Түрмеден шыққандар енді қарттар үйіне барады

Диана Дамешь Диана Дамешь
2671

Бұрын сотталғандарды әлеуметтік оңалтудың жаңа кешендік стратегиясында осындай құқық қарастырылуда.

Түрмеден шыққандар енді қарттар үйіне барады

Бірінші және екінші топ мүгедектері, сондай-ақ 63 жастан асқан ерлер мен 58 жастан асқан әйелдер жазбаша өтініштері және әлеуметтік қорғау мекемелерінің өтініші бойынша мүгедектер мен қарттар үйіне жіберілуі мүмкін.

"Әлеуметтік көмекті қажет ететін басқа да адамдар өздерінің және мекеменің өтініші бойынша әлеуметтік бейіндеу орталығына жіберіледі", – деді ҚР ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Төремұратов орталық коммуникация орталығында өткен брифингте.

"Сотталған адам жазасын өтеп болғаннан кейін, қайта теріс жолға түспес үшін мемлекет оны жұмысқа тұрғызып, тұрмысына қомқорлық жасау керек. Бас бостандығынан айрылған адамдардың жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік бейімделуі, сондай-ақ олардың азамматтық қоғамға сіңіп кетуі – бүгінгі күні қоғамдағы өткір мәселелердің бірі болып отыр", – деді Бекболат Төремұратов.

Оның келтірген мәліметіне сүйенер болсақ, 2017 жылдың басынан қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің әкімшілігіне жазасын өтеген 200-ден астам адам әртүрлі көмек көрсету туралы өтініш жасаған. Осы уақыт ішінде пробация бағдарламасы бойынша 6705 әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсетілген. Жұмысқа орналасу үшін 633, білім алу үшін 5 адам өтініш жасады. 2637 адамға психологиялық көмек көрсетіліп, 45 адамның құжаты дұрысталған.

"Осы жылдың төрт айы ішінде пробация қызметінде есепте тұрған 6559 адамға қатысты жеке бағдарлама құрылған", – деді  Бекболат Төремұратов.

"Қақпа алдында кездесу" әлеуметтік жобасы барысында сотталғандарды түрмеден шыққаннан кейін жұмыспен және тұрмыстық қамту бойынша  96 адам әлеуметтік бейімдеу орталықтарына жіберілген.  Олардың баспана және әлеуметтік мәселелері толық шешілгенге дейін орталықта болады. 

ҚР ҚАЖК басшысының орынбасары елде пробация қызметі дамығаннан кейін оның есебінде тұрғандар сотталғандардың санынан асып кеткенін айтты.

"Егер статистикаға сүйенетін болсақ, бүгінгі күні колониядағылар саны 29 мыңды құрайды. Ал пробация қызметінде 30300 адам есепте тұр. Демек, колониядағы сотталғандардың саны күрт қысқарып отыр", – деді Бекболат Төремұратов.

Сотталғандар санының күрт қысқаруына байланысты соңғы екі жылда елімізде сегіз колония жабылған. Алдағы жылы Солтүстік Қазақстандағы қатаң тәртіптегі бір колонияны жабу жоспарланған.

Гүлназ Ермағанбетова, Диана Дамешь 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу