Үлескердің есебінен "жаттығуға" жол бермеу керек

Дина Ермаганбетова Дина Ермаганбетова
12020

Бұл ең алдымен тұрғын үй құрылысында тәжірибесі жоқ шағын және орта бизнес субектілеріне қатысты.

Үлескердің есебінен "жаттығуға" жол бермеу керек

"Артюшенко и партнеры" заңгерлік фирмасының (компания жылжымайтын мүлік саласына маманданған) басқарушы серіктесі Андрей Артюшенко abctv.kz-пен осы ойымен бөлісті. "Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы" жаңа заң аясында құрылыс салушыларға қойылатын талаптың күшеюіне байланысты үлескерлік құрылыс саласына тәжірибесіз компанияны жолатпауға мүмкіндік туды дейді Андрей Артюшенко. Оның айтуынша, соңғылары бизнесте өз қаражатын не қарызға алған ақшасын жұмсап тәуекелге бел бууы тиіс.

"Меніңше, үлескерлік құрылыспен тәжірибелі компания айналысуы тиіс. Тәжірибе туралы сөз болғанда міндетті түрде ірі бизнес болуы шарт емес. Үлескерлік құрылысқа қойылатын талаптың ішінде мыналар бар: құрылыс саласында 3 жылдан кем емес жұмыс тәжірибесінің болуы, салған тұрғын үй көлемі 18 000 шаршы метрден кем болмауы. Осы 18 000 шаршы метр деген талапты барлығы бірден түсіне бермейді. Бұл – үлгілік жоба бойынша салынған әдеттегі 200 пәтерге арналған 9 қабатты тұрғын үй. Үлескердің қаражатын тарту – бұл өте тиімді қаржыландыру, себебі банк тарапынан берілетін несие құрылысшыларға өте қымбатқа түседі. Ол несие теңгемен жылына 16-18%-дан жоғары мөлшерлемемен беріледі.

Үлескерлік тұрғын үй салып жатқан құрылысшылар мойнына алған жауапкершілікті ескерсек, жаңа заңда белгіленген талаптардың жөні бар деп есептеймін. Тәжірибесі аз компаниялар үлескерлік құрылыспен айналыспауы керек. Ал интернет төрінде жаңа заң шағын бизнес нарығына жол бермей отыр деген қауесет туғанда, бұл түсінбестік тудырады. Шағын және/немесе орта бизнес деп кім айтты? Ал тәжірибесіз бизнес жайлы шарттармен үлескердің қаражатын пайдаланып "жаттығуға", "тәжірибе жинақтауға" мүмкіндік алуы керек пе? Мен арзан қаржыландыру мен үлескерлік құрылысқа жол ашу туралы айтып отырмын. Бұл, бірінші кезекте, үлескердің мүддесін қорғау тұрғысынан келгенде әділетсіз болар еді", – дейді Андрей Артюшенко.

Жаңа заңның шығуына байланысты енді құрылыс салушыларға жалпылдап, алдап-арбау қиынырақ болады дейді заңгер. Оның ойынша, заңсыз берілген келісімдер мен рұқсаттар, жобалық құжаттардағы қателіктер бойынша әлі де қауіп бар: "Енді барлық мәселе үлескердің қаражатын тартуға құқық беретін келісімдер мен рұқсаттарға тіреліп тұр. Жаңа тетіктер бойынша тәжірибесі аз. Басталған жобалардың саны саусақпен санарлық, оның нәтижесі тек 2017 жылдың соңында не 2018 жылы ғана белгілі болады".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу