Үкімет білім грантының үлесін жеке сектордың есебінен көбейткісі келеді

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3033

Бүгінгі таңда ел студенттерінің 25%-ы ғана қазына қаржысына білім алып жүр.

Үкімет білім грантының үлесін жеке сектордың есебінен көбейткісі келеді

Келесі айда еліміздің барлық талапкерлері көз тігіп отырған мемлекеттік грант тізімі жарияланады. Нәтижесінде біреу мемлекет есебінен тегін оқитын, ал ендібіреу ата-анасының қаражатына білім алатын болады.

Бүгінгі таңда ел үкіметі грант үлесін жеке сектордың есебінен ұлғайту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Себебі осы арқылы ғылымға құштар жандардың қатары көбейеді. Мұндай  тәсіл студенттерін 100%  тегін жоғары оқумен қамтамасыз етіп отырған Финляндия, Жапонияда мемлекеттерінде кең тараған.

"Жапонияда электроника мен көлік индустриясы саласы, Финляндияда ақпараттық  технология, Сеулде медицина, био-нано технология, ал Қытайда жеңіл өнеркәсіп пен ғарыш саласы мамандарын дайындау жеке сектордың есебінен жүзеге асырылады.  Бұл іске мецанатттар да бір кісідей үлес қосады. Нәтижесінде қоғамда жұмыссыз адам болмайды. Өйткені кез келген ұйым өзі оқытқан адамын алдағы уақытта компаниясының мүддесі үшін жұмыс істеткізеді", – дейді жапониялық экономист Ока Нацуко.

Отандық саясаттанушы Дос Көшім жеке секторды маман даярлауға жұмылдыру біздің елде де кең қанат жайып келе жатқанын айтты.

"Қызылорда, Атырау, Ақтау қалаларындағы шетелдік компаниялар өздеріне  қажет мамандарды өз қаржыларына оқытуды біраздан бері қолданып жүр. Нәтижесі жаман емес", – деді ол.

Осындай бастаманы кезінде білім және ғылым министрі болған Аслан Сәрінжіпов көтерген болатын. Ол отандық студенттердің тек 25%-ы ғана қазына қаржысы есебінен білім алатынын, бұл жоғары оқу орнында оқығысы келетіндердің көрсеткішіне кері әсер ететінін тілге тиек етіп, мәселені оңтайлы орайластыру үшін  мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігіне басымдық беру қажет дегенді алға тартқан.

"Бізге меценаттықты, жұмыс берушілердің түлектерге қаражат салу тетігін дамыту қажет. Бұл аса маңызды мәселе. Осы істі қолдаған жандарға салықтық жеңілдік жасау қажет. Бізге giving back мәдениетін дамыту керек, сонда түлектер болашақта өздері білім алған жоғары оқу орнына қолдау көрсететін болады", –  деген еді осыдан біраз бұрын экс-министр.

Бұл пікір қазір де өзекті. Десек те маман даярлауда giving back мәдениетін іліп алып кетуге барлық саланың шамасы жете ме?  Мысалы ұстаз даярлау жұмысын тек мемлекетке артып қоюға болмайды. Оқу-ағарту саласы қызметкерлерін дайындау тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде ең қорғалмаған сала. Бұл туралы экономист Мырзакелді Кемел: "Күні бүгінге дейін біз медицина, ғарыш, био-нано, инженерия салаларының қызметкерлерін де қоғамда тиісіншет қорғалмаған мамандықтардың  қатарына қосып келдік. Қазір жағдай өзгерді. Медицина секторы да, заң саласы да өз маманын өзі дайындайтын дәрежеге жетті. Себебі елімізде тіркелген ұлттық, трансұлттық компаниялардың барлығында құқық саламен айналысатын департаменттер бар. Біз солардың есебінен жыл сайын 200-300 маманды тегін оқыту мүмкіндігіне қол жеткізе аламыз. Жеке сектордың жауапкершілігіне беретін өзге саланы әзірге көріп тұрған жоқпын. Мемлекет индустриялық аймақтар аяғынан тік тұрып кеткенше маман дайындауды өз жауапкершілігіне алу қажет", –  дейді.

Бізде жеке сектордың қанатына ілесіп кетуге дайын тұрған салалар жоқ емес, бар. Соның бірі де, бірегейі – мұнай-газ секторы.

"Бұл сала Қазақстан экономикасының дамуында екі міндетті шешуді қамтамасыз етуге тиіс. Бір қарағанда бұл екі мақсат бір-біріне қайшы болып көрінуі де мүмкін. Мұнай-газ өнеркәсібі алдағы 10 жылда немесе 20 жылда ұлттық экономиканың негізгі өзегі, экономикалық дамудың локомотиві болып қала береді. Сондықтан мемлекет мұнай өндірудің көлемін арттыруға, мұнай-газ өнеркәсібін еліміздің экономикасында жетекші позицияны иеленетін жоғары технологиялы секторға айналдыруға күш-жігерін бағыттайтын болады.  Осыны ескеріп, мамандар мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестікті дамытуды дәл осы саладан бастау қажет деп ойлаймын , – деді бізге ҚБТУ-дың тұңғыш  ректоры Әділ Ахметов.

Ол бұл салада  сыннан өткен тәжірибе де бар екенін айтты.  

"ҚБТУ "ҚазМұнайГаз" компаниясының еншілес бөлігі. Оны ұстап тұруға қомақты қаржы қажет. Біз серіктес компаниямен тығыз қарым-қатынаста болдық. Оларға жақсы маман дайындауға жайлы жағдай жасалуы қажеттігін, зертханалық база болуы тиістігін, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндігі болуы керек екендігін түсіндіре білдік. Бұл қадамымыз бекер болған жоқ. ҚБТУ алдыңғы қатарлы жоғары оқу орнына, ал оның түлектері бәсекеге қабілетті маманға айналды",  – деп түйді ойын Әділ Ахметов.

Гүлбаршын Сабаева, Алматы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу