Түрікменстанда апта соңы президент сайлауы

Аскар Муминов Аскар Муминов
3123

Халық бұрынғыша қара нан мен қара суға қанағат ете ме, жоқ әлде президентін ауыстыра ма?

Түрікменстанда апта соңы президент сайлауы

12 ақпанда Түрікменстанда президент сайлауы өтеді. Сарапшылардың пайымдауынша, онда қазіргі республика басшысы Құрбанғұлы Бердімұхамедовтің жеңіске жететіні күмән келтірмейді. Одан бөлек президенттікке тоғыз қарсылас үміткер, бұл негізінен жалпақ жұртқа беймәлім адамдар, оның ішінде уәлаят хәкімдерінің (облыс әкімдерінің) орынбасарлары, зауыттар мен өндірістік бірлестіктердің директорлары бар.

Ал Түрікменстанның қазіргі президенті өзінің болашақ сайлаушыларын өзі шығарып, гитарада орындаған әнімен қуантты. Алайда көмірсуға бай Республикадан түсіп жатқан ақпаратқа қарағанда, қазір елде орнаған азық-түлік дағдарысына байланысты азаматтардың сайлауды ойлауға мұршасы жетпей жүрген көрінеді. Осымен үшінші ай қатарынан халық күнделікті қажетті азық-түлікті алу үшін ұзын-сонар кезектен арыла алмай келеді. Таза ауыз су тапшылығы байқалады, тіпті, ел астанасы Ашхабадтың өзінде күніне бірнше рет суды тоқтатып тастайды. Кезінде Орталық Азияның экономикалық тұрғыдан тұрақты республикаларының бірі болған бұл елдің жұтаң ахуалына себеп – мұнай мен газ бағасының төмендеуі салдарынан мемлекеттік қазынаның күрт қысқаруы екені айтылады.

Қаңтардың соңында Түрікменстанда Құрбанғұлы Бердімұхамедовтің жарлығымен суға шектеу қойылды, ол газ және электр қуатымен қатар халыққа берілетін мемлекеттік жеңілдіктің тізімінде болатын. Жарлыққа сәйкес, жан басына шаққанда тәулігіне тегін берілетін су нормасы 250 литр деп белгіленді. Соңғы кездері түрікмендердің үйіне келетін су мүлде ішуге жарамсыз дейді abctv.kz-тің Түрікменстандағы меншікті тілшісі. Осыған байланысты соңғы айларда халық сырттан келген суды сатып алуға мәжбүр. Мысалы Түрікменстанның Балқан облысында сырттан келетін судың 5-7 тоннасы 90-100 манат (шамамен 27 доллар) тұрады.

Азық-түлік жоқ, бірақ бекем болыңыздар

Алайда су тапшылығы түрікмендер жалғыз қиындығы емес. Дереккөздер растағандай, соңғы үш айда Түрікменстан дүкендерінде азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі байқалады, ал азаматтардың қажет тауарды сатып алатын ақшасы жоқ.

Сонымен 2016 жылдың қарашасынан бастап түрікмен дүкендерінде біртіндеп тауардың, әсіресе, темекінің тапшылығы байқала бастады. Мысалы Дашоғыз уәлаятында мемлекеттік дүкен сөрелерінде біраз уақыт бойы пісте, сағыз және наннан басқа ештеңе сатылған емес, ал өсімдік майы алдын-ала жасалған тізімге сәйкес сатылды. Айта кету керек, Түрікменстанда әлі күнге дейін карточкамен азық-түлік сататын мемлекеттік дүкендер бар.

2016 жылдың қаңтар айынан бастап Түрікменстанда Америка долларын сатуға тыйым салынды. Сарапшылардың айтуынша, азық-түлік тапшылығының бір себебі осында. Билік ұлттық валютаның ресми құнсыздануымен осындай ерекше тәсілмен күресеміз деп шешті. Ал халықтың негізгі бөлігі қарап отырған қара нарықта осы жарлықтан кейін доллар 3,5 манаттан 7 манатқа дейін екі есе өсіп кетті.

Түрікменстан азық-түліктің көп бөлігін шетелден импорттайтындықтан, барлық шетелдік тауар бір-ақ сәтте тапшы болып қалды.

"Азаттық" радиосының түрікмен қызметі редакторының міндетін атқарушы Фаррух Юсуфийдің айтуынша, азық-түліктің жетіспеушілігі және оны мемлекеттік дүкендерде сатып алу мүмкіндігінің болмауы бюджет саласының қызметкерлеріне ауыр тиіп отыр. Себебі девальвациядан кейін баға екі-үш есеге қымбаттаған, қарапайым халықтың күнделікті сауда жасап жүрген дүкенінен азық-түлік сатып алуға қалтасы көтермейді. Сонымен қатар онда керекті тауардың барлығы табыла бермейді. Карточкамен сататын мемлекеттік дүкендерде күн санап шектеу қаталдап барады.

"Біздің журналистер азық-түлік алуға тұрған үлкен кезекті байқады, бірақ адамдар кезекте тұруын тұрса да, керек затын сатып алуы екіталай. Дүкен сөрелері жартылай бос. Әу баста айғай-шу басталғанда адамдар барлығын ұялы телефондарына суретке түсіруге тырысты. Мұны байқаған билік кезек қаптаған дүкендердің барлығына қарулы сарбаз қойды, олар халықтың суретке түсірмеуін қадағалап тұрады. Егер біреу наразылық білдіретін болса, оны полиция органына алып кетіп, түсіндіру жұмысын жүргізеді", – дейді Фаррух Юсуфий.

Сондай-ақ оның айтуынша, бюджеттік сала қызметкерлерін соңғы уақытта жұмыстан шығарамыз деп қорқытып, үлкен кезек орнаған дүкендерге бармауды талап ете бастады.

"Түрікменстанның баламалы жаңалықтарының" редакторы Руслан Мятиевтің abctv.kz-ке берген мәліметіне сүйенсек, азық-түлік тауары тапшылығы алыс жатқан уәлаяттарда халық арасындағы наразылықтың ушығуына әкеп соқты.

Болашаққа деген құрғақ қиял

2016 жылдың басынан бастап жергілікті ұннан жасалған нан орташа есеппен 3,5%-ға қымбаттады, Ресей ұны – 34,3%-ға, ташауһиз күріші – 9,9%-ға, иран макароны – 20,9%-ға, әзірбайжан қанты – 38,2%-ға, қарақұмық – 49,9%-ға, айран – 9,5%-ға қымбаттағанын Түрікменстанның статистика жөніндегі мемлекеттік комитеті ресми түрде растады.

Жақын арада экономикалық жағдайдың жақсаруын күтуге болмас, себебі Түрікменстаннан Ауғанстан, Пәкістан және Үндістан аумағы арқылы газ құбырын өткізу көзделген, Ашхабад ерекше үміт артқан көп күттірген ТАПИ жобасын іске қосу тағы да кейінге шегерілді және осы жолы 2020 жылға дейін созылады. Ұзындығы 1814 шақырым ТАПИ газ құбырын салу келісіміне сәйкес, жоба іске қосылғаннан кейін жылына 33 млрд текше метр табиғи газ сыртқа жөнелтіледі деп көзделген болатын. Алайда жобаның қазіргі құны 2002 жылы Азия даму банкі болжаған сомадан төрт есеге асып түсті. Ал оның болашағы сол күйі бұлыңғыр болып қала берді.

Міне осындай күрделі жағдайдан басталған Түрікменстандағы президенттік кампаниясы аяқталуға жақын қалды. Қазіргі басшы, 60 жасар Құрбанғұлы Бердімұхамедов президенттікке қатарынан үшінші рет сайланбақ. Түрікменстанның конституциясы бір адамның президенттік сайлауға бірнеше рет үміткерлігін ұсынуға шектеу қоймайды. Ресми Ашхабад ел тарихында тұңғыш рет президент сайлауы көппартиялы бәсекелестікке негізделіп өткізіледі деп сендірді. Қазіргі президент шыққан демократиялық партиядан бөлек, өнеркәсіппен айналысатындардың және кәсіпкерлер партиясы мен Аграрлық партия да өз үміткерлерін шығарды. Түрікменстандағы президент сайлауын ТМД елдерінің бақылаушылар миссиясы және 3223 ұлттық бақылаушы қадағалайды, ОБСЕ миссиясы да өз делегациясын жіберді.

Жергілікті заңнамаға сәйкес Түрікменстанда туған, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді меңгерген, соңғы 15 жылда Түрікменстанда тұратын және жұмыс істейтін елдің кез келген азаматы президент болып сайлана алады. 2012 жылы өткен президент сайлауында Құрбанғұлы Бердімұхамедов 97% дауыс жинап, жеңіске жеткен болатын.

Осы сайлауға бірнеше ай қалғанда Түрікменстанның конституциясына өзгеріс енгізілді, оған сәйкес президенттік өкілеттіктің мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды. Сондай-ақ президенттікке үміткерге қойылатын жас шектеуі 70 жасқа дейін ұзартылды.

Сарапшылардың пайымдауынша, осылайша Құрбанғұлы Бердімұхамедов келесі 14 жылға өзінің билік құруын қамтамасыз етті. Алайда ол одан бұрын билікті мұрагеріне тапсыруға тырысуы мүмкін.

Жеңіске жеткен әкеден жеңімпаз ұлға

2016 жылдың қарашасында Түрікменстан президентінің ұлы Сердар Бердімұхамедов парламент депутаты болып сайланып, болашақта президенттікке үміткерлігін білдіріп, өз саяси жолын бастады деп Руслан Мятиев ерекше назар аударды.

Сердар Бердімұхамедов – түрікмен басшысының жалғыз ұлы, президенттің одан басқа үш қызы бар.

"Қазіргі президент өз мұрагерін алдын-ала дайындап жатқаны айдан анық. Құрбанғұлы Бердімұхамедов Әзірбайжанда орын алған, көптеген сипаты жөнінен түрікмендерге жақын дәстүрді қайталамақ. Сондықтан Конституцияға енгізілген барлық түзету кейін Түрікменстандағы билік еш қиындықсыз Сердар Бердімұхамедовтің қолына өтуіне сәйкестендіріліп жасалды", – деп қадап айтты Руслан Мятиев.

Билік мұрагерін алдын-ала дайындау түрікмен басшысының денсаулығындағы кінәратпен байланысты болуы мүмкін. Түрікменстанның оппозициялық билігі өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Құрбанғұлы Бердімұхамедов 2013 жылдың сәуірінде аттан құлағаннан кейін денсаулығы күрт нашарлап кеткенін хабарлады, ол кезде желіге шығып кеткен суреттерде президент мерт болғандай көрінді. Осының салдарынан түрікмен басшысының денсаулығында көп кінәрат пайда болды, дәлірек айтсақ, оның жүріп-тұруы қиындап, омыртқасына зақым келді.

Дегенмен 1 ақпанда газ-химия кешенінің құрылысшыларымен өткен кездесуде Құрбанғұлы Бердімұхамедовтің хал-жағдайы жақсы көрінді, ол тіпті өзі жазған "Бақыт нұры" әнін гитарамен орындап берді.

12 ақпанда өтетін президенттік сайлаудан тосын сый күтілмейді. Бұл ретте айта кету керек, 2 ақпанда "Түрікменстанның президенті туралы" заңға енгізілген барлық өзгерту заңды күшіне енді. Заңның жаңа редакциясына сәйкес, түрікмен басшысының мәртебесі өзгерді, ендігі кезекте ол тек президент және атқарушы биліктің басшысы, жоғарғы лауазымды тұлға, тәуелсіздіктің, бейтараптықтың, аумақтық тұтастықтың және Түрікменстан Конституциясының сақталуының кепілі ғана емес, сонымен бірге адам мен азаматтың құқығы мен бостандығы сақталуының және халықаралық міндеттемелердің орындалуының кепілі.

Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу