Төмендетуге болмайды, күту керек

Сара Бухина Сара Бухина
2838

Негізгі мөлшерлеме бойынша Ұлттық банк техникалық комитетінің отырысы қарсаңында abctv.kz сарапшылардың пікірін білмек болды.

Төмендетуге болмайды, күту керек

Негізгі мөлшерлеменің көлемі туралы кезекті шешім қабылдауда Ұлттық банк қиын жағдайда қалды. 20 ақпан күні өтетін Ұлттық банктің ақша-несие саясаты жөніндегі техникалық комитеті отырысы оның мөлшері туралы бір тоқтамға келмей тарауы да мүмкін. Бұлай ойлауымызға осы мәселе бойынша қаржылық нарық сарапашылары мен қатысушыларының пікірлеріндегі ала-құлалық негіз болып отыр.

Дүйсенбі, 20 ақпанда, Ұлттық банкте ақша-несие саясаты жөніндегі техникалық комитеттің биылғы жылғы екінші отырысы өтпек, онда негізгі мөлшерлемені өзгерту мәселесі талқыланады. Кәсіби қоғамдастықта қандай жаңалықтар күтілетінін abctv.kz. анықтамақ болды.

2017 жылдың соңына дейін негізгі мөлшерлеме 10-10,5%-ға дейін төмендейді, бірақ дәл осы ақпан айындағы деңгейі өзгеріссіз қалады, деп есептейді "Казкоммерц Секьюритис" талдау бөлімінің басшысы Нұрлан Ашынов.

Ұлттық банктің негізгі мөлшерлемесі 2016 жыл бойы 17%-дан  жыл соңында 12%-ға дейін жоспарлы түрде төмендегенін еске салды ол.

"Біз негізгі сауда серіктесіміз - Ресеймен  тығыз байланыстымыз. Біздің елдердің экономикасы мұнайға тәуелділігімен ұқсас. Қазір Ресейдегі негізгі мөлшерлеме 10%-ды құрайды және Центробанк соңғы баспасөз хабарламасында ішкі және сыртқы экономикалық ахуалды ескеріп мөлшерлеме биылғы жылдың бірінші жартысында көтерілмейтінін мәлімдеді", - деп айтты сарапшы.

10%-дық негізгі мөлшерлемеде РФ инфляциясы қаңтар айының қорытындысы бойынша 5%-ды құрады деп қосты Нұрлан Ашынов. Басқаша айтсақ, шынайы пайыздық мөлшерлеме шамамен 4,8%-ды құрайды. Қазақстанда 12%-дық негізгі мөлшерлеме мен 7,9%-дық инфляция деңгейінде шынайы мөлшерлеме 4,1%-ды құрайды.

Егер реттеуші қазір мөлшерлемені түсірсе, онда шынайы мөлшерлеме одан да төмен болып, бұл инфляцияға қосымша қысым түсіреді.

"Шынайы мөлшерлеме жоғары болған кезде, халық жинақтаушы үлгіге ауысады, яғни адамдар қаражат жұмсағаннан гөрі, жинауға тырысады. Осыдан шығып инфляция да төмендейді. Соңғы үш айда Қазақстандағы инфляция деңгейі жоғары болды. Егер қазір оны түсірсек, онда бұл Ұлттық банктің инфляцияны шектеу жөніндегі саясатына қарама-қайшы келеді", - деп түсіндірді Нұрлан мырза.

Ұлттық банк мөлшерлемені қайта қарамауы тиіс, себебі инфляциялық ахуал онсыз да жоғары. Оның үстіне үкімет Ұлттық банкке банк жүйесін қалпына келтіруге 2 трлн теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылдады. Мұндай қадам банк салысындағы шектен тыс өтімділіктің ұлғаюына байланысты инфляцияның шектен шығуына жол ашады деп баса айтты "Halyk Finance" басқармасының мүшесі Мұрат Темірханов.

"Негізгі мөлшерлеме төмендетілсе, банктер өз қаражатын валюта нарығына немесе тұтынушыларды несиелеуге жұмсауына тура келеді. Банктер экономикаға несие беріп, алға дамуы үшін несие бойынша пайыздық мөлшерлемені 10%-ға дейін төмендету қажет деген сауатсыз пікір бар.

Бірақ девальвациялық және инфляциялық болжамдар әлі тым қауіпті, оған қоса біз былтырғы жылдың ақпан айында ғана шынайы инфляцияны шектеу саясатына көштік әрі өтімділік мәселесі жақында ғана шешілді", - деп назар аударды Мұрат мырза.

Инфляция 5%-дан асса не тым шектен шығып кетсе бизнеске жоспар құру қиынға соғады, жекеменшік инвестициялар төмендейді, экономикада бейберекеттік орнайды, ал бұл өз кезегінде экономиканың даму жылдамдығын тежейді деп сөзін жалғады сарапшы. Сондықтан бүгінгі күні реттеушінің басты міндеті инфляция жылдамдығын төмендету болып отыр. Тек содан кейін ғана кәсіпкерлер экономикаға сенім білдіріп, несие алуға сұраныс артады деп қорытты ол.

Реттеуші инфляция деңгейін белгіленген шекке жеткізіп, банк секторындағы жағдай тұрақталғандықтан, теориялық тұрғыдан ол негізгі мөлшерлемені төмендете алады деген пікір білдірді "Almagest" консалтингілік компаниясының директоры Айдархан Құсайынов. Алайда бұл халықтың негізгі бөлігі үшін тағдыршешті шешім болады деп есептемейді.

"Негізгі мөлшерлеме отандық экономикада АҚШ Федералды резервтік жүйесіндегідей  үлкен рөл атқармайды. Бізде шартты еркін бағам және несие берудің нарықтық жүйесі жоқ", - деп дәлел келтірді ол.

Коммерциялық банктік мөлшерлемемен қатар Қазақстан Даму банкі мен "Даму" қоры бойынша несие берудегі жеңілдік мөлшерлемесі бар. Қаржылық жүйе толығымен бұзылған, деп сөзін жалғады Айдархан Құсайынов. Мемлекеттің осындай үлгіде экономикаға қатысуы Ұлттық банктің қаржылық жүйені құру жөніндегі жұмысына кедергі келтіреді.

Теңге бағамы нығайғанына байланысты Ұлттық банк нарықтағы өтімділік деңгейін көтеріп, теңгенің нығаю үрдісін бәсеңдету үшін мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деп есептейді "BRB Invest" ЖШС-ның директоры Ғалым Хұсайынов. Оның үстіне енді оған экономикалық өсімді қамтамасыз ету міндеті жүктелді, ал ол үшін  несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету арқылы несие беруді жандандыру қажет.

"Осыған байланысты банк секторының Ұлттық банк ноталарына деген қызығушылын төмендетіп, несиелеу сегментін тартымды етуге тура келеді. Бірақ бізде ақша-несие саясатына сақтанумен қарау белең алғандықтан, мөлшерлеме сәл ғана, 0,5-1%-ға, төмендетіледі.

Биылғы жылдың бірінші ширегінде экономикамызда тыныштық орнап, аса өзгеріс болмағандықтан негізгі мөлшерлеме 12% деңгейінде қалады деген пікірді қаржылық кеңесші Расул Рысмамбетов білдірді.

"Ұлттық банк 2017 жылы инфляцияны 6-8% шегінде сақтауды жоспарлайтынын мәлімдеді. Ал былтыр бұл көрсеткіш белгіленген шектен сәл асқандықтан, биыл мөлшерлемені 0,25%-ға дейін төмендетеді", - деп болжады ол.

Бұл пікірмен экономист Алмас Чукин де келіседі. Үкімет банк секторына 2 трлн теңге саламыз деп Ұлттық банкке жақсылық жасады, енді реттеуші инфляцияны ауыздықтап, теңге бағамын бүлдіріп алмау үшін бас қатыратын болды.

"Мен мөлшерлемені көтеру керек деп айтпаймын. Ұлттық банк олай істемейді. Бірақ төмендету де қажет емес, тек осындай 2 трлн теңге сомасындағы қаражат нарыққа қалай әсер ететінін бақылап, қадағалау қажет", - деп түйіндеді ойын Алмас Чукин.

Сара Бухина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу