Үкімет айыппұлды азайтады

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
5980

ЖҚЕ бұзғаны үшін салынатын айыппұл мен кәсіпкерлік саласына қатысты жаза жеңілдетілді.

Үкімет айыппұлды азайтады

Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің бірқатар нормасын жеңілдету туралы ұсыныс үкіметтен қолдау тапты. Сейсенбі күні өткен үкімет отырысында әділет министрі Марат Бекетаев ӘҚБК-ге енгізу үшін түзетулер жиынтығын ұсынып, оны үкімет мүшелері толығымен мақұлдады.

"Заң жобасы үш бағытқа бөлінген. Алғашқысы – ізгілендіру, екіншісі – әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайтын жекелеген институттарды жетілдіру, үшіншісі – рәсімдік және іс жүргізу нормаларын жүйелендіру", – деді министр  құжаттың тұжырымдамасын түсіндіру барысында.

Таратып айтсақ, лауазымды және заңды тұлғаларға қатысты қысқартылған өндіріс институтын (қазір тек жеке тұлғаларға қатысты әрекет етеді) қолдану ұсынылды. Марат Бекетаевтың айтуынша, бұл институт қосымша 673 құрамға қолданылады.

"Одан бөлек, 345 құрам бойынша жазалау шараларын жеңілдетіп, 157 құрам бойынша айыппұл сомасын қысқарту, 38 құрам бойынша ескерту қолдану және 150 құрам бойынша жазалау шараларының жеңілірек түріне ауыстыру ұсынылды. Сонымен қатар айыпты ауырлататын жағдайлар болмаса сотқа немесе лауазымды тұлғаға ескерту түріндегі жаза қолдануға міндеттеуді көздейтін норма енгізіледі", – деп түсіндірді ол.

Нақтырақ айтсақ, жол қозғалысының ережелерін бұзғаны үшін айыппұлды екі есеге дейін қысқару ұсынылып отыр. Осылайша, күндізгі уақытта сыртқы жарық түсіру аспаптарын қолдану ережелерін бұзғаны үшін (ӘҚБК 602-б.) ескерту жасау немесе 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салу (қазір 5 АЕК), ал түнгі уақытта немесе көру мүмкіндігі нашар жағдайда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салу ұсынылды.

Жылдамдықты арттырғаны үшін салынатын айппұлдың мөлшерін қазіргі 10 АЕК-ден 5 АЕК-ге қысқарту ұсынылды. Алайда бұл 10 шақырымнан 20 шақырымға дейінгі шаманы арттырғаны үшін деп нақтыланды.

Сондай-ақ көлік құралының қарсы бағыттағы жүрісіне кедергі келтіріп, кептелістің пайда болуына әкеп соқтыру арқылы жол қиылысына шығуы немесе жолдың жүру бөлігін кесіп өтуіне салынатын жазаны 3 АЕК-ге дейін төмендету ұсынылады. Сондай-ақ  ескерту түріндегі баламалы жазалау түрі де қарастырылған.

Көлік құралымен жүргінші жолына,  гүлзарларға,  балаларға арналған және спорттық алаңдардың маңында тоқтап тұру ережелерін бұзғаны үшін айыппұл мөлшерін қазіргі 15 АЕК-ден 10 АЕК-ге дейін төмендету ұсынылып отыр.

Айыппұл мөлшерін қысқарту бизнеске де қатысты болады. Дәлірек айтсақ, лицензиялық алымды төлемегені үшін салынатын айыппұл мөлшерін шағын бизнес үшін 150 АЕК-ден 50 АЕК-ге дейін төмендету ұсынылса, орта бизнес үшін – 200-ден 100 АЕК-ге дейін, ірі бизнеске 700-ден 300 АЕК-ге дейін төмендетуге ұсыныс жасалды.

Қолданыстағы заңнамада тауарларды (жұмыстар мен қызметтерді) есепке алу және сату операцияларын есептік құжаттарда белгілемегені үшін ескерілмеген тауар құнының 3-10% мөлшерінде айыппұл салу көзделген еді. Жаңа заң жобасында мұндай заң бұзушылық бірінші рет орын алған жағдайда ескерту жасалып, қайталанған жағдайда ғана айыппұл салу ұсынылды.

Тауардың қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетінін растайтын ресми құжатты  құқыққа қайшы пайдаланғаны үшін айыппұл мөлшерін лауазымды тұлғалар және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін қолданыстағы 55 АЕК-ден 40 АЕК-ге дейін, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 150-ден 120 АЕК-ге дейін төмендету ұсынылып отыр. Ел аумағында сатуға тыйым салынған немесе шектелген тауарды заңсыз сатқаны үшін айыппұл мөлшерін 25-тен 12 АЕК-ге дейін төмендетуге ұсыныс жасалды.

Сондай-ақ бюджетке төленетін салықтық емес алымдарды толығымен төлемегені немесе уақытынан кешіктіріп төлегені үшін салынатын айыппұл мөлшерін де қысқарту ұсынылды. Айыппұл мөлшерін жеке тұлғалар үшін орындалмаған міндеттеме сомасының 10%-ы көлемінде белгілеу ұсынылады, алайда ол 5 АЕК-ден кем емес болуға тиіс. Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін – міндеттеме сомасының 30%, бірақ 15 АЕК-ден кем емес (қолданыстағы норма – 120 АЕК); орта бизнес үшін – соманың 50%, бірақ 30 АЕК-ден кем емес (қолданыстағы норма – 200 АЕК) және ірі кәсіпкерлік үшін – орындалмаған міндеттеме сомасының 100%, бірақ 50 АЕК-ден кем емес (қолданыстағы норма – 650 АЕК) болуға тиіс.

Әйгерім Сүлейменова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу