Түріктердің барлау қызметі іске кіріседі

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2833

Lidya Madencilik және Yildizlar SSS Holding геологиялық барлауға 50 млн доллардан артық қаржы құяды. 

Түріктердің барлау қызметі іске кіріседі

2018 жылы  "Қазмырыш" ЖШС, "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС және "Полиметалл" АҚ жобаларын қоса алғанда еліміздегі барлық жобаларға бес миллиард теңге жеке инвестиция  салу жоспарланып отыр. "Қазгеология" АҚ басқарма төрағасы Ғалым Нұржанов геологиялық барлау жұмысын жүргізу үшін түріктің Lidya Madencilik және Yildizlar SSS Holding компанияларымен 50 млн доллардан артық инвестицияға қатысты келісімге қол қойылғанын мәлімдеді.

2017 жылдың соңына дейін қазіргі инвестициялық жобалар бойынша геологиялық барлауға төрт миллиард теңге жеке инвестиция жұмсалады деп жоспарлануда. Қазір қорғасын, мырыш, хром сияқты стратегиялық металдарды іздеу мен олардың кен орындарын барлауға бағытталған 39 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр.

"Мысалы, 2015-2017 жылдары Rio Tinto трансұлттық компаниясы екі жобаға 3,3 млрд теңге қаржы салған. Биыл Аустралиялық Iluka Rersources компаниясы Қостанай облысында Air core  құрғақ бұрғылау технологиясын қолдану арқылы 9 мың қума метр көлемде 300 ұңғыманы бұрғылады. Негізінен титанды-цирконий құм кен орны ізделді. Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында екі жер барлау жұмысын жалғастыру үшін таңдап алынды. Жоба басталғаннан бері 700 млн теңге қаржы салынды", – деді Ғалым Нұржанов.

Ulmus Fund неміс қоры Қарағанды облысының Бесшоқы аумағындағы мыс кенін барлау жұмысына 600 млн теңге қаржы құйған.  

Осы жылы Қазақстанда  "Полиметалл" АҚ (Ресей) пен Ghadir Industry (Иран) компаниясы алғаш рет геологиялық барлау жұмысын бастады. "Полиметалл" АҚ тапсырысы бойынша Қостанай облысының Шекара учаскесіндегі 1200 шаршы шақырым жерден алтын-күміс өндірістік кені мен мыс кенін табу үшін  аэрогеофизикалық зерттеу жұмысы жүргізілді.  

"Қазгеология" АҚ осы жылы еліміздің 12 учаскесінде 2 млрд теңгенің  жұмысын атқарды, соның ішінде 10 учаскедегі жұмыс мемлекеттік тапсырыс бойынша жүргізілді және оғанбір  млрд теңгеден артық ақша жұмсалды.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша жеті учаскеге болжамдық ресурстар есептелді, яғни алтын – шамамен 70 тонна (Алтыншоқы, Аршалы), мыс – 1 млн 146 мың тонна (Сарыадырда -720 мың тонна, Алтыншоқыда - 200 мың тонна, Итауызда - 115 мың тонна, Кенқазғанда - 26 мың тонна), күміс-394 тонна (Алтыншоқы және Кенқазған) болды.

Оңтүстік Кемпірсай учаскесінде бұрғылау және ғылыми өңдеу жұмысы жалғасып жатыр, барлау жұмысы 2021 жылы аяқталуы тиіс. Осы жылы 21 мың қума метр бұрғыланған.

Сирек металдар жайлы айтар болсақ, онда негізгі 16 кенді аймақта сирек металдарды (иттрий, итербий) геологиялық барлау жұмысы басталғанын айтуға болады. Бұл жерде 3400 қума метр ұңғыма бұрғыланған. Яғни 244 млн теңгенің жұмысы орындалған, келесі жылы геологиялық барлауды жалғастыруға 259 млн теңге бөлу жоспарланып отыр.

"Қазгеология" АҚ Triumph Instruments компаниясының әлем бойынша ең озық тікұшақты электронды барлау жүйесі болып табылатын AirTEM кешенін сынақтан өткізеді. Технологияларды сынауға  арналған қанатқақты жоба 23 қараша күні Степногорск қаласында іске қосылады, жұмыс көлемі 700 қума метр.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу