Үлескерлерге ипотекадан үміт бар

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5416

Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде үлескерлерге ипотека беруді ұсынып отыр.

Үлескерлерге ипотекадан үміт бар

Осылайша үлестік нарық қатысушыларына мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болу мүмкіндігі тумақ. "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айгүл Жұматаеваның айтуынша, қор "Нұрлы жер" бағдарламасына өзгерістер енгізуге қатысты осындай ұсыныс жасаған.

"Біз үлестік нарық қатысушыларына да несие беруді ұсындық. Ол үшін Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мен банктердің қолдауы керек еді. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы, "Қазақстан ипотекалық компаниясы" бұл ұсынысты қолдап отыр. Жалпы елімізде үлестік тұрғын үй құрылысы жүйесі бойынша жұмыс істейтін банктер баршылық. Мәселен "Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" және "Сбербанк" аталған бағытта жұмыс істеуде. Бұл қатарға өзге де банктер қосыла алады", – деді Айгүл Жұматаева осы аптада өткен Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры консультативтік кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Айгүл Жұматаеваның сөзінше, "Нұрлы жер" бағдарламасына тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды кіріктіру туралы өзгерістер осы жылдың соңына дейін немесе келер жылы енгізілуі мүмкін. Басқарма төрағасының орынбасары нақты уақытын айтпады.

"Егер біздің ұсынысымыз енгізілсе, онда "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан нысандардағы үлесті түпкілікті 10%-дық мөлшерлемемен субсидияланған ипотеканың көмегімен сатып алуға мүмкіндік тумақ. Яғни тұрғындар субсидияланған тұрғын үй заемын рәсімдейтін болады", – деді Айгүл Жұматаева.

"Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, нысанға құрылыстың кез келген кезеңінде кепілдік беріледі. Яғни құрылысы енді ғана басталған немесе құрылысы аяқталуға таяу барлық нысанның кепілдік алуға құқығы бар. Тек ол үшін құрылыс компаниясы кепілдік беру қорына өтініш берсе болғаны.

"Біз құрылыс компаниясына кепілдік береміз. Тиісті келісімшарттарды бекітеміз. Компания кепілдік жарнасын төлеген соң, келісім күшіне енеді. Міне, осы сәттен бастап компания нысанның үлесін сата алады. Тек, пәтердің шаршы метрінің құны "Нұрлы жер" бағдарламасының талаптарына сәйкес келуі шарт. Ал "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша өңірлердегі баға шегі 1 шаршы метрге 140 мың теңге болса, Астана мен Алматы қалаларында 1 шаршы метрдің құны 180 мың теңге. Бұл ретте нарықта үлестік алаңдардың бағасы дайын пәтерлерден арзан болатынын атап өткен жөн", – деді Айгүл Жұматаева.

Десе де, банктер бұл қадамды құптауға асығар емес. Себебі банктер кепілдіктің жоқтығынан қауіптенеді. Алайда Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры үлестік тұрғын үйді мерзімінде беруге кепіл болуға дайын.

Айгүл Жұматеваның айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасы шеңберінде үлескерлерге ипотека беру бастамасы әлі де болса ұсыныс ретінде қарастырылуда. Жаңа жүйенің тетігі Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының және "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының алаңында банктермен бірлесе отырып әзірленген. Ұсыныс ел үкіметіне әлі таныстырылған жоқ.

"Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ басқарма төрағасы Дәурен Онаевтың айтуынша, үлескерлерге ипотека беру жүйесін тағы да бірқатар банк қарастыруда. Олардың қатарында "Нұрлы жер" бағдарламасының қатысушылары да бар. Сондай-ақ баспаналы болудың бұл қадамы тұрғындарды да қызықтырып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры осыдан бір жыл бұрын іске кіріскен болатын. Қор бір жыл ішінде Астана ("Миллениум парк" тұрғын үй кешені) және Алматы ("Легенда" тұрғын үй кешені) қалаларында салынып жатқан екі тұрғын үйге кепілдік берген.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу