегі тіпті АҚШ-тағы қандастарымыздан тапсырыс түсіп жатыр. Біз сенімге селкеу салмауға тырысамыз. 

"Оқуды тастап кеттім"

– Жоғары оқу орнына тест тапсырғанда жолым болмады. Мемлекеттік грант иегері атануға 1 балл жетпей қалды. Бір жылдан соң Ресейдің жоғары оқу орнына түстім. Ол жақта 2 жыл білім алып, оқуды тастап кеттім.

"Алдымен – экономика, сосын – саясат"

– Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіткен тұста еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы ұстанымды аксиомаға айналдырды. Нәтижесінде егеменді еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елді бетке алды. Қазақстанның атақ-даңқы алты құрлықтан асты. Біздің елге дүниежүзінің назары ауды. Еліміз индустриалды-инновациялық дамудың даңғылына түсті. Бұл – "Нұрсұлтан Назарбаев моделінің", яғни Елбасының дұрыс құрған экономикалық саясатының жемісі болатын. Мен мұны жастар форумында Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескенде айттым. Себебі өзім күні бүгінге дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғарыдағы ұстанымын темірқазық тұып келемін.

Шынымды айтсам, Елбасымен кездесуді армандайтынмын. Арманым ақиқатқа айналғанда Нұрсұлтан Назарбаев төбемді көкке жеткізгендей болды.

"Швейцариялық сағат емес, "Отан патриоты" деген брендпен шыққан отандық сағат тағыңыздар", – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

"Microsoft Imagine стартап-байқауында "Ontime" жобасы үздік деп танылды"

 – Уақытты басқаратын инновациялық гаджет шығару туралы идеямды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері жүзеге асырды. "Ontime" жобасын дүниеге әкелуге бір ай уақыт жұмсалды. Ол "Microsoft Imagine" стартап-байқауында үздік деп танылып, Киев қаласында халықаралық деңгейде таныстырылу құқығын жеңіп алды.

"Ontime" тайм-менеджментке арналған гаджет. Ол адамға өз уақытын тиімді басқаруға көмектеседі. Қазіргі жастардың дені уақыттарын мақсатсыз жұмсайды, яғни жоғалтады. Өйткені олар әлеуметтік желіге тәуелді болып қалған. "Ontime" құрылғысы адамдарды өз уақытын тиісінше басқаруға дағдыландырады. Гаджет адамның 24 сағат ішіндегі барлық әрекетінің статистикасын шығарып отырады. Нәтижесінде адам қай кезеңде уақытын зая кетіргенін біледі. Гаджетте помодора тәсілі қолданылады. Яғни адам өз әрекетін өзі бақылайды. Мысалы 25 минут тек қана бір шаруамен айналысады. Осы уақыт аралығында ол айналысып отырған шаруасын аяқтап, келесі іске көшуі тиіс. Уақыт шегіне жеткен кезде гаджет автоматты түрде белгі береді. 

"Идеядан  бизнеске дейін" 

− Италияның Турин қаласында осындай тақырыппен жарық көрген кітабымның тұсауы кесілді. Бұл туындыда қомақты қаржысыз да бизнес бастауға болатыны баяндалады.

 "1 млн доллар табыс табуды жоспарлап отырмыз"

– Осыдан 2 жыл бұрын тынымсыз еңбектің арқасында 500 мың доллар табыс таптық. Биыл көрсеткішті екі еселендіріп, 1 млн долларға жеткізуді жоспарлап отырмыз.

 "Гидропоника технологиясы озық инновация"

– Ауыл шаруашылығы саласына инновациялық технология енгізу қажеттігі туралы ойымды ең әуелі әкеме жеткіздім. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігін де құлақдар еттім. Әкем де, министрлік те бетімнен қаққан жоқ. Біз уақыт оздырмай, қолда бар қаржымен мал шаруашылығына жем дайындайтын инновациялық жабдық әзірлеуге кірістік. "Жаңа жасыл технологиялар" атты компания құрып, гидропонды жабдық әзірлейтін цех аштық. 2014 жылы "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында 3 миллион теңге мемлекеттік грант ұтып алдық. Гидропоника технологиясы осыдан 2 мың жыл бұрын Мысырда қолданылған.

Біз осы инновациялық технологияны Қазақстанға бейімдеп, қайта жасақтадық. Гидропоникалық құрылғыға 33 келі арпа немесе бидай егіледі. Іс барысында ешқандай субстрат қолданылмайды. 8-9 күннің ішінде 33 келі тұқымнан 165 келі жасыл шөп алынады. Гидропоника технологиясы арқылы мал шаруашылығын  жыл 12 ай үздіксіз шөппен қамтамасыз етіп отыруға болады. Инновациялық технологияны қолданысқа енгізу үшін арнайы жылыжай қажет емес. Ең бастысы температура  20-22 градустан түспеу керек. Гидропоника технологиясы өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада, яғни қоректік заттардың судағы ерітіндісінде өсіруге  мүмкіндік береді. Жемдік шөп арнайы сөреде өседі. Оның құрамында табиғи шөптің бойындағы барлық дәрумен болады. Нарықта 1 келі құрама жемнің орташа бағасы 53 теңге, ал гидропоника технологиясымен өсірілген шөптің бір келісі 8-10 теңге. Ерекше атап көрсетерлігі, гидропоника технологиясымен өнім өндіруге жарық, су және тұқым ғана қажет. Бүгінге дейін біз мал шаруашылығымен айналысатын 30-дан астам қожалыққа гидропоника технологиясына негізделген инновациялық құрылғы орнаттық. Қолданысқа берілетін құрылғының құны 135 мың теңгені құрайды. Құрылғының  90%-ы Қазақстанда құрастырылады. Сондықтан оны отандық өнім деп атауға толық негіз бар. Гидропоника технологиясымен гүл, көкөніс сонымен қатар бұршақты дақыл да өсіруге болады. Біз серіктесім Диас Тастанбековпен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті технопаркіндегі жылыжайда осы бағытта да жұмыс істеп жатырмыз. Бұйыртса, нарыққа тағамға қосатын хош иісті шөп түрлерін шығарамыз. Израильде өсірілетін руккола деген шөптің 1 келісі Қазақстанда 3500 теңгеден сатылады. Тимьян, жалбыз деген тағамдық шөптер де бізге шет елден жеткізіледі. Керек десеңіз, Өзбекстанда бізге жоғарыда аты аталған шөптерді экспорттайды. Оларды қымбат бағаға алып, есемізді жібергенше, өзімізде өсіріп, қолжетімді бағаға сатқан және сатып алған тиімді ғой. Осы ой бізді алға жылжытты. Нәтижесінде біз өсімдікті топырақсыз өсіру технологиясына шындап кірістік. Тыңға түрен салатын технологияны патенттеп те алдық. Жалпы алғанда,  гидропоника технологиясы – озық инновация. Күні бүгінге дейін мұндай технология біздің елде болған емес.

Шынар Қанашева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу