banner

Үкімет елорда туризмін қолға алды

Алина Альбекова Алина Альбекова
7502

Астанада туризмді дамыту жоспарлануда. 2020 жылға қарай елордада не өзгермек? Қандай салалар туристік бағытқа бет бұрады және оның елордалықтарға берер қандай пайдасы бар?

Үкімет елорда туризмін қолға алды

Үкімет Астанада туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасының жобасын бекітті. Бір жылдан аса уақыт талқыланған құжат 8 қарашадан бастап күшіне енді. Оның орындалуын бақылау мәдениет және спорт министрлігіне жүктелді. Салалық ведомство 2018 жылдың қаңтарынан бастап әрбір жарты жыл сайын үкімет алдында есеп беруге міндеттелді.

Жол картасы қосымша қаржыландыруды талап етпейді. Тиісті шаралардың барлығы әкімдік пен салалық министрліктің бюджетінен жүзеге асырылады.

Денсаулық сақтау саласы табыс әкеле бастайды
Жол картасына сәйкес, ең алдымен осы жылдың соңына дейін Астанадағы денсаулық сақтау саласының артықшылықтары мен кемшіліктері анықталады, сондай-ақ отандық және шетелдік пациенттерге ұсынылатын медициналық қызметтер сараланады.  Ал одан кейін Астанадағы медициналық мекемелерде көрсетілетін қызмет түрлерін мейлінше сапалы етудің тетіктері қарастырылады.  

Еске сала кетейік, Астана заманауи медициналық орталықтарға ғана бай емес, мұнда кардио, онко және нейрохирургиялық көмек көрсету ісі қарқынды дамып келеді.

Қазақстан 2016 жылы медициналық туризм бойынша ТМД елдері арасында Ресей мен Украинаны алға жіберіп, үздік үштіктен көрінді. Алайда ғаламдық  медициналық туризм индустриясының 2016 жылғы әлемдік рейтингінде Ресей 34 орынға ие болғанда, Қазақстан аталған рейтингке енбей қалды. Әдеттегідей әлемдегі медициналық туризмнің көшін Израиль, Оңтүстік Корея және Германия бастап тұр.

Аталған рейтингті құрушылар, атап айтқанда денсаулық сақтаудың халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы (International Healthcare Research Center, IHRC), Medical Tourism Index (MTI) халықаралық қоғамдық ұйымы және халықаралық медициналық туризм (МТА) қауымдастығының өкілдері 2025 жылға қарай медициналық туризмнің айналымы үш триллион доллар болады деген болжам айтуда. Олардың пікірінше, алдағы 10 жылда әлем халқының 3-4%-дан астамы медициналық қызмет алу үшін саяхатқа шықпақ. Демек Қазақстанның да бұл бағытта бақ сынап көрер мүмкіндігі бар.

Осыны ескере келе, 2018 жылы шетелдік пациенттерге қызмет көрсететін Астанадағы негізгі ойыншыларды анықтау міндеті тұр. Сонымен қатар 2018 жылы еліміздің бас қаласы медициналық туризм бойынша WMTA аясында ұйымдастырылатын халықаралық конференцияны қабылдауға ниетті. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы бойынша ғаламдық қауымдастық, бүкіләлемдік гидротерапия және климатотерапия федерациясы, Еуразиялық курорттық қауымдастық, РФ ұлттық курорттық қауымдастығы секілді әлемдік ұйымдармен медициналық туризм бағытында берік байланыс орнатпақ.

Білім саласы туризммен бірігеді
Алдағы жарты жылда көптеген мемлекеттік органның жұмысына серпін беріледі. Келер жылдың сәуір айына дейін білім және ғылым, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, ішкі және сыртқы істер министрліктері мен Астана қаласының әкімдігі елордадағы жоғары оқу орындарына шетелдік студенттерді тартудың жолдарын қарастыруға тиіс. Бұл ретте жыл сайын қанатын кеңге жайып келе жатқан қос дипломды білім беру жүйесі, сондай-ақ жоғары оқу орындарының жанынан технопарктер, зертханалар мен бизнес-инкубаторлар құру құпталады.

Бұдан бөлек, 2020 жылға қарай жол картасы аясында елордадағы жоғары оқу орындарының бәрін коммерциялық емес ұйымдарға айналдыру жоспарлануда. Мұның мәні қандай? Коммерциялық және комерциялық емес оқу орындары нарықтық ортада сатушының рөлінде болып, бір принцип бойынша жұмыс істей ме? Қаржы табуға дағдыланып, оны қайда жұмсау керектігін немесе нені инвестициялау қажеттігін өздері шеше ме?

Қалай десек те  олар өз түсімдерімен ағымдық шығындарды жабуға, алдағы күндерді жоспарлауға, кем дегенде қазір бағындырған деңгейді шығынсыз сақтауға міндеттеледі. Бұл ретте егер коммерциялық кәсіпорындар өз қызметін жемісті жалғастырып, үшінші тараптағы компаниялардың капиталының үлесіне қатысса, онда барлық табысты өзінің қатысушыларымен бөлісуі немесе одан әрі дамуға жұмсауы керек. Ал коммерциялық емес ұйымдар қаржыны қорлардан, мемлекеттен, инвесторлардан, бизнестен, сондай-ақ өз мүшелерінің жарнасынан алады. Яғни мұндай кәсіпорындарда "табыс" деген ұғым жоқ. Ал "мақсатты қаржылар" нақты істерге жұмсалады және қатысушылар арасында бөліске түспейді. Тағы бір атап өтерлігі, коммерциялық кәсіпорын жеке бағыттағы қызметтер ұсына алады. Ал коммерциялық емес кәсіпорындардың жұмысы әлеуметтік қажеттіліктерге және қоғамға пайда әкелуге бағытталған.

Қазақстанда білім беру туризмін дамытудың мүмкіндігі бар ма? Әлбетте, бар! Бұл ретте соңғы уақытта баға тартымдылығы аталған бағытты таңдаудағы ең басты факторлардың біріне айналғанын ескеру қажет. BSI Group туроператорының шетелде білім алу департаменті мамандарының мәліметінше, 2014 жылмен салыстырғанда 2016 жылы ағылшын тілін үйрену мақсатымен Ұлыбританияға келгісі келетін туристер саны 20%-ға азайған. Есесіне  бағдарламалардың арзандығына байланысты Чехия мен Испаниядағы білім беру турларына деген сұраныс артқан. Мәселен Чехияда екі апталық тіл үйрену курсының бағасы 450 мың теңгеден немесе 80 мың рубльден басталады. Бұл сомаға оқудан бөлек, жатар орын, тамақтану және сабақтан тыс іс-шаралар енеді. Ең қымбат туристік білім бағдарламалары Швейцария, АҚШ және Канада мемлекеттеріне тиесілі. Аталған елдердегі екі апталық сабақтың бағасы шамамен миллион теңгеден немесе 180 000 рубльден басталады. Мұндай турлардың құнына әуе жолының қашықтығы әсер етеді.

Спорт нысандары шетелдіктерге беріледі
Жол картасында осы жылдың соңына дейін көпфункционалды "Астана Арена" мұз сарайы мен "Қазақстан" спорт сарайы "Astana әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" ұлттық компаниясына сенімді басқаруға берілетіндігі айтылған.

Жол картасын әзірлеушілер тек басқарушы компаниялар ғана туристерді жаппай тарту арқылы спорт нысандарын тиімді пайдаланып, өзін-өзі ақтау деңгейін арттырады деген сенімде.

Мәдени нысандар қолжетімді болады
2018 жылдан бастап елордадағы мәдениет нысандарына табыс табу және жыл сайынғы табысын екі пайызға арттыру міндеті жүктелді. Еске сала кетейік, бүгінде Астанада жеті музей, алты театр бар.

2016 жылы музейлерге 626,4 мың адам келген. Ал 2014 жылғы көрсеткіш бұдан жоғары – 915 мың адам. 2014 жылы музейлер 29 млн теңге тапқан. 2016 жылы елордалық театрларға келушілер саны 305,5 мың адамды құраған. Оның 81 мыңы балалар болған.  

Жол картасы қазіргі жағдайды өзгертуі мүмкін. 2018 жылдың ортасына қарай Астанада әуе билеттерінің, жатар орындардың, кафелер мен ресторандардағы ас мәзірлерінің, кинотеатрлардың бағасын төмендетуге бағытталған акциялар тұрақты түрде өткізілетін болады.

Қолайлы қала
Жол картасына сәйкес, 2019 жылға дейін Астанада жаяу жүргіншілер аумағы артып, туристік және экскурсиялық автобустарға арналған тұрақтар пайда болады. Сондай-ақ саябақтар мен жағалаулар Еуропадағы секілді қала тұрғындары мен туристер демалатын қолайлы жерге айналады.

Бұдан бөлек 2019 жылға дейін Астанада Astana Cosmoland алғашқы тақырыптық паркінің құрылысына инвестиция тарту жоспарлануда. Парк ұлттық ғарыш орталығы аумағында орналасады.  

Еске сала кетейік, жаңа құжат ішкі туризмді кез келген бағытта (оқиғалық, демалыс, этномәдени, танымдық демалыс немесе медициналық туризм) дамытуға ниетті турфирмаларды қолдауды да қамтып отыр.

Еркебұлан Қыздарбек, Алина Әлібекова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу