banner

Түркі елдеріне ортақ телеарна құрылмақшы

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
2762

Түркі тілдес тілшілер Түркістанда табысты.

Түркі елдеріне ортақ телеарна құрылмақшы

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі мен Халықаралық түркі академиясы Түркістан қаласында "Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік" атты халықаралық журналистер форумын ұйымдастырды.

Форумға  Әзербайжан, Башқұртстан, Бельгия, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан және Түркия мемлекеттерінің БАҚ басшылары мен тілшілері қатысты.

Алқалы жиын түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастырып, мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын нығайтуды көздеді.

Форумның ашылу салтанатында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, аталмыш форум "Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы" атты жоба аясында өткізілетін іс-шаралардың ішіндегі аса  маңызды жиын екендігіне тоқталды. Сөз арасында ол Түркі елдеріне ортақ телеарна құру мен ақпарат алмасу мәселесін  көтерді.

"Ақпараттық кеңістік құрудағы басты мақсатымыз Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан сияқты түркі елдерімен қатар жер шарындағы түркі қауымдастықтарымен ынтымақтастық орнату, жедел ақпарат алмасу, баспасөзде серіктестік құру, түбі бір түркіге ортақ тарих, мәдениет, білім, өнер салаларындағы құндылықтарды бірлесіп насихаттау. Ортақ телеарна бірлігіміздің, рухани, саяси және экономикалық байланысымыздың нығаюына жұмыс істейтін үлкен дүние болады деген сенімдемін. Ортақ тарихымыздың зерттелуіне және мәдениеттеріміздің жақындасуына ортақ телеарна өлшеусіз үлес қосады", – деді өңір басшысы. 

Бұдан кейін Жансейіт Түймебаев түркі елдерінің рухани байланысын нығайтуға қосқан орасан зор үлесін айрықша атап көрсетіп, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліні "Оңтүстік Қазақстан облысына сіңірген еңбегі үшін" медалімен марапаттады.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов те түркі халықтарының мәдени, рухани интеграциясындағы ақпарат құралдарының маңызына тоқталды.

TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлі жиынға қатысушыларға түркі жұртының қарымды журналистерінің басын қосқан медиа-форумға қолдау білдірген ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың құттықтау хатын оқып берді. Ал әлем журналистері ұйымының шешімімен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев "2016 жылғы үздік дипломат-елші" атағымен  марапатталды. Сыйлықты ұйым басшысының орынбасары, белгілі журналист Орxан Селен мырза табыс етті. 

Форумда Әзербайжан баспасөз одағының басқарма мүшесі, "Şark" газетінің бас редакторы Акиф Ашырлы Валиев, өзбекстандық "Түркістан пресс" ақпарат агенттігінің бас редакторы Улуғбек Асроров, республикалық "Айқын" газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, түркиялық Anadolu Ajansı мемлекеттік ақпарат агенттігінің бас редакторы Фарук Токат, қырғызстандық "Кыргыз туусу" басты ресми газетінің жауапты хатшысы Назарбек Байжигитов және түркиялық "Yeniçağ" газетінің сарапшысы Күршад Зорлу түркі әлеміне ортақ ақпарат алмасу деген тақырыпта баяндама жасады. Сессияда ақпараттық саясатымыз бір болмайынша, түркі интеграциясы толық болмайтыны айтылды.  

Түркі кеңесінің жоба жетекшісі Джейхун Шахвердиев, "TRT-Avaz" телеарнасының директоры Мұрат Аккоч, "EURELIZ" медиа және стратегиялық коммуникациялар компаниясының директоры, журналист Эли Хаджиева, қырғызстандық "Kabar" ұлттық ақпарат агенттігі директорының орынбасары Тынчтык Карымшаков, түркиялық "NTV" телеарнасының бағдарлама редакторы Ахмет Йешильтепе мен тәуелсіз блогер Айдос Сарымның қатысуымен өткен екінші сессияға "Хабар" агенттігі" төрайымының орынбасары Ринат Кертаев модераторлық етті. Екінші отырыстың қатысушылары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы Бодрум Саммитінде ұсынған түркі дүниесінің ортақ телеарнасын құру мәселесін жан-жақты талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.

Түркітілдес мемлекеттер арасында ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру мақсатында форумға келген баспа бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өзара тәжірибе алмасып, алдағы уақытта тығыз жұмыс істеу  туралы келісімге келді.

Айта кетейік, шара шеңберінде түркі әлемін бір-біріне және әлем жұртшылығына насихаттауға сіңірген еңбегін марапаттау және ынталандыру мақсатында Халықаралық Түркі академиясы тағайындаған Исмаил Гаспыралы атындағы халықаралық медиа сыйлықтың иегерлері марапатталды. Құрметке кенелгендердің қатарында түркиялық "Yeniçağ" газетінің сарапшысы Күршад Зорлу, Әзербайжанның белгілі қаламгер-журналисі Аида Эйвазова, "Қазақпарат" халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Омаров, түркиялық NTV арнасының бағдарлама редакторы Ахмет Йешильтепе болды.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу