Түркия президенттік жүйеге өтпек

Жанат Байжомартұлы Жанат Байжомартұлы
4135

Оппозициялық партиялар қарсылық шараларын өткізіп, саяси билікті бір кісінің қолында шоғырландыру қауіпті екенін айтады.

Түркия президенттік жүйеге өтпек

Қазақстанда Ата заңға президент, парламент пен үкіметтің өкілеттіктерін қайта үлестіру туралы өзгерістерді енгізу мәселесі талқыланып жатқанда, түбі бір түркітілдес мемлекет – Түркия парламенті президенттік басқару формасына өтуге мүмкіндік беретін конституциялық заң жобасын қабылдады.

Соңғы жылдарда бұл елде конституцияға тиісті өзгерістер мен түзетулер енгізу қажеттілігі жөнінде жиі айтылып, түрік қоғамында қызу талқыланғаны белгілі. Басқарушы "Әділет және даму партиясы" (AKP) "Ұлттық әрекет партиясының" (MHP) қолдауымен Парламентке Ата заң жобасына өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасаған. 18 баптан құралатын жаңа Конституция жобасы қаңтар айында Түркия парламентінде өткен оқылымда қаралып, дауыс беру нәтижесінде заң жобасын қабылдауға 488 депутаттың 339-ы келісім берді.

Енді бұл заң жобасы Түркияда наурыз немесе сәуір айында өтеді деп жоспарланған референдумға шығарылуы мүмкін. Ол үшін заң жобасы президент Тайып Ердоған қол қойған және ресми басылымда жарияланған күннен кейін 60 күн өткен соң ұлттық референдумға шығарылады. Оған референдумға қатысатын сайлаушылардың жартысы дауыс берген жағдайда ұсынылған түзетулер заң жүзінде өз күшіне енеді. Алайда алдын-ала жасалған қоғамдық зерттеу бұл өзгерістерге қарсылардың санының аз еместігін көрсетті.

Түркия Республикасы құрылғалы 1923 жылдан бері парламенттік басқару нысанындағы мемлекет болғандықтан бұл өзгерістердің Түркия үшін саяси мәні мен салдары зор болмақ. Партия жақтастарының пікірінше, Ата заңға енгізілетін өзгеріс мемлекет тұрақтылығын нығайтып, күшті көшбасшылықтың арқасында мемлекетте төңкеріске тосқауыл қойып, басқару жүйесін жеңілдетіп, ел тарихындағы әлсіз коалициялық үкімет дәуіріне қайтудың алдын алмақ. Ал сыншылардың пікірінше, бұл түзету елдегі парламенттік басқару формасын жойып, билік басындағы партияның, бірінші кезекте, ел президентінің билігі мен өкілеттігін шектен тыс нығайтуы мүмкін.

Президент билігі күшейтіледі

Мамандар конституциялық реформаның президент билігін күшейтетінін алға тартады. Мысалы көктемдегі референдум жоспарға сәйкес өтіп, тиісті түзету мен ұсыныс күшіне енген жағдайда, президент жарлық шығаруға, үкімет басшысын тағайындауға немесе министрлер кабинетін жеке өзі басқаруға, вице-президентті, министр мен жоғары лауазым иесін тағайындауға және қызметінен босатуға, ұлттық мәжілісті таратуға, конституциялық өзгеріс туралы мәселені референдумға шығаруға, төтенше жағдай жариялауға құқылы болады.

Бүгінде Жоғары әскери кеңеске бағынатын Түркия қарулы күштері мен барлау бас штабы президенттің жеке бақылауына қарайды. Яғни президент мемлекеттік жүйенің және атқарушы биліктің басшысына айналады. Сондай-ақ өзгерістер президенттің саяси партия мүшесі болуына мүмкіндік береді. Президент қылмыстық жауапкершілікке қарсы иммунитетке ие болып, соттар мен прокурорлар жоғары кеңесіне өз билігін жүргізе алады. Президент жоғарғы сот өкілдерінің жартысын тағайындауға мүмкіндік алып, бюджетке ұсыныс енгізе алады. Президенттік және парламенттік сайлау бір күнде өткізіліп, министрлер кабинеті парламентке емес, тікелей президентке бағынады.

Басқару мерзімі

Жоспар бойынша, Түркияда 2019 жылы президенттік және жалпы парламенттік сайлау өткізу жоспарланып, президентке 5 жылдан екі мерзімге дейін басқару құқығын беру қарастырылған. Бақылаушылардың айтуынша бұл өзгеріс қазіргі биліктің елді 2029 жылға дейін басқаруына қажетті жағдай қалыптастырады. Тайып Ердоған 2002 жылдан 2014 жылға дейін Түркияның премьер-министрі болды. 2014 жылы ол елде өткен тікелей сайлауда билікке келген алғашқы президент болды. Бұған дейін президент рәміздік маңызға ғана ие болып келгенін естеріңізге сала кетейік.

Заң жобасы бойынша, Түркия Франция және АҚШ сияқты президенттік республикаға айналып, ел тарихында тұңғыш рет премьер-министр лауазымы жойылуы мүмкін. Түзету парламентте көктемде өтетін ұлттық референдумда қабылданған жағдайда 2018-2019 жылдарда өз күшіне енуі мүмкін.

Оппозицияның реакциясы

Бұл түзетуге елдің басты оппозициялық партиясы "Республикалық халық партиясы" (CHP) мен "Халық демократиялық партиясы" қарсы екендігін білдірген еді. Парламентте заңды талқылау кезінде оппозициялық партия өкілдері және билік партиясы депутаттары арасында екі мәрте жанжал шығып, жаға жыртысуға дейін барғаны белгілі. 9 қаңтарда оппозициялық партиялар Анкарада қарсылық шараларын өткізіп, елде саяси билікті бір кісінің қолында шоғырландыру қауіпті екенін алға тартып, парламенттік жүйені сақтап қалудың қажеттілігі туралы мәлімдеді. Оппозицияның айтуынша, жаңа конституция президентке төтенше жағдай жариялау құқығын беретіндіктен, елдегі қазіргі төтенше жағдай созылып, саяси оппозицияға қарсы пайдаланылуы ықтимал.

Мамандар пікірі

Жергілікті сарапшылар ел тағдыры мен болашағына алаңдап, мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Мысалы саясаттанушы Күршад Зорлу парламенттік және президенттік басқару жүйелерін салыстырып, конституцияға енгізілетін өзгеріс арқылы Түркияның кәдімгі президенттік жүйеге өту мүмкіндігін жазды. Оның айтуынша, президент партия мүшесі болғандықтан, оның бейтарап болуы қиын.

Коч университетінің професcоры, заңгер Бертил Емрах Одердің ойынша, бұл өзгеріс президенттің парламентті бақылауына мүмкіндік беріп, мемлекеттік басқару жүйесіндегі саяси тепе-теңдікті шектеуі мүмкін. Заң профессоры Левент Коркут конституциялық өзгеріс саяси жүйені әлсіретуі ықтимал екенін мәлімдеді. Оның ойынша, ұсынылған түзету президенттің атқарушы және заң шығарушы билікті қадағалауына мүмкіндік береді. Заңгерлер Түркияда өлім жазасы қайтадан құқықтық практикаға енгізілуі мүмкін екенін айтып, дабыл қағып отыр.

Ресми көзқарас

Дегенмен жоғарыдағы пікірлермен президенттің заң істері жөніндегі кеңесшісі Мехмет Одум келіспейтінін мәлімдеп, заңгерлердің алаңдаушылығы негізсіз екенін айтты. Мехмет Одум жаңа жүйеде тепе-теңдік мәселесі туындамайтынын, атқарушы және заң шығарушы биліктің бір-біріне жақындай түсетінін алға тартты.

Дау тудырған тағы бір мәселе, парламенттің атқарушы билікке шағым түсіру құқығының алып тасталуы төңірегінде өрбіді. Бұдан бұрын парламент үкіметті қадағалап, тиісті сауалын үкіметке білдіре алатын. Мехмет Одум парламенттің мұндай құқығының қажет еместігін айтып, халық тікелей сайланған президентке сенуі керектігін мәлімдеді. Бұған қоса, президенттің жоғары сот өкілдерін бақылау өкілеттігі де пікірталас тудырған. Президент кеңесшісінің айтуынша, керісінше осы өзгеріс арқылы сот өкілдерінің өкілеттіктері күшейтілетін көрінеді.

Қарсы көзқарасқа жауап ретінде ресми БАҚ өкілдері елде қалыптасқан күрделі ішкі саяси және халықаралық жағдайдың Түркияны осындай қадамдарға баруға итермелеп отырғанын алға тартуда.

Қорытынды

Қалай дегенмен, Түркия ел тағдырындағы маңызды саяси-конституциялық өзгеріс кезеңіне аяқ басты. Елде болатын референдум мен саяси-құқықтық реформа Түркияның мемлекеттік моделінің өзгеруіне, күшті президенттік басқару жүйесінің қалыптасуына алып келуі мүмкін. Түркиядағы онсыз да күрделі саяси ахуал мен алдағы өзгеріс жақын жатқан аймақтарға және Анкараның өзге елдермен тығыз қарым-қатынасына жанама әсерін тигізуі ықтимал. Сондықтан Түркияда болып жатқан саяси үрдістер алыс-жақын жатқан бауырлас түркітілдес елдер үшін де маңызды. Өйткені бұл оқиғалардың бағыты мен салдары Түркияның алдағы саяси дамуына тікелей ықпал етеді.

Жанат Байжомартұлы, шығыстанушы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу