Той жасау даңқ па, дақпырт па?

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
27298

Дағдарыс қысқан сайын қазақтың бүгінгі тойлары түрленіп, шоуға айналып барады.

Той жасау даңқ па, дақпырт па?

"Той десе қу бас домалайды" деген сөзді кез келген қазақтың аузынан естиміз. Бар тапқан-таянғанын тойға шашатын да, үйінде ас-ауқат алатын соңғы ақшасын тойға апаратын да – қазақ. Әлгі "Ұлыма" деген әндегі "баласына бір той жасап бере алмай, бұл өмірден өтіп кетті қанша адам... басқа тойды тойламасаң тойлама, екі жастың бақыт тойы тойлансын" деген мәтін жолдары бүгінде ұранға айналған.  Несие алсақ та, той жасауға ақша тауып, дүбірлетіп жіберетін кезіміз көп. Тіпті, бұрын сенбіде ғана той жасайтын қазақ аптаның жеті күнінде де тойдан босамайды.

Ал "үйлену оңай, той жасау қиын" заманда бұл қуаныш қанша шығынға батырады? Жалпы, той жасау өзін-өзі ақтай ма, әлде... Бақуатты адамға той жасау түк емес. Өзінің ет жақын туыстарының басын қосып, қуанышын бөлісу үшін емес, барын көрсетіп мақтану, шені үлкен, шекпені қымбат қонақтарға құрмет көрсету үшін той жасайтындар көбейіп барады. Кедей байғұс ше? Қатарынан қалмау үшін қарызға батып, өмір бойы банктің үстеме пайызын төлеп жүргендерді кім санамалап көріпті?! Кейде бізді "пәленшеден қалмайық, түгеншеден асайық" деген пасық психология құртып жатқанға ұқсайды.

Қазір той өткізу – бәсеке. Бір той екіншісін қайталамауға тиіс. Ақылдасу барысында еститін сөздің бірі "ой, оны ана тойда жасады ғой, біз басқаша істеуіміз керек..." деген. Сол себептен де қазақтың тойында да күн сайын жаңа нәрсе пайда болуда. Ал оған кететін шығын да сәйкесінше көп. Қаржының көбі осындай ұсақ-түйек дүниеге кететіні тағы бар. Шын мәнінде, той өткізуге қанша қаражат жұмсалады?

"Тойдың болғанынан боладысы қызық" демекші, той әбігері мейрамхана таңдаудан басталады. Баға әр қалада әр түрлі. Мәселен, Алматыда қарапайым мейрамханалардың  ең төменгі бағасы адам басына – 10-15 мың теңге. Бірақ мұндай бағада қызмет көрсететін орынды табу үшін біраз табаныңыздан таусылуға тура келеді. Тапсаңыз да,  қаланың шет жағында, көзден тасалау, көлік қозғалысынан жырақтау жерде орналасқан мейрамханаға той жасауды көңіліңіз қалай қоймайтыны анық. Қалтаңыз қампиған болса, адам басына 100 доллар төлейтін тойханалар да көштен қалған емес. Қосымша қызмет көрсетуі келісімге байланысты. Бірі – екі ыстық тамақ береді, келесісі – сусын мен жеміс-жидекті өзіңізге артып қояды. Ал тойшыл қауым саналатын Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында ортаңқол тойханалар адам басына – 5,500-6000 теңге сұрайды. Бәрі де қаржыға қарай. Егер 10-15 мың теңге төлеуге жағдайыңыз жетсе, мұндай бағадағы мейрамханаларды іздемей-ақ табасыз. Бұрын арзан қала делінетін Шымкентті де соңғы кезде қымбатшылық жайлаған. Себебі осыдан екі-үш жыл бұрын бір адамға 3000-4000 алатын тойхана иелерінің араны ашылып барады. Байыған қазақтың көбі тойхана салу бизнесіне көшіп алған. Мұнда қадам аттап басқан сайын тойхана болса да, баға да жылдан жылға шарықтауда. Оның үстіне халқы тығыз қоныстанған өңір болғандықтан той жасайтын жұрт көп. 

Ұзатудың өзі –  үлкен той  

Тойхана мәселесі шешілген соң, қыз жақ ұзатуға, жігіт жақ үйлену тойының қамына кіріседі. Қазір ұзатудың өзі үлкен той сияқты. Оған кететін шығын үйлену тойынан асып кетпесе, кем түспейді. Әуелі қыздың жасауы дайындалады. Ұзатуда да кемінде 200-300 адамның басы қосылады. Әр адам басына кемінде – 10-15 мың теңге. Егер 200 адам шақырсаңыз, 15 мың теңгеден 3 млн теңге кетті дей беріңіз. Ал жасаудың өзіне – 1 млн теңге, жаңа құдаларға алтын, киіт кигізуге де – 1 млн теңге кетіп тұр. Оның бергі жағында тойбастары, асабасы тағы бар.

 Ұзатылатын бойжеткеннің өзіне кететін шығыны жайлы әңгіме бөлек. Бүгінде қыздар жасанды кірпік, қас жасамай тұрмысқа шықпайтын болған ба, әйтеуір той алдында сұлулық салонында кезек көп. Орташа бағамен айтсақ, қас жасату – 10 мың, кірпік жалғау – 5 мың, маникюр мен педикюр – 5 мың, макияж – 5 мың, шаш сәндеу – 10 мың теңге. Ал ұзатылатын қыздың сәнін келтіретін – көйлегі. Өмiрiнде бiр-ақ рет болатын айтулы күнде әрбiр қыздың әдемi көрiнгiсi келетiнi айтпаса да белгілі. Қымбат көйлек кимесем болмайды деп жер тепсiнiп отыратын келіндерді де көз көрiп жүр. Той көйлегiн жалға беретін дүкендерде әркімнің талғамы мен қалтасына қарай көйлектің алуан түрі бар. Оларды жалға алу құны 50-200 мың теңгенiң айналасында. Сатып алса одан да қымбат. Бiр ғана кештiң көйлегi үшiн мұнша қаражат шығындауды ата-ана құптамаса да, келіннің таңдағанын алып береді. Егер қыздың ата-анасы ұзату әнін айтып, шығарып салатын әнші мен биші қыздарды шақырса, кемінде 50-60 мың теңге төлейді. Айтпақшы, бүгінде қыздар ұзатылмас бұрын құрбыларының басын қосуды дәстүрге енгізіп алды. Оның дайындығына да біраз ақша жұмсалады. Бір білетініміз, бұл басқосудың шығынын көбінесе ұзатылатын қыздың құрбылары көтереді.

Әрине, қыз беріп отырып осыншама шығындалудың өзі әбестік сияқты көрінеді. Кейде аналар тарапынан "бұрынғы алып қашу жақсы екен. Сол кезде қыз жақ мұншама шығындалмайтын еді. Қазір не? Құдды үйлену той жасағанмен пара-пар" дегенді естіп қаламыз. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бүгінгі қыздар да ұзатылып тұрмысқа шықпаса, қор санайтындай. Алайда, қызын ұядан ұшырып отырған қызын тұрмысқа беру де, шығындалып той жасау да ата-анаға ғана батады.

Үйлену тойының шығыны шаш етектен

Енді негізгі той – үйлену тойға келейік. Мейрамхана таңдаудан бастап, тойдың соңғы нүктесі қойылғанға дейін ата-ананың мазасы қашады. Ұзатуда қызға кеткен шығын келінге де жұмсалады. Қалыңдық көйлегі (прокатқа алынған), бетін әрлеуі, әлгінде айтқан әдемілік үшін жасалатын дүниенің бәріне – 200 мың теңге кетеді. Оған күйеужігіттің костюм-шалбарын, киіміне гүл, лента секілді ұсақ-түйекке кететін қаражатты қосыңыз. Қысқасы, тойға күйеуі екеуінің сақадай-сай болуына 300 мың теңгеден астам қаржы жұмсалады.

Тойға бет алған жастар қауымының асыға күтетіні – той серуені. Қаланың көрікті жерлері мен саябақтарын аралап, суретке түсіп, тойханаға бет алғанда жол-жөнекей қыдыратын бұл үрдістің де шығыны шаш етектен. Ханзада мен ханшайымдай аяғыңызды жерге тигізбей алып жүретін лимузині, артынан ілескен он шақты қымбат көлігі бар той керуенін бес-алты сағатқа жалдау құны 150 мың теңгеден басталып 300 мың теңгеге дейін жетіп жығылады. Ал осы жастар серуенін суретке және бейнетаспаға түсірушілерді де жалға аласыз. Ертеден қара кешке дейін жас жұбайлардың соңынан зыр жүгіріп қызмет ететін мамандардың  жұмыс ақысы орта есеппен алғанда 30-60 мың теңге, операторлардың қызметі 15-30 мың теңге аралығында. Тіпті, қазір суретке түрлі техника арқылы түсіретін фотографтарды 150 мың теңгеге жалдай аласыз, әрине ақшаңыз артылып жатса.

Айтпақшы, қазір жас жұбайлар үйлену тойының алдында "Love story" түсіретін болған. Яғни, екі жас қалай кездесті, қандай себеппен жолықты, бұл кездесу махаббатқа қалай ұласты, бәрі-бәрі баяндалады. Жас жұбайлар туралы 10 минуттық фильм түсіру 100 мың теңге тұрады. 

Бүгінде тойхананы той иелерінің қалауына қарай белгілі бір түспен біркелкі етіп безендіру сәнге айналды. Шарлар мен гүлдер, әдемі баулар келген қонақтың тойдағы көңіл-күйіне айтарлықтай әсер ететін көрінеді. Қонақтар естелікке суретке түсуі үшін кіреберіске баннер қою да осы күні бұлжытпай орындалатын қағида. Қос ғашықтың аттары жазылып, енді біріне суреттері бейнеленетін түсқағазды тақтаның бағасы 20 мыңнан басталады. Шары мен гүлі, баннері мен баулары бар безендірушілер қалтаңыздан 40-50 мың теңгені қағып алады. Тойхананың сән-салтанаты келісті делік. Әрі қарайғы шаруа тойдың мәнін кіргізетін бірден-бір адам – асабаның қолында. Той жүргізетін асабалардың қызмет ақысы 60 мың теңгеден басталып, 2-3 мың доллар, кейде тіпті 5 мың долларға дейін барады. Жұмыс кестесі бір жылға алдын ала жоспарланып қоятын кейбір жұлдызды асабалар 3-4 сағаттық қызметі үшін 10 мың доллар алған кезі болыпты дегенді де естідік. Асабаның атағы мен даңқы артқан сайын қызмет ақысы да өсе беретінін біле тұра бүгінгі тойшыл қауым шамасы келсін-келмесін тыраштанып,  тойына танымал асабаларды шақыруға құмар.

Тойдың қызығы – тойбастар

Тойбастар таратылмай, той тарқамайды. Тойдан тобықтай деп қоржынға салынған тарту-таралғы үлестірілгеннен кейін қонақтардың көбі үйді-үйіне тарқап кететіндіктен,  қазір той иелері тойбастарды тойдың соңына таман ұсынатын болған. Қоржын ішіндегілерді кәкір-шүкір деп елемейтіндер көп, алайда қырғыз бен қытай жасап беріп отырған сол ұсақ-түйектің өзі той жасаушының қалтасына аз салмақ түсірмейді. Осы күні жатжұрттықтар біз тау ғып үйіп, өртеп жатқан киіздің бір шөкімінен ғана келістіріп, киіз үй үлгісінде қоржын жасап, бізге оны 2000-5000 теңгенің аралығында саудалайды. Он адамның ортасына бір тойбастар қойылатынын ескерсек, 300 адам шақырылған тойға 30 тойбастар дайындалады. Ал оған үнемдегеннің өзінде 70-80 мың теңгеңіз кетіп тұр. Шынтуайтына келгенде, тойдан арқалап қайтқан сол бұйымдардың кәдеге жарайтыны некен-саяқ. Бірақ пайдаға ассын, аспасын, тойбастар таратылуы шарт. Таратылмаса, елдің сөзіне қалады.

P.S. Қысқасы, думандатып той жасауға кемінде 2-3 миллион теңге кетеді. Бір күндік қуаныш үшін қаншама жыл несие төлеп жүргендер де аз емес. Бәрі де былайғы жұртқа "жұрттан қалмау керек" деген жалған намыс пен даңғой түсініктей көрінеді. Десек те, "Тапқанымыз тойға шашылсын" деп астамшылықты ақтап алатын да, "Шаршасақ, той қамымен жүгіріп шаршайық" деп тілек айтатын да өзіміз. Қайтеміз енді, қазақпыз ғой...

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу