Тұрғын үйдің инвестициялық тартымдылығы төмендеді

6005

Астанадағы шаршы метрлердің өтелу мерзімі бес жыл ішінде екі рет өскен.

Тұрғын үйдің инвестициялық тартымдылығы төмендеді

Сату сегментіндегі және тұрғын үйді  жалға беру нарығындағы ұсыныстың көп болуы тұрғын үй  аудандарының инвестициялық тартымдылығына кері әсер етуде. Егер осыдан бес жыл бұрын инвестициялық табыс табу мақсатында пәтерлерге салынған қаражат бес жыл ішінде өзін өтеп шыққан болса, қазір салынған қаражатты қайтарып алуға 10 жылдан астам уақыт керек. Бұл туралы  abctv.kz-ке FORUM ASTANA  компаниясының серіктесі сарапшы Лев Тетин мәлімдеді.

Астанадағы шаршы метрдің орташа бағасы бір шаршы метр үшін 320 мың теңге болып отыр. Елордада ауданы 40 шаршы метр болатын 1 бөлмелі пәтер сатып алуға 12,8 млн теңге кетеді. Мұндай баспананы ай сайын 100 мың теңгеге жалға беруге болады. Жалға беру арқылы пәтерді сатып алуға шығарған ақшаны қайтаруға 128 ай керек, бұл 10 жылдан астам уақыт деп өз есебін ұсынды сарапшы.  

"Бес жыл бұрын тұрғын үйге салынған қаражаттың өтелу мерзімі екі есе аз болатын, яғни оған небәрі бес-алты жыл ғана кететін. Ақша салған адам үшін бұл қызықты болатын. Алайда қазір айтып отырғанымыздай, шыққан шығынның орнын 10 жылда қайтарып алу әлемде жақсы көрсеткіш саналады. Қазақстан туралы айтар болсақ, нарықтағы өзгеріс баспанаға қаражат салу қызығушылығын төмендетіп жібереді. Бұрын салған инвестицияны бес жылда қайтару мүмкін болған болса, қазір бұған бақандай он жыл уақыт керек", – деді Лев Тетин.

Бірақ та ол бұған қарап нақты бір кесімді шешім шығаруға болмайды деп есептейді. Ықтимал рантье үшін қызықты ұсыныстар да келіп түсуі мүмкін. Мысалы құрылыс салушы аудандардың барлық жағдайын жасағаннан кейін сатуы мүмкін.

"Егер де инвестициялық тұрғын үй туралы айтатын болсақ, онда тек шаршы метрдің бағасына қарап қана қоймауымыз керек. Сонымен қатар тұрғын үй кешенінің орналасқан жерін, яғни инфрақұрылымы дамыған ба, жоқ па, қасында мектеп, балабақша, емхана, тағы да басқа әлеуметтік нысандар барма, осыған назар аудару қажет. Себебі айналып келгенде жайлылық пен пәтер бағасының қолжетімділігі бұл аудандағы және нақты тұрғын үй кешеніндегі шаршы метр бағасының қандай болатынына әсер етеді. Тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы қымбаттауы мүмкін, сондай-ақ түсіп те кетуі мүмкін. Оның барлығы тұрғын үйдің сапасына, тұжырымдамасы мен идеологиясының дұрыс ойластырылуына байланысты", – дейді Лев Тетин.

Тұрғын үйдің өтімділігі жалға берудің мөлшерлемесіне тәуелді. Бүгінгі күні тұрғын үйді жалға беру нарығы реттеліп келеді, яғни баспананы жалға беру сапасы артып, шаршы метрдің құны төмендеп, жалға беру бағасы түсуде. "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесінің тұрғын үйді жалға беру нарығына әсері уақытша ғана болды.

"2017 жылы жалға беру бағасының 30-50%-ға артқанын көрдік, тіпті кей жағдайларда 100%-ға артқан. Бұл "ЭКСПО-2017" көрмесімен байланысты болды. Өйткені бұл кезде туристер ағылып келген еді. Көрмеге келгендердің саны үш айда 3,9 млн адам болды. Нәтижесінде шетелдік туристер мен қазақстандық келушілердің ағыны жалға беру бағасына әсер етті. Пәтерді жалға берушілер көрмеге келгендер қымбат бағаны көтере алады  деп болжап, бағаны өздерінше реттеген. Қазіргі уақытта бұл қарқын басылды. Сонымен бірге пәтерді жалға беру бағасы былтырғы жылғы деңгейге келіп қана қоймай, түсе бастады", – деді сарапшы.

Оның мәліметі бойынша, жалпы 2017 жылы Астанада пәтерді жалға беру бағасы 10%-ға төмендеген. Бұл тренд 2018 жылы да жалғасады. Тенденцияға жылжымайтын мүлік нарығындағы ұсыныстардың көп болуы тікелей әсер етеді.   

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу